Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Желтоқсан, 2020

138

Тау алыстаған сайын биіктей түседі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – барша қазақстандықтар үшін, әсіресе Елбасының жанында жүріп, саяси мектебінен тәлім алған, өмірлік тәжірибесінен сабақ алған азаматтар үшін ерекше мереке. Нұрсұлтан Әбішұлының ұдайы жадымызда жатталып, санамызда сайрап тұратын тәуелсіз, зайырлы мемлекеттің негізін қалап, болашағын қалыптастырудағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегі бұл күндері тіпті жаңғыра түседі. Жылжыған жылдар мен сынаптай сырғыған күндерге көз жібере отырып, Елбасының 30 жыл ішіндегі Қазақстанды төрткүл дүниеге танытқан кемел көрегендігі мен кемеңгерлігіне айрықша тәнті боламыз.

Ұлыбританияның экс-Премьер-министрі Маргарет Тэт­чер­­дің кезінде айтқан: «Қазір жа­­­һан­дық саясатта 5-6 ірі және ық­палды саясаткер бар. Со­лар­­дың бірі – Нұрсұлтан Назар­­баев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қол­даймын» деген сөзінің құнды­лығына тағы да көзіміз жете түседі.

Шындығында, әлемнің саяси картасында жаңадан пай­да болған жас мемлекет Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президентінің бас­шылығымен, бірегей тұлға­сымен және биік беделінің арқасында әлемдегі беделді әрі орнықты елге айналды.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «Та­ри­хи тұлға тағы­лы­мы» атты мақаласында Ел­ба­сы­ның қайраткерлік қасие­тіне тоқ­тала отырып, «Тарих жолы тақ­тайдай тегіс, түзу бола бер­­мейді. Бұрылысы мен қал­тары­­сы жиі кездесетін дәуірдің сын­­­шысы да көп. Ал нақты әрі ба­тыл іс-әрекетке бара алатын адам­дар сирек. Мұндай тұлғалар тарих­ты түзеді, жаңа заманды алға жете­лейді. Міне, Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы – осындай айрықша ерік-жі­гері­мен ертеңгі көкжиек­ке ба­тыл қа­рай білген бірегей ре­фор­­матор, әлем мойын­­даған мем­­лекет қайраткері. Ол – тәуел­­­сіз елдің төл тарихын өз қолы­мен жа­саған тегеурінді тұлға! Ел­ба­сымыз әлем­нің ең азулы ел­дерінің басшылары мен саяси қай­рат­керлері құрмет тұта­тын биік­ке көтеріліп, еліміз халы­қ­­­ара­лық қоғамдастықтың белді де беделді мү­шесіне айналды. Бұл – күрмеуі қиын күр­­д­елі кездерде халықты ауыз­бір­шілік пен татулыққа жұмыл­ды­рып, ескі түсініктен нарық­тық қоғам­ға өткізген және әлем­дік эко­но­­ми­каның белсенді қатысу­шы­сына айналдырған Нұрсұлтан Назар­баев фе­номені» деп үлкен тебі­реніспен атап өтті.

Ойланып қарасақ, Нұрсұлтан Назарбаев­тың лауазымындағы «Тұң­ғыш» сө­зінің түп-төркіні мен тарихи маз­мұны да тереңде жатыр. Біріншіден, «Жол­бас­шы»­ ұғымымен үндеседі. 1991 жылы Қазақ­стан халқын не күтіп тұр­ғанын бол­жай алмайтын кезеңде Елбасы елді да­мыту жолдарын айқындаудың алғашқы батыл қадамдарын жасады. Тыңға түрен са­лудың қаншалықты қия­мет екенін тек «Тұң­ғыш» қана біле­ді, «Тұңғыш» қана түсінеді.

Қазіргі сәтте «Тұңғыш» сөзі «Қазақ­стан жолы» ұғымымен де тығыз байланыстырылады, яғни бұл – Семей ядролық поли­гоны­­ның жабылуы, бұрынғы ке­ңес­тік республикалардың ыды­­р­ауы кезе­ңін­де жариялан­ған Еу­ра­з­ия­лық идея, Әлем­дік дәс­­­тү­р­лі діндер лидерлерінің съезі, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнін­дегі ке­ңес, сондай-ақ бүкіл әлем күт­­кен ЕҚЫҰ саммиті және қазір­дің өзінде іске асырылған «Қазақ­стан-2030» стратегиясы, ЭКСПО-2017, тағы басқа шара­лардың төл шежіресі.

