Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Қараша, 2021

148

«Туған ауылы, туған жері үшін әр қазақстандық азамат шынайы қызмет етсе деймін...»

Бүкіл Қазақстан жұртын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен, алдағы Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік бізге берілген үлкен сый! Ата-бабалар армандап кеткен қасиетті күн! Қазір кейінгі 30 жылғы өмірім көз алдыма оралып отыр. Менің туған жерім - Қарағанды облысы Қоянды ауылы. Кезінде әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен, талай батырлардың тұлпарының ізі қалған тарихи мекен. 90-шы жылдары ауылдан жырақтап Қарағандыда білім алдым, жұмыс бабымен сыртта жүрдім, бірақ туған жерге деген бір құдірет мені үнемі тартып тұрды.

90-шы жылдардағы экономикалық дағдарыс, бір тиын тауып, отбасын асырау үшін бар малын сатып, жаппай қалаға көшкен халық. Ауылдың мектебі жабылу алдында тұр. Сол кезде қайтсем де мектептің жабылуына жол бермеймін деп шештім.

Сөйтіп, ата-анаммен ақылдасып, ауыл ақсақалдарымен кеңесіп отбасылық балалар үйлерін салып, бала асырап аламын деген ерлі-зайыптыларды тауып, келісімшартқа отырдық. Жетімнің басын сипаған сайын саусақтарыңа сауап жазылады дейді ғой. Әр ұлттың балалары - орыс, әзірбайжан, неміс т.б. қазір қазақы ортада, қазақтың мәдениетін, тілін сусындап, жап-жақсы болып өсіп келеді. Сөйтіп бала санын көбейту арқылы мектепті алып қалдық. Сонымен қатар, оңтүстік облыстардан көп балалы отбасыларды көшіріп, оларды үймен қамтамасыз еттім. Осылайша ауылға жан бітіп, жаңағы отбасылар өсіп-өне бастады.

Бүгінгі күні мектепке дейінгі топта 45 бала, орта буында 107-ден аса бала оқиды. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді ғой. Сол себептен қалада бар мүмкіндік ауылдың балаларында да болса деймін. Олар да спортқа, салауатты өмір салтына бейімделсе деген мақсатпен мини-футбол алаңқайын салып, жастардың спортпен айналысуына жағдай жасадық. 2016 жылы «Abadan» клубын құрдым. Бұл жекпе-жек спортының жаттығу залы. Клубта UFC жекпе-жегін өткізетін талапқа сай келетін шаршы алаң да бар. Осы арқылы балалар арасынан болашақ чемпиондарды дайындау арманым. Алдағы жылы 170 балаға арналған «Қиын жасөспірімдермен немесе девиянтты балалармен жұмыс істеу мектебін» ашуды қолға алып отырмыз. Мақсатым девиянтты балаларды спортқа баулып, олармен арнайы жұмыс істейтін психологтарды тарта отырып, жеке адами мінез-құлқын қалыптастыратын шаралар өткізіп, қоғамға пайдалы азамат қылып тәрбиелеу. Тәрбиенің түп негізі - балаға деген махаббат, дұрыс көңіл бөлу, оның бойында жақсы қасиеттерді ашып, дамыту ғой. Алла қаласа алдымыздағы жылдан бастап бұл ісіміз жүзеге аспақ.

Тағы бір бөлісетін жаңалық, таяуда «Қарасор аквамәдениетін дамыту орталығын дамыту» жобасын жүзеге асырмақпыз. Бұл кәсіп 50-100 адамға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сөзімді қорытындылай келе, жалпы түйгенім өмірімнің барлық мәні туған жермен байланысты. Осы игі істерді атқаруға күш-қуат беретін де туған жерге, елге деген ата-анамнан берілген махаббат екенін ұқтым.

«Туған жерге туыңды тік!» деген сөз бар. Туған ауылы, туған жері үшін әр қазақстандық азамат шынайы қызмет ететін болса, елдігіміздің ғұмыры ұзақ, Тәуелсіздігіміз баянды болмақ!

Нұрлан Қалтаев,

меценат, “Жомарт жүрек” байқауының жеңімпазы

Қарағанды облысы


Кейін қарай