Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қараша, 2020

278

ҚХА мүшелері ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай жылы лебізін білдірді

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары Елбасыға деген ыстық ықыластарын жеткізіп, тілек білдірді.

Елбасының ширек ғасырдан астам жүргізген саясаты бізге бейбіт өмір сыйлады

Әкем – дүнген, анам – ұйғыр. Арғы аталарым – орыс, өзбек, татар және басқа да бірнеше ұлттан тарайды. Біз әрқашан татулық пен бірлікте өмір сүріп келеміз. Ешқандай ұлтқа бөлінбей, ортақ жерімізде бір үзім нанды бөліп жеп отырған жандармыз. Бұл ретте еліміздің басты байлығы – тұрақтылық екенін естен шығармауымыз қажет. Елбасының ширек ғасырдан астам жүргізген саясаты бізге бейбіт өмір сыйлады.

Қараша айында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өткен болатын. Өзім осы жиында Елбасының айтқан әрбір сөзіне, ел басқара жүріп жасаған батыл әрі сауатты қадамдарына тағы да риза болдым. Қазақстанда ғұмыр кешіп жатқан әрбір адамның, әр ұлт өкілінің аяғын алшаң басып, арқасын кеңге жіберіп, жергілікті халықпен етене жақын бауырласып ғұмыр кешуіне барлық жағдайды жасай алу кез келген ұлт көшбасшысының қолынан келмейді. Оған терең білім, парасат, келешекті болжай алу қасиеті, көрегенділік қажет.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, бізде бір ғана ортақ мемлекеттік тіліміз, бір ғана ұлтымыз, бір ғана Отанымыз болуы тиіс! Осы ретте мен облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі ретінде жерлестерімді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын. Байтақ Отанымызды гүлдендіру жолында басты тұлғаға айналған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүріп өткен тағылымды жолы мен ерен еңбегі ұрпаққа үлгі болсын!

Динара Нұралиева,
Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі,

қалалық №34 мектептің директоры


Ұлт көшбасшысы, сарабдал саясаткер

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы Президенттің қызметімен тікелей байланысты. Яғни Ұлт көшбасшысының ғылыми, саяси ізденістерімен байланысты десек - қателеспейміз. Бұл - ақиқат. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

Елбасы ортақ Отанымыз – Қазақстанды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті басшылыққа алды. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігінде стратегиялық қуаты күшті, маңызы үлкен мемлекеттер ретінде мойындалып отыр.

Бүгінде бүкіл елдің қолдауы мен сеніміне ие болып, елді сындарлы жолмен болашаққа бастаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне тойланатын — Тұңғыш Президент күні біз үшін де өте қадірлі мереке. Ендеше мерекелеріңіз құтты болсын, қазақ елі!

Айгүл Кабиева,

«ӘУЛИЕ АТА» қазақ мәдени

орталығы төрағасының орынбасары,

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі


Тәуелсіз Қазақстанның тарихы Н.Назарбаев есімімен тығыз байланысты

Расында, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғылға түсуі жолындағы жұмыстардың басымы Н.Назарбаевтың есімімен байланысты, ерлігімен ұштасқан дүниелер екені даусыз. Сондықтан да Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясында: «Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты», – деп жазылды. Бұл – даусыз шындық. Өйткені Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдарда әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Терезесі түгел елмен тең деңгейге жетті. Ғасырлар бойы бабалар армандаған тәуелсіздіктің туы көкте желбіреді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің даңғылын таңдады. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды.

Бұл ретте мен татулықты тұғырына балаған Н.Ә.Назарбаевтың ел игілігі жолындағы тамаша бастамаларын жүзеге асыруға үлесімізді қосып, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге шақырамын!
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні құтты болсын!

Бигелді Тәжібаев,
Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы


Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға

Дәл осыдан 29 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында ұлттық сайлау нәтижесі бойынша - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР-нің Президенті болып қайта сайланды.

Кеңестік жүйеден шыңдалып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оның өркендеуіне үлкен үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел көшбасшы бола білді. Ол – бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді тұғырлы eту жолындағы қиын бeлeстeрдeн халқын аман алып өтті.