«Тұңғыш» сөзінің тағы бір мағынасы – «бірінші болу», яғни «Көшбасшылық». Тәуелсіздік­тің барлық кезеңінде нысанаға дәл тиетін сөздер мен идеялар таба білу, адамдарды топтастыру және соңынан ерте білу – бұның барлығы Елбасының сая­­си қолтаңбасының айрықша бел­гісіне айналды.

«Тұңғыш» сөзін – «жеңімпаз, чемпион» деп те қарастыруға болады. Өйткені жеңіске жету – саясаткердің айрықша өнері және көшбасшының ең маңызды қасиеті.

Қазақстан өзінің осындай көп қыр­лы, сан салалы, бесаспап тұң­ғыш Көш­бас­шысымен ас­қар асулар мен биік белестерді бағындырды.

Қазір отыз жыл артқа шегініп, Тәуел­сіздік шежіресіне үңілгенде азаттық алған Қазақстанның аяққа тұрып кетеріне күмән­данған, сынай қарағандардың көп бол­ғаны еске түседі. Керісінше, тілеулес болған, жанашырлық танытқан және даң­қы артқан Қазақ елін өз көзімен көруге асыққан, Ел­ба­сы­мен кездесуге құш­тар мем­ле­кет басшылары да жетер­лік еді. Солардың бірі Қазақ­с­тан тәуел­­сізді­гін жариялаған­да таң­­ның атқанын күт­пей, сол күні ең бірінші құттықтаған сол уа­қыт­тағы Түркия Респуб­ли­­­к­а­с­ы­ның­ Президенті Тұрғыт Өзал-тұғын. Түр­кия басшысы ал­ғаш­­қы­­лардың бірі бо­лып елі­мізге ар­­найы сапармен келіп, Елбасы­­мен бірге Алматы қала­сын­дағы тұң­­ғыш 5 жұлдызды «Анкара» қонақ­үйі­нің іргетасын қалады. Қожа Ахмет Ясауи кесе­несіне зия­рат етіп, Түркістан қа­ла­­сын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­­вер­­ситетін ашу туралы ке­лі­сімге қол қойды.

Ататүріктің «Біздің көршіміз, Кеңес­ Одағы күндердің күні құлайды. Бірақ ол жер­де біз­дің қандас бауырларымыз бар.­ Біз олармен байланысты үзбеуі­міз ке­рек. Біз соған дайын болуға тиіс­піз. Тіл де­ген – бір көпір, та­рих – бір көпір, мәде­ниет­ деген – бір көпір, осы көпір­лерді құ­­лат­­­пауымыз қажет. Сол ба­уыр­­­лары­мыз­бен біз өте жа­қын қа­рым-қатынаста бо­луға мін­дет­тіміз», деген аманаты жүзеге асты.

Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті­ Протоколын басқар­ған жылдары Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы­ның күн демей, түн демей жұмыс істеп, Қазақстан атты жас мемлекетті әлемдік қауым­дас­­тыққа енгізу жолындағы тынымсыз­ сәттеріне сан мәр­те куә болдым. Тіпті ресми кездесулерден кейін де күрделі келіссөздер жүргізіп, жеке сыйластығы мен достығының ар­қа­сында қиюы қашқан мәселелердің қи­сы­нын келтіретін. Алайда алпауыт ел­дердің басшыларына сөзін өткізу, ортақ шешімге, мәмілеге келу, оларды ел бо­лашағына сен­діру оңай еместігін байқай­тын­быз. Мемлекет лидерінің иығы­на түскен жүктің зіл-батпан ауыр­лығы мен тарихи жауапкершілігі бізге де сезілетін.

АҚШ-тың бұрынғы Прези­денті Джордж Буш бір сөзінде Қазақстанның саяси және эко­номикалық реформаларда үлкен табыстарға қол жеткізгенін айта келе, бұл жетістіктер Елбасының маңдай терінің ақталғанын көр­сететінін атап өткен еді.

Қазіргі таңда тәуелсіздікті біз­бен қатар алған 15 одақтас мем­­лекеттің саяси жағдайы мен экономикалық дамуына, халық­аралық аренадағы абырой-бе­делі мен халқының тұрмысына қарап, Елбасы еңбегінің шын мәнінде өтелгеніне және бүгінгі ұрпақ жемісін көріп отырғанына қуанамыз.

Әсіресе Қазақстанның Түр­кия­дағы Төтенше және өкілет­ті елшісі қызметімде бауырлас Түркия Республикасының бар­ша саясаткерлері мен сарап­шы­­лары, іскер азаматтары Ел­ба­сы­мызды түрік ұлтын төрге шы­ғарған Ататүрікпен салыстырып, түркі әлемінің данагөйіне, мақ­та­нышына балап жататынын жиі естідік.

