Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Желтоқсан, 2020

2287

Нұр-Сұлтанда ҚХА мүшелерін ҚР Мемлекеттік наградаларымен марапаттау рәсімі өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және Келісім сарайында Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық наградаларымен марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Өз кезегінде сөз алған Жансейіт Қансейітұлы Тәуелсіздік мерекесінің маңызын атап өтіп, шараға жиналған қонақтарды құттықтады.

- Құрметті қатысушылар, қонақтар! Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығымен құттықтаймын. Келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлаймыз. Бұл уақыт бір ғасырдың үштен бір бөлігі деген сөз. Осы кезеңдерде елімізде көптеген ірі өзгеріс болды. Соның барлығының басында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрды. Ал Елбасымыздың дайындап өткен жолын тарихи тұрғыдан үлкен үлгі көрсете тапсырып, бүгінгі таңда мемлекетімізді Қасым-Жомарт Тоқаев басқарып отыр. Бұл да қазіргі замандағы жаңа үрдіс. Сондықтан да баршаңызды осындай тарихи оқиғаға қатысқандықтарыңызбен, белсене жұмыс істегендеріңізбен құттықтағым келеді.

Шынында да әрбір мемлекет үшін, әрбір азамат үшін ең үлкен басты байлық – Тәуелсіздік. Бұл – бостандық, егемендік. Міне, соған еліміз жетіп отыр. Соның ішінде, әсіресе Кеңес Одағы тарағаннан кейін біздің мемлекетімізге көп этностар қоныстанды. Сол кезеңде түрлі қақтығыстарға, реніштер мен кикілжіңдерге байланысты арамызда үлкен жанжал тудырғысы келген адамдар болды. Соның барлығын қамтып Елбасымыздың бастауымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл 25 жылдығын тойлады. Осы уақыт ішінде жүзден аса түрлі этнос өкілі бірлікте, татулықта өмір сүріп келеді. Осы мерекелерге орай Елбасы мен Мемлекет басшысының атынан марапатталып жатырсыздар. Бұл да сіздердің еңбектеріңіздің еленгені деп білемін.

Қазір қарасаңыздар, біз шаңырақтың астында тұрмыз. Сол шаңырақтың рухын бәріміз бірігіп көтеруіміз қажет. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын! - дей келе Жансейіт Түймебаев, ҚХА мүшелеріне наградаларын табыстады.

Атап айтсақ, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» Коммуналды мемлекеттік мекемесінің сарапшысы Светлана Владимировна Крюгер ҚР Президентінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №461 жарлығы бойынша қоғамда өзара татулықты сақтау жөніндегі жемісті жұмысы, халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен;

Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері орталық штабының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Вячеслав Дмитриевич Вавилин, Көкшетау техникалық лицейінің директоры Наталья Григорьевна Дементьева, «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Аллахверди Алиоглы Мамедов Экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білім беру ісін дамытуға сіңірген еңбегі үшін, мемлекеттік органдардағы мiнсiз қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» орденімен;

«Алматы қаласының өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулла Жапарович Исматуллаев, Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Сейітқазықызы Құсайынова, Тараз қаласының №4 орта мектебінің директоры Динара Хатамовна Нұралиева, Алматы облысы Ақсу ауданы әкімдігінің бас маманы Владимир Сергеевич Чепель Экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістектері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен;

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының баспасөз хатшысы Виктория Вячеславовна Трегубова Азаматтар белсенді және жемісті қызметі, мейір-шапағаты мен қайырымдылығы үшін «Шапағат» медалімен;

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Юлия Николаевна Лагуткина Мемлекеттік тілді дәріптеп, оқып-үйренуде жеткен жетістіктері және Қазақстан халқы Ассамблеясындағы белсенді жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Жиын соңында қатысушылар мен қонақтар естелік фотоға түсті.


Кейін қарай