Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Маусым, 2022

134

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚХА СЕССИЯСЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ БІРТҰТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТУ ТЕТІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінің ғимаратында «Түркістан – татулық пен бірлік бесігі» тақырыбында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясы өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов модераторлық етті.

Сессия барысында Түркістан облысының әкімі, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Өмірзақ Шөкеев Жаңа Қазақстанды құруда ел бірлігі аса маңызды екеніне тоқталды.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің 3 негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екінші – ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Өңірде этностық теңсіздікке жол бермеуге, мәдени және тілдік оқшаулануды болдырмауға назар аударылып келеді. Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі. Қазір елімізде саяси реформалар жүріп жатыр. Түркістан облысы референдум қорытындысы бойынша көш бастады. Осы орайда, еліміздегі саяси реформалардың бастауы болып отырған референдумның өтуіне белсенділік танытқан барша облыс тұрғындарына алғыс айтамыз. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте Түркістанды қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамытуымыз керек. Түркістанды дамыту – елдікті, бірлікті жаңғырту деген сөз. Сондықтан мәдени-рухани әлеуетті арттыра отырып, тарихи Түркістанның алдында адал болғанымыз жөн, – деген Өмірзақ Шөкеев ел бірлігін сақтау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүріуі керек екенін айтты.

Келелі кеңесте Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Созақ ауданының Құрметті азаматы Созақбай Әбдіқұлов, Сарыағаш аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Мухидин Мамараимов, Облыстық күрді этномәдени бірлестігінің мүшесі, бірлестік жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гулизар Надирова, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек ел бірлігін нығайту жолындағы идеялары мен пікірлерін айтты. Түркістан жоғары көпсалалы колледжінің 4-курс студенті, облыстық славян этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Наталья Григорьева еліміздегі әрбір этнос өкілі қазақ тілін білуі тиіс екенін атап өтті.

Сессия жұмысын түйіндеген Ө.Шөкеев Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіздігімізді нығайтуға, этносаралық татулық пен азаматтық бірлікті күшейтуде елеулі еңбек сіңіргенін айта келе, 9 тармақтан тұратын міндетті орындауды жүктеді. Аудан, қала басшыларына, құқық қорғау органдарына «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге алып, ұлтаралық бірлікті сақтау, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, елді игі істерге ұйыстыру қажет екенін жеткізді. Ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды. Түркістан облыстық ҚХА мен осы салаға жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді. Этностардың азаматтық бірлігі мен татулығын нығайтудың маңызды элементі ретінде Түркістанның тарихи, мәдени және рухани әлеуетін арттыру қажеттігіне тоқталып, Жаңа Қазақстанды құруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Кейін қарай