Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Шілде, 2021

110

Таразда интернет кеңістігіндегі коммуникацияның жаңа технологиялары тақырыбында семинар ұйымдастырылды

Тараз қаласының Достық үйінде Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы және Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығының ұйымдастыруымен «Интернет кеңістігіндегі коммуникацияның жаңа технологиялары: даму болашағы мен мәселелері» атты семинар-тренингі өтті.


Этносаралық қатынастар мен тұрақтылық саясаты туралы біліктілікті арттыру дәрістеріне облыстық бұқаралық ақпарат құралдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ішкі саясат басқармасының қызметкерлері және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, Полиция департаментінің Баспасөз орталығының тілшілері, психологтар қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты - қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын сақтауда журналистиканың рөлін жан-жақты ашу, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен облыс журналистері арасындағы байланысты нығайту, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін ашық диалогқа тарту болып табылады.

Дәріс алуға келген журналистер, ЭМБ өкілдері мен жастарды облыс әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова қарсы алып, алғы сөзін арнады.

Екі күнді қамтыған тренингте «Алматы» телеарнасы Бас директорының кеңесшісі, журналист Рауан Есқали, «Рух» психология және тұлғаны дамыту» орталығының директоры, психолог Резеда Баймухамедова, Жамбыл облысының ардагер тілшісі, 2015 жылғы «Шаңырақ» республикалық байқауының жеңімпазы Михаил Бунин қатысушыларға дәріс өткізсе, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының психологы Лола Шакимова ZOOM платформасы арқылы байланысқа шықты.


БАҚ өкілдеріне және этномәдени бірлестік мүшелеріне арнап Рауан Өмірұлы «Ақпараттық замануи интернет-журналистика», «Ұлтаралық қақтығыстарды шешудің әдістері мен тәсілдері», «SMM (social media marketing) мәтіндері мен пресс-релиздерді қалай дұрыс жазуға болады?», «PR» немесе қоғаммен байланыс» тақырыптарында, Резеда Салимжанқызы «Қоғамдық сананы насихаттау мен манипуляциялаудың психологиялық аспектілері», «Ақпаратты қабылдаудың интерактивті тренингі», «Этносаралық қақтығыстарды шешу ерекшеліктері: халықаралық аспект», «Ақпаратты қабылдаудың психологиялық аспектілері» тақырыбтарында семинар тренингтер жүргізді. Ал, Лола Сергеевна «Жанжалды жағдайларды шешуде нейролингвистикалық бағдарламалауды тәжірибелік қолдану» атты дәрісін онлайн форматта өткізсе, Михаил Вениаминович «Бірлік тілі. Газеттегі және эфирдегі сөздердің мағынасы» тақырыбында журналистерге арналған шеберлік сабағын өткізді. Дәріс беру барысында Рауан Өмірұлы белсенді қатысушыларға соңғы үлгідегі электронды сағат пен «Әдемі-ай» ұлттық зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар компаниясының арнайы флеш-картасын табыс етті.


«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы біздің еліміздің басты саясаты болып саналатын бейбітшілік пен тұрақтылық арқасында елімізде сан түрлі ұлттың тату-тәтті тұрып жатқанын тілге тиек етіп, әрбір қазақстандықтық осы саясат тұрғысында хабардар болу керектігін алға тартты. Сонымен қатар, екі күн бойы алтын уақыттарын бөліп қатысқан қатысушыларға және дәріскерлерге алғысын білдірді.

Семинар тренингтің соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, естелік фото-сессия ұйымдастырылды.

Кейін қарай