Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Қазан, 2024

103

ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА ҚХА ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ КЕЗЕКТІ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Алматы облысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының кезекті көшпелі отырысы өтті.

Іс-шара толеранттылықты нығайту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда БАҚ-тың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатвалдиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов, Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің жобаларды үйлестірушісі Әділжан Ахметов, MediaNet халықаралық журналистика орталығының тренерлері, аймақтық клубтардың мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.


ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин өз сөзінде БАҚ-тың қоғамдық пікірді қалыптастырудағы шешуші рөліне тоқтала отырып, журналистер тек ақпаратты жеткізіп қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік саясатты қабылдауын қалыптастыратынын атап өтті. Ол этносаралық терминдерді дұрыс қолдануға, «өшпенділік тудыратын сөздердің» алдын алуға және осы тақырыпты қозғаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтаудың ерекше маңызына назар аударды. Ғ.Шойкин сондай-ақ елімізде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етпейінше, тұрақты дамудың болмайтынын айта келе, Министрліктің этножурналистика саласын дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті.


Әлішер Сатвалдиев кәсіби журналист ретінде әрқашан пайдалы практикалық ұсыныстарымен бөліседі. Ол журналистік этика қағидаларын сақтау, сондай-ақ этносаралық мәселелерді жариялау мәселесінде журналистер қауымында жауапкершілікті қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

ҚХА қызметін ақпараттық қамтамасыз етудің басым бағыттары туралы ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Әсел Артакшинова баяндады.


Сондай-ақ, кездесу аясында ұйымдастырылған коворкинг алаңында PR-менеджер Айбар Олжаев антикризистік коммуникация негіздері туралы баяндама жасады. Әлеуметтанушы, PaperLab ғылыми-зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев ақпараттық саладағы этносаралық қақтығыстардың алдын алудың 10 ережесімен және «өшпенділік тілін» анықтау әдістемесімен бөлісті.

Factcheck.kz сайтының фактчекері Жансерік Тлеухан этносаралық қақтығыстар кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында этносаралық мәселелерді жариялау және көрнекі ақпараттың дұрыстығын тексеру тәсілдері туралы өз ұсыныстарымен бөлісті.

Семинардың қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Кейін қарай