Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Тамыз, 2022

158

Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу – ел бірлігін нығайтуға ықпал ететін маңызды фактор

«Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді.

Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып,

азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады».

Қ.Тоқаев

Қазақстанның өткен тарихына еліміз тәуелсіздік алғаннан соң баса назар аударыла бастады. Ресей империясы XVIII ғасырда бастаған қазақ жерін отарлау саясаты халқымыздың өмірі мен тұрмыс салтына, құрамына, ділі мен дініне түбегейлі өзгерістер енгізді. Қазақтың кең байтақ жеріне өзге ұлттардың жаппай қоныстануының басты себебінің бірі – халықты мәжбүрлі түрде көшіру еді. Қазақстанға күштеп жер аударуды, саяси қуғын-сүргінді және т.б. оқиғаларды есептемегенде, «Тың және тыңайған жерлерді игеру» науқанымен де көптеген халық Қазақстанның солтүстігіндегі жері құнарлы облыстарға көшіріліп, жергілікті халық байырғы атамекенінен біртіндеп ығыстырыла бастады.

Алапат ашаршылықты бастан өткеріп, жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған және Ұлы Отан соғысының тауқыметін тартқан қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып, 30-35 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар, жергілікті халықтың құқығын шектеу де үздіксіз жалғастырылып, ұлттық құндылықтарды сақтауға айтарлықтай тежеу салынды. Бұның бір көрінісі – Қазақстанның жоғары және орта оқу орындарында сабақ тек орыс тілінде ғана оқытылғаны аздай-ақ, қазақ мектептері де аз болғандықтан, қазақ жастары өзінің ана тілінен – қазақ тілінен мақұрым қалып, орыс тілінде сөйлеуге, орыс дәстүрімен жүруге бейімделді. Осылайша, бұл саясат орыс тілді қазақтарды, яғни, өзінің ана тілін білмейтіндерді «шала қазақ» деп, ал ана тілінде сөйлейтіндерді «таза қазақ» деп атауға, бір қазақты екі топқа бөлуге әкелді. Бұл ахуал осы екі топтың арасында бірін-бірі аса жақтыра бермейтіндей жағдай қалыптастырды. Орыс тілді қазақтардың арасынан өзінің шыққан тегін, ұлтын менсінбейтін, өзінің ұлтын «қазақпын» деп айтуды өзіне ұят санайтын қандастарымызды тәрбиелеп шығарды.

Сонымен қатар, Кеңес үкіметі өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдар аралығындағы он жылда «сауатсыздықты жою» ұранымен қазақ халқының он ғасырға жуық пайдаланған араб әліпбиін латынға көшіру, одан кейін алты-жеті жылдан соң кирилл әрпіне ауыстыру арқылы халқымызды сан ғасырдан бері жинаған асыл мұрасы – әдебиеті мен мәдениетінен, салт-дәстүрінен ажыратып, кейінгі ұрпаққа ұлтымызды жабайы, сауатсыз халық дәрежесінде көрсетуге қол жеткізді.

Міне, мұндай сұрқия саясат кез келген адамды өзінің ұлтына, тіліне, дініне, салт-дәстүріне құрмет көрсету сезімінен ажыратып, өз ұлтын қараңғы, надан, болашағы жоқ деген түсінікке иландырып, ал салт-дәстүрін, тілін, дінін ескіліктің қалдығы дегенге сендіріп, мәңгүртке айналдырады. Мәңгүрт адамда көзімен көргені мен қолымен ұстағанынан басқаны сезіп-білетіндей көкірек көзі болмайды. Осылайша, өткен күнінен хабарсыз, тек бүгінгі көргеніне мәз болатын тұтас буын тәрбиеленді. Ол ұлттық құндылықтардың ешқандай қадір-қасиетін сезінбейді, тек тамағы тоқ, көйлегі көк болса болғаны, оның жүрегінде еліне, жеріне деген патриоттық сезімі болмайды.

Қысқаша айтқанда, кеңестік тоталитарлық жүйе үстемдік еткен кезеңде ана тілімізден, ұлттық құндылықтарымыздан мүлдем айырылып қалуға шақ қалдық.

КСРО ыдырап, әр республика егемендігіне қол жеткізген кезеңде тәуелсіздік алған посткеңестік елдердің көпшілігінде ұлттар арасындағы қақтығыстар орын алды.

Қазақстан Республикасы да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ толғағы жеткен мәселелермен бетпе-бет қалды. Елде белең алған экономикалық дағдарыс, тұрақсыздық пен тоқырау кезеңінде көпэтносты қоғамды басқарудың жолдары іздестірілді. Халықтың ұлттық ерекшеліктерін, шетелдік тәжірибені терең зерделей отырып, қазақстандық қоғамды дамытудың жаңа бағыттары қарастырылды.