Жалпы, туыстас елдер Тұң­ғыш Президентіміздің «Ақ теңіз­ден Алтайға дейінгі үлкен кеңіс­тікте өмір сүріп жатқан түркі ха­лық­тары 200 миллионға жуық. Олар бірігіп, тату болып, ынты­мақ­тастығын арттырса, өзд­ерін әлемге әбден таныта алады» деген ұстанымын айрықша қастерлейді.

2016 жылғы Түркия мен Ресей ара­сындағы дағдарыста ара­ға­йын­дық жасап, бітімгерлік таны­туы осы жағдайға алаң­дап отырған жан-жақтағы жұрт­шы­лық­тың күпті көңілін басып, керісін­ше сенімін еселеп өсіріп жіберді. Бауыр­лас халықтың был­тыр Түркітілдес мем­лекет­тер ынтымақтастығы кеңесі­­­нің өмір бойғы құрметті төрағасы мәр­тебесін беруі – Елба­сының саяси және тарихи рөлін талассыз мойындауы деп қабылдауға болады.

Тұңғыш Президентіміз­дің Жар­лы­ғымен Түркістан облы­сының құры­лып, киелі Түр­кі­стан қаласының қайта жаң­ғыруы да – түркі дүниесін елең ет­кізген өзгерістің бірі. Елбасы­мыз­дың ұзақ жылдан бері «Түркістан – түркі дүниесінің орталығы болуы тиіс» деген ой-пікірінің біртіндеп орындалып, аз ғана уақыттың ішінде тұрғызылған көркем шаһар түгел түркінің төріне, рухани орталығына айналар күн алыс емес. Алдағы жылға жоспарланған Түркістанда өтетін Түркітілдес елдердің саммиті Ор­талық Азия елдерінің интегра­циясын бекемдей түспек. Қазір­дің өзінде халықаралық сарапшы­лар Еуразияның кіндігінде орна­лас­қан Қазақстанды геосаяси және стра­тегиялық тұрғыдан түркі дү­ниесі қауіпсіздігінің кепі­лі деп санайды. Еуропа және Қытай арасындағы негізгі тран­­зит­тік дәліз ғана емес, батыс пен шығысты, солтүстік пен оң­түстікті байланыстырып отыр­ған шешуші ел деп есеп­тей­ді. Өйткені Н.Назарбаев сая­саты көрші мемлекеттердің де мүд­десін көздеп, күрмеуі көп ай­мақ­тық және халықаралық ахуал­дың шешуші алаңына ай­нал­дырды. Сондықтан болса керек, шетелдік саясаткер­лер Н.На­зарбаевты түркі Еуразия­лы­ғының аса көрнекті идеологі деп бағалайды. Тіпті алыс-жақын шет мемлекеттердің қай-қай­сында қақтығыс орын ала қалса, біздің Елбасы не дейді деп әуелі әліптің артын бағатын үрдіс қалыптасты. Татулықты ту еткен Қазақстанның ішкі тұрақтылығы мен айрандай ұйыған ынты­мағына қызығатындар көбейді.

Кезінде БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан­ның «Қазақстан – ТМД мемле­кет­терінің ішінде ауызб­ірлігімен, татулы­ғымен ерек­шеленеді. Сондай-ақ бұл мемлекетте экономикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің үлгісіне айнала алады. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау бо­йынша жа­һан­дық талпыныстарға елеулі үлес қосты» деп берген бағасы мен артқан сенімі шындыққа айналды.

Елбасы сыртқы саясатпен қатар, елдегі тұрақтылық пен эт­нос­аралық келі­сімді басты наза­рда ұстап келеді. Өткен жылы елімізге ресми сапар­мен кел­­ген Еуропадағы қауіпсіз­дік және ын­тымақтастық жөніндегі ұйымға қа­ты­сушы мемле­кет­тердің тұрақты өкіл­дері Қазақстан халқы Ассамблеясы жұ­мысымен танысып, таңғалыстарын жасыра алмады.

