Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Мамыр, 2023

1020

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Жыл сайын 31 мамыр Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтіледі.

Аштық пен жаппай қуғын-сүргін ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы тарихи шежіренің ең қаралы беттерінің бірі.

Қуғын-сүргін қасіреті нәубетінен 100 мыңнан астам қазақстандық өтті, олардың 25 мыңнан астамы атылды.

Жазықсыз сотталғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Тынышпаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және саяси қайраткерлер бар.

Қуғын-сүргін жылдарында біздің республикаға бұрынғы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам қоныс аударды.

Қазақстанда 11 ГУЛАГ лагері жұмыс істеді, олардың ішіндегі ең үлкені «Дальний», «Песчаный», «КарЛаг», «АЛЖИР», «Степной» және «КамышЛаг» болды.

Бүгін біз осынау зұлмат жылдарда аштықтан қаза тапқандарды, сондай-ақ өз Отанынан кетуге мәжбүр болғандарды қайғыра еске аламыз. Бұл қиындықты екі миллионға жуық адам бастан өткерді.

Халықы көп емес біздің Республикамыз үшін қуғын-сүргінге ұшырағандардың соншалықты көп ағылғаны демографиялық және зияткерлік әлеуетте орны толмас зиян келтірді.

Сталиндік билік жылдарында Қазақ КСР-не 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды.

Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген халықтар үшін қазақ жері туған ыстық ұясына айналды.

Біздің ата-бабаларымыздың батылдығы мен шыдамдылығы қиын сынақтардан лайықты өтуге және біртұтас ұлтқа жиналуға мүмкіндік берді.

Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен қатыгез драманы еске алу әрбір қазақстандықтың жүрегінде қайғылы із қалдырды.

Сондықтан жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық жобасы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған жаппай қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысы осынау жоба алаңына айналды.

Іс-шараға қатысушылар арасында этномәдени бірлестіктердің және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің өкілдері бар.

Күні кеше ғана 29 мамырда іс-шараның алғашқы күні қатысушылар үшін қазақтың ұлы ақыны және публицисті Мағжан Жұмабаевтың туған жері Сарытомар ауылына көшпелі экскурсия ұйымдастырылды.

Жобаға құрметті қонақ ретінде Мағжан Жұмабаевтың ұрпағы Ержан Сейлханұлы Гарипов қатысты. Ержан Гарипов ата-анасының Мағжан Жұмабаевтың қайғылы тағдыры жайында жеткізген әңгімелері жадында сақталғанын айтып, оның өмірі туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.

30 мамырда Петропавл қаласында халықаралық жобаға қатысушылар саяси қуғын-сүргін және депортация құрбандарының ескерткішіне (естелік қабырғасы), М.Жұмабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Жоба «Оқушылар сарайының» қабырғасында өткен «Тарихи сана қоғамды ұйыстырушы фактор ретінде» тақырыбындағы республикалық форуммен өз мәресіне жетті.

Форумға қатысушылар қоғамдағы азаматтық бірегейлікті нығайту үшін ұйыстырушы тарихи сананың маңыздылығын, жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен қоғамның ауқымды өзгерістерінің құндылық негіздерінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде ортақ тарихи сананы қалыптастыру қажеттілігін атап өтті.

Олар 20-шы ғасырдағы депортация мен қуғын-сүргін трагедиясы, тіпті 21-ші ғасырда да, бүкіл әлемде өмір сүретін миллиондаған адамдардың тағдырында көрініс табатынын тілге тиек етті.

Халықаралық жоба аясындағы іс-шаралар 2010 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Жоба аясында бірнеше ғылыми-ағартушылық кітаптар, монографиялар шығарылып, деректі фильмдер түсірілді. Сонымен қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің ҚХА мұрағатымен бірлесіп депортация тарихына арналған құжаттар жинағының бірнеше томы жарық көрді.

Сондықтан «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл посткеңестік дәуірдің шекарасынан асып түсті.

Бұл жоба саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған.

Ол қоғамды ортақ тарихымыздың айналасына біріктіруге, азаматтық сана-сезімді нығайтуға, сондай-ақ тарихи жадымызда сақталған осынау қиын-қыстау кезең өскелен ұрпағымыз бен Қазақстанның жарқын болашағы үшін халық бірлігінің одан әрі нығаюуына септігін тігізері хақ.

ҚХА Төрағасының орынбасары –

Хатшылық меңгерушісі

Марат Әзілханов

Кейін қарай