Осынау күрделі кезеңде көпұлтты халықтың басын біріктіріп, қоғамның барлық мүшесін этностық ерекшеліктеріне қарамастан ортақ мақсатқа жұмылдыратын, елдің дамуына бағыттайтын беделді ұйым құру қажеттілігі туындады.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен Қазақстан халықтары Ассамблеясы (2007 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталады) құрылды. Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизмді дамыту, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени тұтастығы негізінде Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, елімізде тұратын барлық этностар өкілдерінің ықыласын елдің орнықты дамуына, өркендеуіне бағыттауды үйлестіру.

Тағдыр тәлкегімен қазақ жерінде тоғысқан түрлі этностар өкілдері Ассамблея аясында мемлекет құрушы қазақ халқының маңына шоғырланып, келешекке ортақ мақсаттар белгіледі. Ел аумағында тұратын 100-ден аса ұлттың әрқайсына өзінің салт-дәстүрін, тілін, дінін, ұлттық ерекшеліктерін сақтауға толық мүмкіндік жасалғандықтан, елімізде достық пен татулық орнығып, тыныштық сақталуда. Қазақстан елі ең алдымен елімізді мекендейтін барлық тұрғынды этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, біртұтас мемлекеттің азаматы ретінде қарастырып, тең мүмкіндіктер бере білді.

Бүгінгі таңдағы әлемдік қарқынды жаһандану үрдісінен Қазақстан қоғамы да сырт қала алмайды. Құбылмалы заманда құндылықтар иерархиясы мен патриотизмнің мазмұны да өзгеріске ұшырайды. Ұлттық-мәдени құндылықтардың ығысып, жаһандық құндылықтардың маңызы артқан кезеңде жастарды патриотизмге тәрбиелеуге баса назар аудару қажеттілігі туындайды. Себебі, бүгінгі жастар – елдің болашағы, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу, бірлік пен ынтымақты ту етіп, егемен елдің тұтастығын сақтауға жауапкершілікпен қарауға баулу – бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі.

«Патриотизм» сөзі (грек тілінде – patrіots – отандас, paths — отан, атамекен) Отанға сүйіспеншілікті, адалдықты, оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты білдіреді.

Патриоттыққа тәрбиелеу жалаң ұран-сөзбен немесе бірлі-жарым үстірт іс-шарамен қалыптаспайтыны белгілі. Бүгінгі жаһандану дәуірінде төл тарихымызды зерделеп, рухани құндылықтардың мән-мағынасын ұғынып, жастардың танымдық қабілетін жетілдірудің маңызы зор, себебі өткенге ой жүгірту арқылы болашақты бағамдауға болады.

Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген ұлағатты сөзі бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңестің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған «Әралуандықтағы бірлік: қазақстандық және халықаралық тәжірибе» атты ғалымдар мен сарапшылар форумында «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры, ҚХА ҒСК мүшесі, ә.ғ.к. Б.И.Ракишева «Тарихи зерде: әдістеме, нәтижелер, мүмкіндіктер» атты баяндамасында назар аударуға тұрарлық деректер келтірді: 2010, 2015 және 2018 жылдары жастар арасында жүргізілген әлеуметтанулық сауалнамалар көрсеткендей, тарихи зерденің сақталуы, жастардың тарихты білу деңгейі күннен күнге төмендеуде. Бұл мәлімет терең зерделеуді қажет етеді, себебі біздің көпэтносты қоғамда жастардың өткен тарихымызға деген қызығушылығын оятып, оларға патриоттық тәрбие беру жұмысына айрықша назар аудару кезек күттірмейтін мәселе.

Қазіргі жылдам өзгермелі заманда өскелең ұрпақтың санасында өз еліне деген мақтаныш сезімін оята білу, төл тарихымыздың өнегелі тұстарын, елге еңбегі сіңген ардақтыларымызды үлгі тұту арқылы патриотизмге тәрбиелеу ел іргесін аман сақтауға, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың қатарына жатады, себебі, жас ұрпақтың бойында өз еліне, туған жеріне деген патриоттық сезімі бірден қалыптаспайды, отаншылдық сезімі сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастыра отырып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде араласатын ортасының оң ықпалымен патриот азаматқа айналады. Сондықтан, бүгінгі жастарды патриот, отаншыл, өз еліне жанашыр етіп тәрбиелей алсақ, ертеңгі қоғамның тұрақты дамуына сенімді бола аламыз. Отаншыл рух өз еліңнің асқаралы жетістіктерінің, әлемдік бәйгеде ортадан оза шабатын отандастарыңның болуымен, сауатты ұлттық саясаттың жүргізілуімен дариды.

