Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Сәуір, 2021

184

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді...»

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлап жатырмыз. Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың береке-бірлігі, татулығының арқасында шаңырағымыз шайқалмай, отыз жыл бойы елімізде ұшан-теңіз игі істер атқарылды. «Жігерлі болса ер болар, бірлікте болса ел болар» деп айтқан Жамбыл атамыздың сөзінің айғағы – жүзден астам ұлт өкілдерінің ынтымақ пен бірлікте, бір атаның баласындай өмір сүріп жатқандығы. Ұлттар арасындағы келісім мен толеранттылықты нығайтуға барша этнос өкілдері жұмылдырылып, еліміздің дамуы бағытында орасан зор қызмет атқарды.


Әу бастан-ақ міндеті мен мақсаты айқын болған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барша халықтың басын біріктіріп, бір шаңырақ астында айрандай ұйытып, тұрақтылықты сақтап отыр. Осы орайда Ассамблея мемлекеттік органдармен өзара байланыса отырып, қоғамдағы этносаралық келісімді және толеранттылықты дамытып қана қоймай, экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет, азаматтардың саяси құқықтарын қалыптастыруға көмек көрсету, сондай-ақ Қазақстан халқының ұлттық мәдениеті, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, дамуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстап отыр.

Толеранттылық деген ғылыми ұғымның мәнін қазақ «Кең болсаң, кем болмайсың» деген бір ғана мақалға сыйғызған. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында түрлі ұлттардың этно-мәдени орталықтары жұмыс істейді. Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана сөзін басшылыққа ала отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, сондай-ақ «Үміт» балалар үйінің директоры ретінде бала тәрбиесін азаматтық борышым деп білемін. Көпұлтты мемлекетте өмір сүретін балаларға тәрбие беруде олардың бойындағы өзге ұлттарды сыйлау, мәдениетін құрметтеу, іскерлік қарым-қатынас пен жалпы адами мәселелерді шешу сияқты жағымды әдеттерді қалыптастыру керек. Сонымен қатар түрлі мәдениетті танып білуге шақырып, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидасы негізінде, олардың бойларына басқа халықтармен достаса алатын дағдылар мен мінез-құлықтарды сіңіру керек деп ойлаймын

Біз бүгінде Қазақстанда түрлі этнос өкілдері келісім мен бейбітшілікте өмір сүріп жатқандығын мақтан етеміз. Бұл өскелең ұрпақты ұлтаралық татулыққа тәрбиелеудің арқасында жетіп отырған жетістігіміз. Мысалы «Үміт» балалар үйінде 11 этностың баласын тәрбиелеп отырмыз. Мұнда әр ұлттың балаларының басын біріктіретін балалар Ассамблеясы құрылған. Балалар Достық үйі жанынан құрылған жексенбілік мектепте өз ұлттарының адамдарымен қарым-қатынас жасап, туған тілдерін үйреніп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен танысуға зор мүмкіндік алды. Достық үйінің түрлі ұлт өкілдері балалар үйіне жүйелі түрде келіп мерекелер мен фестивальдар өткізді.

1 мамыр - Бейбітшілік пен ынтымақ күнінде мерекелік шаралар өткізу дәстүрге айналған. Бұл күні ұлттық тағамдар дайындалып, ұлттық киімдер киіліп, әр тілде ән шырқалып, би биленіп, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіледі. Мұның барлығы әр баланың санасына өз халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, оларды өзге ұлт өкілдерін құрметтеуге шақырары сөзсіз.

Халық арасында ауызбіршілік болса, алынбайтын қамал жоқ. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді». Біздің бірлігіміз – Қазақстанның игілігі!

Бейсеқанова М.Б.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, жетім балалар мен ата-анасының қорғауынсыз қалған балалардың білімін ұйымдастыру Республикалық Кеңесінің төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, ШҚО білім басқармасының «Үміт» балалар үйі КММ директоры


Кейін қарай