Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Қыркүйек, 2023

198

ШЫМКЕНТТЕ ӨЗБЕК МӘДЕНИЕТІНІҢ КҮНДЕРІ АТАП ӨТІЛДІ

2023 жылғы 23 қыркүйекте Шымкент қаласының «Абай» саябағында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Қазақстанның «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының «Өзбек мәдениетінің күндері» атап өтілді.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары–Хатшылық меңгерушісі М.Әзілханов, Өзбекстан Республикасы «Отандастар» қоғамдық қорының төрағасы О.Саттаров, Өзбекстан Республикасы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С.Усенов, ҚХА мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары, Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.


ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өз алғы сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ажырамас бөлігіне айналған өзбек этномәдени бірлестіктерінің қызметіне ерекше тоқталып, олардың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

«Қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы салиқалы саясаттың іске асуына, жалпы Ассамблеяның қызметіне көптеген өзбек азаматымыз атсалысып жүр. Елімізде Қазақстан Республикасы өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығы, сондай-ақ 26 өзбек этномәдени бірлестіктері бар. Қазақстан Республикасы өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығы еліміздегі түрлі байыпты бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп, оны іске асыруға жәрдемдесетін белді этномәдени бірлестікке айналды. Ел экономикасын нығайту жолында да өзбек этносының өкілдері белсенді», – деді ол.


Дәстүрге айналған өзбек этносының жыл сайынғы фестивалі Қазақстанның полиэтникалық қоғамында ұлттық өзбек мәдениетінің өзіндік ерекшелігін көрсетудің бірегей мүмкіндігі.

Іс-шара аясында өзбек этносының қолөнері мен ұлттық тағамдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ қазақ пен өзбек халықтарының ортақ игілігіне айналған Абай Құнанбаев пен Әлішер Науаи сияқты тарихи тұлғаларды бейнелейтін сахналық қойылым ұсынылды.

Сонымен бірге іс-шара меймандарын қазақстандық эстрада орындаушылары мен Өзбекстан Республикасынан келген әртістер өздерінің концерттік бағдарламасымен қуантты.

Қазақтар мен өзбектердің өзара қарым-қатынасы ғасырлар бойы жалғасып, ортақ тарихпен және бай рухани мұрамен нық бекітілген. Бізді тілдер, діндер, мәдениеттер мен дәстүрлердің ортақ құндылықтары біріктіреді.





Кейін қарай