Біздің егемен еліміз, кең-байтақ жеріміз, көк байрағымыз, бай тіліміз бар. Жер бетінде ұлтарақтай жерге зар болып жүрген талай ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Сондықтан барымызды бағалап, жеріміз бен тілімізді қастерлеп, көпэтносты елдің бірлігін сақтауға атсалысу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз, қасиетті парызымыз.

Дана халқымыз «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің – жүрегі бір» дегендей, ел бірлігінің негізі тіл бірлігінен бастау алады.

Еліміз Тəуелсіздік алғаннан кейін ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретінде дамуы мен нығаюына бағытталған ресми құжаттар қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу жəне іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жазылған, яғни ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретіндегі мəртебесі құқықтық тұрғыдан толық негізделген.

Тәуелсіздік жылдары елімізде мемлекеттік тілді үйрету курстары ұйымдастырылып, қазақ тілін жеделдетіп оқыту әдістемелері, түрлі бағдарламалар әзірленді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы да қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру аясында мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған мәдени-ағартушылық жобаларды іске асырады.

Атап айтқанда, 2015 жылдан бері тұрақты негізде өткізілетін «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын, этномәдени бірлестіктер өкілдеріне арналған «Тіл мектебін», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумын ұйымдастыру ҚХА жұмысының тұрақты бағытына айналды. Сонымен қатар, қатысушылары әр жастағы адамдар болса да, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша қазақ тілінде ғана өзара пікір алмасатын 18 «Мәміле» клубы бар.

Достық үйлерінде, этномәдени бірлестіктерде жексенбілік мектептер жұмыс істейді, оларда мемлекеттік тілді үйренуге арналған арнайы топтар бар.

Ассамблеяның бастамасы бойынша еліміздің барлық өңірінде өткізілетін жалпықазақстандық ашық диктант жыл сайын қыркүйек айында Қазақстан халқының Тілдері күніне орайластырылып өткізіледі.

Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілді меңгеруде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтуге болады, бірақ нәтиже ойдағыдай деп айтуға әлі ерте. Сондықтан, Қазақстанның әрбір азаматы жаңа заман талабына сай, бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекеттік тілде ауызша, жазбаша дағдыларын дамытуға, ісқағаздарын сауатты жүргізуді үйренуге өздері талпынуы тиіс.

Бүгінгі таңда елімізде ұлты қазақ емес жас мамандардың мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, көпшілікке үлгі болып, тіл білгенінің арқасында талай биіктерден көрініп жүргенін атап өтуге болады. Олардың қатарында бәрімізге танымал журналистер Мая Веронская, Максим Рожин, ҚР Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, мемлекеттік қызметкерлер Владимир Чепель, Вячеслав Вавилин, Алла Чечеткина, Виктория Трегубова, Юлия Лагуткина, Наталья Рамазанова, трэвел-блогер Яков Федоров, домбыраның құлағында ойнап, қазақтың халық әндерін нақышына келтіре шырқайтын әнші, блогер Алексей Лодочников және т.б. дарынды жастар көп, бұл тізімді ұзақ жалғастыруға болады. Аталған азаматтардың бәрі де өздерінің мемлекеттік тілге деген құрметі мен оны үйренуге айрықша ынта-ықыласының арқасында қазақ тілін терең меңгеруге қол жеткізген.

Қорыта айтқанда, тіл үйренудегі басты шарт – адамның өзінің ішкі ынтасы мен табандылығы. Лингвистика ғалымдары қазақ тілін 3 айда толық меңгеруге болады деген пікір айтып жүр.

Тіл – тәуелсіздіктің тірегі. Елінің болашағына жанашыр азаматтар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге – этносаралық қатынас тіліне айналуына атсалысу арқылы көпэтносты елдің бірлігін нығайтуға, Тәуелсіздіктің тұғыры берік болуына үлес қоса алады. Көкірегі ояу, санасы биік, отаншыл тұлға әлемдік қауымдастықта өз елінің абыройы асқақ, мемлекеттілігі мығым, іргесі берік озық елдер қатарында болғанын қалайды. Қоғам мүддесіне қызмет ететін, елдің жарқын болашағын аңсайтын азаматтары көп, рухы биік Отаншыл ел көздеген мақсатына жетеді. Сондықтан, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақтың ой-өрісі кең, егемен еліміздің көркеюіне үлес қосатын рухты азаматтар болып өсіп-жетілуіне ықпал ету, Ұлы Дала елінің кемел болашағы үшін өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – аса маңызды фактор.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» деген сөздерінен артық айта алмаймыз.

Ахметжанова Ү.А.,

«Қоғамдық келісім» РММ Этномәдени бірлестіктермен

өзара іс-қимыл басқармасы

Кейін қарай