Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Наурыз, 2022

103

Қызылордада корей этномәдени бірлестігі шығармашылық кеш ұйымдастырды

Қызылордада облыстық корей этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен шығармашылық кеш болып өтті. Кеш еліне, туған өлкесіне еңбегі сіңген корей этносының қазыналы қарттарына арналды.

Әсем кештің кейіпкерлері туралы «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі жетекшісінің орынбасары Юрий Ким жылы лебізін білдірді.


«Құрметті жиылған қауым бүгін мен біздің ең мейірімді Софья Николаевна жайлы сөз қозғағым келеді. Ол 1937 жылы Қазақстанда жер аударылды. Көп қиындықтарды жеңіп, 1965 жылы Сыр өңіріне қоныс тепті. Бірнеше жыл қатарынан аяқ-киім фабрикасында еңбек етіп, ел дамуына қолынан келгенше үлесін қосты. Өз ісіне адалдығы мен еңбекқорлығы үшін мәртебелі марапаттарға ие болды. Корей қауымдастығының құрылу жолында да өз ықпалын тигізді. Ал Ольга Лазаревнадай жайдары, жаны жайсаң кісіге тоқталар болсақ, ол да 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылып, балалық шағын Шиелі ауданында өткізді. 1953 жылы Свердлов мемлкеттік университетінің Тарих және филология факультетінде оқып, білім алды. Бірнеше ұрпақты білім нәрімен сусындатып, оларға өмірлік жол көрсетті. Қазыналы қартымыздан әлі де үйренеріміз мол. Өмір жасыңыз ұзақ болсын, Ольга Лазаревна. Балалық кезінен әнге құмар Полина Михайловнаның біз үшін орны ерек. Ол 1961 жылы Қызылордаға келіп, еңбек жолын тігін фабрикасында бастаған. Сонымен қатар жексенбілік мектептерде корей тілінен сабақ берген. Корей қауымдастығының белсендісі ерен еңбегі үшін медаль, грамота иегері атанған. Осы күнге дейін корей этномәдени бірлестігі ұйымдастырған әрбір мазмұнды шараларға өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі сахнамыздың төрінде отырған сіздердей жандарға деген біздің құрметіміз шексіз», - деді.

Жүректі жылытар естелікке толы күні әсем ән, әдемі би барлығы да болды. «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Ким сөз сөйлеп, қонақтарға сый-сияпат жасады. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар да шығармашылық кештің кейіпкерлерінің құшағын гүлге толтырды.

Кейін қарай