Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Сәуір, 2021

351

Қордайдағы игі шара жалғасын тапты

Әу бастан бейбітшілік пен келісімді ту еткен Қордай жұртшылығы татулық пен достықтың буынын бекітіп, ұлтаралық тұрақтылықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мұнымызға дәлел татулық пен достықтың туын желбіреткен ауқымды іс-шара Қордай ауданы Масаншы ауылында жалғасын тауып, акцияға Қарасай, Еңбек, Сортөбе, Бұлар батыр, Қаракемер, Ауқатты, Қарасу, Өтеген, Күнбатыс ауылдарының тұрғындары, мешіт жамағаттары мен имамдары, ауыл жастары және ақсақалдар қауымы қатысты.


«Халқымыз «атадан мал қалғанша, тал қалсын» - демекші, ең әуелі Масаншы ауылы орталығындағы «Мәдина» мешітінің маңайына жасыл желек егуден басталған мәнісі мол, мағынасы терең ізгі шараға қалың көпшілік көптеп жиналды.

Осылайша ынтымақ пен бірлікті, татулық пен достықты дәріптейтін игі іске үлесін қосып, ауылды көркейтуге атсалысқан жамағат ауылдық мәдениет үйіне жиналып, онда музейді аралай келе қазақ-дүнген ұлттарының балақайлары ұйымдастырған салт-дәстүр көріністеріне куә болды.

Осы сәтте масаншылықтар келген қонақтарды орталықта ұйымдастырылған концерттік бағдарлама мен спорттық ойындарды тамашалауға шақырды. Салтанатты шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен ауданның бас имамы Асқар Сатылғанов айтулы шараға өз үлесін қосқан азаматтарға алғысын білдірсе, Асық Валиев, Ноғай Жайықбаев, Әбікен Сейілханов, Абдулкарим Воинце сынды қариялар қатысушыларға ақ батасын беріп, бірлікте, достықта болуға шақырды.

Сонымен қатар, қалың көпшіліктің қолдауына ие болған бұл іс-шара игіліктің бастауы екенін айта келе, қазақ пен дүнген ұлттары арасындағы тарихтан тарихқа жалғасқан достық пен татулықтың мән-маңызына да тоқталды.

Өз кезегінде, бір үйдің баласындай біріккен қазақ-дүнген ұлтының өкілдері шағын футболдан өткен жарысқа қатысып, ауылдық мешіт асханасында жайылған кең дастархан басында бас қосты.

Айта кетейік, ұлттар арасындағы достықты нығайту мақсатында Қордай ауданында айтулы іс-шаралар әлі де көптеп ұйымдастырылмақ.

Кейін қарай