Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Қыркүйек, 2024

111

Алматыда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Қазақ тілі – қазығым» байқауы өтті

Қазақстан халқы тілдер күні-әртүрлі халықтар мен этностардың өкілдеріне құрмет көрсету және оларға көңіл бөлудің тамаша себебі. Әр халықтың тілі-оның ғасырлар бойы келе жатқан тарихы мен мәдениетінің коды. Сондықтан оның сақталуы мен дамуы ұлттық бірегейлік пен қадір-қасиетті қалыптастырудың маңызды шарты болып қала береді. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінің жоғары мақсаты-ана тіліне деген сүйіспеншілік пен құрметке тәрбиелеу, сонымен бірге қасымызда тұратын басқа халықтардың тілдері туралы білімдерін кеңейту болып табылады.

2024 жылдың 5 қыркүйегінде Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ «Алмалы кітапханасы» кітапханасында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Қазақ тілі – қазығым» байқауын ұйымдастырды. Байқаудың мақсаты-қазақ тілін меңгерген басқа этностардың жас өкілдерін анықтау, қолдау және көтермелеу болды. Сондай-ақ жас ұрпақты мемлекеттік тілді үйренуге, елдің мемлекеттік тіл саясатына қолдау көрсетуге шақыру байқаудың мақсаты болды. Іс-шараға Алматы қаласы мектептерінің 8-10 сыныптарының 20 оқушысы қатысты.

«Қазақ тілі-қазығым» байқауы үш кезеңнен тұрды: өзін таныстыру (қатысушы өзінің шығармашылығы мен шеберлігін көрсете отырып, өзін-өзі таныстырады), «Өнер алды-қызыл тіл» (қатысушылар қазақ ақындарының көркем шығармаларын жатқа оқиды), «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» (тіл, ғылым және білім тақырыптарына байланыста мақал-мәтелдер сайысы).

Байқауға қатысушылардың шеберлігі мен білімін әділқазылар алқасының мүшелері бағалады, оның құрамына Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі, қазақ тілін үйрену бойынша оқулықтардың авторы, «Үйде сөйле» клубының оқытушысы - Баймырза Лайхат Төребайқызы; Түрксіб ауданы Комьюнити орталығының директоры – Мұратхан Тауасар; танымал блогер - Жанғабай Медет; Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Alina Kans school» қазақ тілі онлайн-мектебінің және «Алаш» ауызекі клубының негізін қалаушы - Кан Алина Александровна және Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №6 кітапхана меңгерушісі – Қадырбекова Балнұр Асқарқызы болды.

Үш турдың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға:

I орын - Таиров Дамир (№101 мектеп-гимназиясы).

II орын - Лизина Сабина (№132 гимназиясы), Дуганова Дильнура (№153 мектеп-гимназиясы).

III орын - Алтыбаева Зейнеп (№110 мектеп-гимназиясы), Паначев Али (№209 мектеп-гимназиясы), Вани Рухсара Ащик(№132 гимназиясы) ие болды.

Жүлдегерлерге дипломдар, смартфондар және сымсыз құлаққаптар табысталды. Байқаудың қалған қатысушылары ұйымдастырушылардан дипломдар мен көтермелеу сыйлықтарын алды.

Байқау соңында әділқазылар алқасының мүшелері қатысушыларға одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді және мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруді тіледі!

Кейін қарай