Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Сәуір, 2021

56

Ортақ мақсатқа ұйыстырған бірегей институт

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін жыл сайын тойлайды. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше.

Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.

Аталмыш мерекені тойлауда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.

Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

ҚХА құрылған сәті­нен бастап қоғамдық инфрақұрылымдарды біріктірді. Бүгінде Ассамблея қамқорлығымен 1025 этномәдени бірлестік жұмыс істей­ді, оның ішінде 28-і республикалық мәр­тебеге ие. Елімізде 40 Достық үйі жұмыс іс­тейді. 2009 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша ҚХА Ғылыми-сарап­тамалық кеңесі құ­рылды. Оның құра­мында ғалымдар, зерттеу институт­тарының басшылары мен қоғам қайрат­кер­лері бар. Барлық өңірлерде ғылыми-сараптамалық топтар құрылып, олардың қызметіне 300 ғалым мен сарапшылар тартылған. Осы топтар үшін өңірлердегі жо­ғары оқу орындары ғылыми база болып отыр. Яғни, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында ҚХА кафедралары жұмыс істейді.

Бүгінде Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті ҚХА кафедрасы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасымен әдістемелік орталық ретінде, Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарының осыған ұқсас кафедраларымен және ҚР жоғары оқу орындарының «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедраларының Ассоциациясы қызметі шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында жұмыстар атқарылуда. Этносаралық келісім және конфессияаралық толеранттылық негізіндегі қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және бәсекеге қабілетті ұлтты арқау ете отырып қазақстандық патриотизм және Қазақстан халқының рухани-мәдени ортақтығы мәселелері бойынша университеттің профессорлық-оқытушылар құрамынан және жұртшылық өкілдерінің ішінен ғылыми-әдістемелік бірлестіктің қызметін ұйымдастыру жүзеге асырылған.

Осы істі одан әрі дәріптеу мақсатында конкурстар ұйымдастыру, мұражайларға көрме, мұрағаттардан тікелей құжаттар алу, дөңгелек үстел, конференциялар, кездесу-сұхбаттар ұйымдастырылып, өз еліміздің ішіндегі ЖОО орындарымен қатар шет елдердің алдыңғы қатарлы университеттерімен де тығыз байланыс жасалып тәжірибе алмасуда, сонымен қатар еліміздің ЖОО орындарында «Халықтану», «Этникалық толеранттылық негіздері», «Мәңгілік ел құндылықтары», «Рухани жаңғыру» атты пәндердің жұмыс-оқу бағдарламасын әзірлеп, 1 курс студенттеріне оқытуда.

Кафедра мүшелері тарапынан қазақстандық этносаралық келісім моделіне, ұлттық бірегейлік мәселесіне, этномәдени бірлестіктердің қызметіне арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді.

Сәуір айының 28-де өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы – Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін ма­ңыз­­­­ды қоғамдық-саяси шаралардың бірі. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті ны­ғайтуды мақсат еткен сессия алаңында жаңа міндеттер қо­йылып, бейбітшілік пен келісімді ны­ғайту жөніндегі Елбасы бағдарының жауапты жұмыстары күтіп тұр.

Маржан Базарбаева,

Заң ғылымдарының магистрі,

Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті ҚХА кафедрасының

оқытушысы

Кейін қарай