Делегация құрамында Ауған­стан, Албания, Аустрия, Бельгия, Эстония, Венгрия, Ислан­дия, Италия, Литва, Чер­но­гория, Португалия, Румыния, Ресей, Сербия, Словакия, Испа­ния, Швеция, Тәжікстан, Өзбек­стан секілді 20-ға жуық елдің өкіл­дері болды. Олар кетерін­де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бейбітшілік пен толерант­­тылық моделін үлгі ете отырып, Қазақстан хал­қы Ас­сам­б­леясының қыз­меті мен құ­ры­лы­мын өз елдерін­де енгізу туралы бастама көтере­тіндік­терін жеткізді. Сонымен қатар Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сының қыз­метін Еуразия кеңістігінде кең насихаттайтындықтарын айта келе, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер үшін Н.Ә.Назарбаевтың бірегей моделі ең тиімді жол екенін жеткізді. Жақында Ресей президенті Владимир Путиннің «Ресей халқы Ассамблеясын» құру туралы Жарлыққа қол қоюы – Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың бей­бітшілік пен келісім саясатын үз­дік деп танып, үлгіге алуы деп есеп­теуге толық негіз бола алады.

Биылғы Ассамблеяның 25 жыл­дығының басты оқиғасы – Нұр­сұлтан Назарбаевтың төраға­лығымен өткен Ассамблея Кеңесі болды. Елбасы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде тәуелсіздіктің бүкіл кезе­ңіндегі бірлік пен келісім саясатын сараптап берді.

«Ассамблея азаматтық қо­ғам­ның әмбебап құрылымы­ның барлық үздік сипаттама­сына ие болып, достық, бейбіт­шілік, тыныштық пен сенім – Қа­зақ­станның қоғамдық өмірі­нің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Тәуел­сіз­дігіміздің дамуы мен ұлттың қа­лыптасуының жолында дәл осылар негізгі алғышарт болды», деп атап өтті. «Отбасының амандығы, бірлік, қонақжай­лық және еңбексүйгіштік, ын­тымақ пен құрмет, бір-бірімізді қол­дау­ға және өзара көмекке дайын болу» сияқ­ты Қазақстан халқы­ның ортақ құн­дылықтарына тоқ­талды. «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасының жаңа жағ­дайға сай хал­қымыздың санасын, ақыл-ойын, өмір салтын өзгертуге, жаңғыртуға бағытталғанына баса мән берді.

Мемлекеттік тіл этностарды бірік­тіруші және ұйыстырушы фактор ретінде Ассамблея Кеңе­сінде қарастырылған не­гізгі мәселелердің бірі бол­ды. Ал­қалы жиында ана тілімен қатар мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінің сөз сөйлеуі мемлекеттік тіл­дің мәрте­бесін асырып, Ассам­блеяның осы бағыттағы нәтижелі жұмысын көрсетті.

Елбасы Түркістан облысының Арыс және Мақтаарал аудандарына, пандемия кезінде аз қам­тыл­ған отбасыларға, дәрігерлер­ге, мектеп оқушыларына этно-мәдени бірлестіктердің көрсет­кен көмегін мысалға келтіріп, Ассамблея­ның әлеуметтік рөлін де назардан тыс қалдыр­мады. Қоғамдық келісім мен бірлік­тің қазақстандық үлгісін одан әрі жетіл­дірудің стратегиялық бағыттарын бел­гіледі. «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» Жолдауын іске асыруда Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­ты толығымен қолдайтынын жеткізді.

Тұңғыш Президент «Отанға деген сүйіспеншілігімізді үнемі қастерлеп отыру, оның тари­хи тағдыры үшін ортақ жауап­кер­шілігімізді нығайту» қа­жеттігін тапсырды.

Бұл Ассамблея Кеңесін аса маңызды саяси оқиғаға айналдырды және Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елдегі этносаралық үдерістер қарқынын жіті қадағалайтынын және өзінің «кеменің қай жағалауға бет алға­нын» білетінінің тағы бір айқын дәлелі болды. Мұны Ассамблея Кеңесінің барлық қатысушылары ерекше сезінді, әр облыстан келген спикерлер Елбасына Қазақ­станның өркендеуі үшін жасаған барлық іс-әрекеттері үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Тұңғыш Президент күні еліміздің барлық азаматтары осы ризашылыққа қосылады және Елбасына ұзақ өмір, Қазақ­стан халқына қызмет ету жолында күш-қуат тілейді.

Елбасы өткен жылы Прези­дент­тік өкілеттігін тоқтат­қанымен, ел өмірінен алыстамай, мемлекет басқару ісіндегі мол тәжірибесімен бөлісіп, әр саланы жіті бақылап, осылай бағыт-бағдар беріп отырғаны – нағыз кемеңгерліктің көрінісі. Ал Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті күні – жыл са­йын Елбасының саяси фено­мені мен көшбасшылық тұлғасын айшықтай түсуге және өскелең ұрпаққа тарихи та­ғы­лымын та­ны­туға жол ашады.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі

egemen.kz

Кейін қарай