Қазақстан халқы Ассамблеясы

17 Ақпан, 2022

153

ҚХА мен Ресей халықтары Ассамблеясы этносаралық қатынастарды дамыту жөнінде өзара іс-қимылды нығайтуға келісті

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов Ресей халықтары Ассамблеясының төрағаcы Светлана Смирновамен екі елдің бірлескен ынтымақтастығы мен халықтық дипломатия институттарын дамыту мәселелері бойынша ZOOM-конференция өткізді.

Кездесу барысында М.Әзілханов Қазақстан халқы Ассамблеясының ресейлік серіктестермен екіжақты байланыстарының маңыздылығын атап өтіп, тарихи сабақтастықты сақтауда қосқан үлесі үшін С.Смирноваға алғысын білдірді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтары - Иваново қаласында жерленген қазақ жауынгерлерінің ұрпақтарымен тікелей телекөпір ұйымдастырған Иваново ұлттар үйінің іс-шараларын айрықша атап өтті. Өз кезегінде С.Смирнова этносаралық қатынастар саласында Ресейдің мемлекеттік саясатының институционалдық инфрақұрылымын нығайту мен дамытуда Қазақстандық тәжірибені пайдалану Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.


«Біздің сіздерден үйренеріміз көп. Әсіресе осы уақытқа дейін іске асырылып жатқан ауқымды шараларымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей тәжірибесінің үлгісі бойынша құрылғанын ерекше атап өткім келеді. Мәселен, Достық үйлерінің жұмыс тәжірибесі мен Ғылыми сараптамалық кеңесінің жұмысы осының айқын белгісі. Яғни коммуникацияның мұндай форматы бейбітшілік пен келісімді нығайтуда көзделген екіжақты басымдықтарды одан әрі жедел шешуге мүмкіндік беретініне еш күмәнім жоқ», - деп ойын түйді С.Смирнова.

Қазақстандағы дүнген қауымдастығының өкілдері ресейлік әріптестеріне дүнген этносының дамуы туралы, оның ішінде, 2020 жылғы «Қордай оқиғаларынан» кейінгі қалпына келтіру жұмыстары төңірегінде ой өрбітті.

Атап айтқанда, олар атқарылған жұмыстың орасан зор әлеуметтік-экономикалық тиімділігі мен соңғы екі жылда дүнген этносының әлеуметтік дамуына мемлекеттің назары туралы егжей-тегжейлі баяндап, «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» бірегей тәжірибесі аясында ел азаматтарының проблемаларын шешуге бағытталатын «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру туралы жоспарымен бөлісті.

Ресейдегі дүнген қауымдастығының төрағасы Самир Янчинов кездесуге қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, өзекті мәселелерді шешуде қоғаммен бірлескен шараларды күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Қазақстанның дүнген этномәдени бірлестіктерінің өкілдері өз тарапынан қолдау көрсетуге дайындықтарын білдіріп, этносаралық қатынастарды дамыту саласындағы кез келген мәселелер бойынша өзара жедел ақпараттық байланыс орнатуға шақырды.

Кездесу соңында Марат Әзілханов: «Этносаралық келісім адамдардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы этностарды әлеуметтік-экономикалық интеграциялау саясатын жүргізуге және осы негізде кез келген шиеленістің жанжалға ұласпауын алдын алуға нақты бағыт-бағдар берді. Әсіресе, қазір ақпараттық кеңістіктің қарқынды дамуы кезеңінде жиі жасалатын әртүрлі негізсіз популистік мәлімдемелер мен арандату әркеттері ауыр зардаптарға әкеліп соғуда. Осындай тәуекелдерді болдырмау және алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет», - деп қорытындылады.

Сонымен қатар тараптар бейбітшілік пен келісімді нығайту бойынша сарапшылар деңгейінде жақын арада кездесу өткізуге келісті.

Кейін қарай