Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Мамыр, 2021

43

Қызылордада жаңа жоба бастау алды

Қызылорда облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық ҚХА Аналар кеңесі, «Бойтұмар Ханым» қоғамдық қоры және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен «Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты ақпараттық-насихаттық жобасы бастау алды. Жобаның алғашқы тұсаукесері Қармақшы ауданында өтті.


Жиынға Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жарқын Омаров, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, жоба авторы Рахима Ахметова, облыстық іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Манат Алмашева және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің хатшысы Светлана Крюгер, аудандық Аналар кеңесінің, жас отбасы мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жобаның мақсаты, оның негізгі міндеті жайлы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова айтып, алдағы ауқымды жұмыс жоспарымен бөлісті.

- «Отбасы мектебі» жобасының қорытынды шарасы ретінде «Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты қыздар форумын ұйымдастыруды жоспарладық. Осы тақырыптағы шаралар барлық аудандардағы Аналар кеңестерінің ұйымдастыруымен өткізілетін болады. Айта кету керек, жобаның түпкілікті мақсаты аудандарда Әкелер кеңесінің жұмыстарын жандандыру, - деді ол.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» атты фотожоба өтеді. Оның мақсаты әр салада ел игілігі үшін қажырлы еңбек жасаған, белсенді, беделді Сыр елінің 30 әйелінің фотосуреттерін түсіріп, көрме жасақтау. Жоба қорытындысы ретінде «Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» атты көшбасшы-әйелдердің форумы ұйымдастырылады, - деді.

Сондай-ақ, облыстық іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Манат Алмашева, Қармақшы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Тәжігүл Әбенова сөз сөйлеп, аталмыш жоба аясында аудан аналарын бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Жиын соңында аудандық Аналар кеңесінің ұйытқысымен өткізілген Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Мен отбасыммен мақтанамын» атты фото жоба жеңімпаздары анықталып, жүлделі орындармен марапатталды.

Кейін қарай