Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Мамыр, 2023

152

«Түркістан – татулық тұғыры» тақырыбында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы өтті

2023 жылғы 19 мамырда «Фараб» кітапханасында «Түркістан - татулық тұғыры» тақырыбымен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы өтті.

Сессия жұмысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ. Шойкин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты А. Сатвалдиев, сондай-ақ, облыстық басқармалар және құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, аудандық, қалалық делегация мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен мүшелері, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ғ. Шойкин «Түркістан облысы көп этностығымен ерекшеленетін аймақтарының бірі екенін айтты. Осыған байланысты аймақтағы этносаралық қатынастар жағдайының тұрақтылығына ықпал ететін, жуырда Астанада өткен ҚХА ХХХІІ Сессиясында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың берген тапсырмалары бойынша тиісті жұмыстардың мазмұндарына тоқталып өтті.

Сенатор А. Сатвалдиев «ҚХА тарапынан Сенат депутаты болуым мен үшін үлкен жауапкешілік. Бұл өз кезегінде елімізде этнос өкілдеріне деген құрметтің жарқын көрінісі. Сондықтан да біз еліміздің дамуы мен өркендеуіне, тұрақтылығын сақтауына бірге аянбай белсенді қызмет атқаруға шақырамын»,- деді.

Сессияда Түркістан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Б.Тәжібаев алғы сөзінде «Облыста мемлекеттік тілге деген құрметтің ерекше екенін атады. «Облыс халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Ал этнос өкілдерінің 74 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейді»- деді ол. Сонымен қатар ол облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа шақырды.

Сессияда Арыс қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы М. Крокус «Біздің елде қазақ тілін үйренген этнос өкілі және шет тілін меңгерген қазақтар баршылық. Біз мемлекеттік тілге деген сұранысты әрмен қарай күшейтуіміз тиіс. Жалпы соңғы уақытта тіл мәселесінің айналасында әлеуметтік желіде де, өмірде де көтерілген пікірталасты байқап жүрмін. Сондықтан бұл мәселені дауласпай, бір халық, бір ел болып шешетін кез келді деген ойға келдім. Қазақ тілін үйренгісі келетін адамға ерікті қолдау көрсету өте маңызды» - деп атап өтті.

«Сондай-ақ, шетел азаматтары шыққан тегімізге қарамастан бәрімізді қазақтар деп айтады, әрі бұл солай болуға тиіс деді. Осыған дейін «қазақстандық ұлт» деген айтылып келсе, ал бүгін «қазақ ұлты» дегенге келдік. Дұрыс қадам деп санаймын! Біз ұлт ретінде енді осылай ұйысқанымыз жөн деп ойлаймын. Сондықтан болар, мен өзімді қазақ ұлтының өкілі екенімді толыққанды сезініп, осы ұлттың мүддесіне қызмет жасау міндетімді сезініп жүрген азаматпын», - деп жалғастырды М. Крокус.

«Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің жетекшісі И. Раван-Нахчивани жастар қанаттарының атқарған жұмыстары туралы, оның бірі волонтерлық қызмет жөнінде деректермен бөлісті: «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еріктілер қызметінің 7 бағытын айқындап берген болатын. Осы айтылған 7 бағыт бойынша облысымызда - 1 285 іс-шара атқарылып, оған 29 646 жас волонтер қатысты. Олардың атқаратын жұмыстарының қоғам үшін маңызды екенін байқадық. Алдағы уақытта бұл үрдіс тоқтамай өз жалғасын табады деп сеніммен айта аламын».

Сессия барысында облысымызда түрлі салада абыройлы қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне елеулі үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды: ҚХА «АЛҒЫС» төсбелгісімен Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Р.С. Қошқаров, ҚХА төрағасының орынбасары М.Әзілхановтың Алғыс хатымен Жетісай аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы М.Ш.Курбанов және Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Е.К. Баетов.


Кейін қарай