Тәуeлсіздік алған алғашқы жылдарынан бастап-ақ Елбасымыз білім және ғылым саласын дамытуға айрықыша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі таңда елі-міздің білім жүйесі жаңа заманға лайық әрі халықаралық стандартқа сәйкес жетілдіріліп келеді.

Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қолдауымен «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, еліміздің талантты жастарын шетелдік озық университеттерде оқытуға мүмкіндік алдық. Арадан өткен осы жылдарда бұл бағдарлама бойынша көптеген қазақстандық жастар әлемдік деңгейде білім алып, бүгінде экономикамыздың барлық салаларында табысты еңбек етуде.

2019 жылы Қазақстан тарихи оқиғаны бастан өткерді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Өзі басқарған 28 жыл ішінде Қазақстан Республикасы қарқынды дамыды, экономика тұрақталды, білім мен ғылым жүйеге келді. Бұл атқарылған тірліктер Елбасының әлемдік аренада саяси портретін айшықтап көрсетті. Қазақстан үшін Назарбаев – тарихи тұлға. Ол қазақстандықтар үшін тұңғыш Президент қана емес, ол қазақ мемлекетінің негізін қалаушы аңыз адам.

Халиков Амир,

Жамбыл облыстық «Айнұры» татар-башқұрт

этномәдени бірлестігінің төрағасы


Елбасымен кездесу көп жақсы жаңалыққа әкелді

«Тұңғыш Президент жолы» – бұл жүздеген мың адам-қуғын-сүргінге ұшыраған және күштеп қоныс аударылғандардың ұрпақтары үшін тарихи әділдікті қалпына келтірген жол.

Мен өзім қуғын-сүргінге ұшырап, күштеп қоныс аударылғандардың ұрпағымын. 2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына қатысып, басты алаңның сахнасында қарағандылықтар атынан сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Маған Нұрсұлтан Әбішұлының алдында сөз сөйлеу бақыты бұйырыпты. Менің сол кездегі көңіл күйім мен толқуымды сөзбен жеткізе алмаймын, бұл ешқашан да ұмытылмас сәт болды. Мен қатты тебіреністен көзімнен жас шығып, ештеңе айта алмай қаламын ба деп ойладым. Бірақ менің барлық толқуым Елбасының жанарына көзім түскен кезде сап тыйылды. Мұндай мейірімді, адам жанын түсінуге ұмтылатын, шуақ шашқан көзқарасты ешқашан ұмытпаймын.

Сол кезде мен ең маңызды мәселелерді тілге тиек еттім: отбасы, бала тәрбиесі туралы, жетім-жесірлерге қарайласу, ардагерлерге қамқорлық көрсету туралы ойым мен ұсынысымды ортаға салдым. Тұңғыш Президент сөзімді зейін қойып, өте мұқият тыңдады.

Залда отырған қатысушылармен сәлемдесуге келген кезде, менің де қолымды қысып тұрып: «Дұрыс жолды таңдаған екенсің, осы қалпыңнан айныма», - деген ниетін білдірді. Мен өмірімді ұстаздық қызметке текке арнамағанымды, барлық еңбектерімнің бекер емес екенін түсіндім. Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев маған өзінің күші мен даналығының бір бөлігін, өзінің ерекше дарыны мен өз ісінің әділдігіне деген сенімділігін ұялатқандай болды.

Бұл кездесу тек мені ғана қанаттандырып қоймады. Елбасы алдында сөйлеген кезде мен сезінгеннің барлығын біздің мұғалімдер мен шәкірттерімізге жеткізуге тырыстым. Оқушыларыммен бірге бейбітшілік пен бірлікті, қоғамдық сананы жаңғырту саясатының ең сенімді және тиімді жолсерігі болып келе жатқаныма қуанамын. Шәкірттерім бүгінде «Киелі Қазақстан» жобасын іске асырып, мектеп теледидарын ашып, республика деңгейінде екінші «Жарасым» мектеп клубын құрып, аталған салада белгілі бір жетістіктерге қол жеткізуге ұмтылуда.

Менің Елбасымен кездесуім жарасымды ғұмыр кешуге және шығармашылықпен өмір сүруге ұмтылдырғандай болды. «Жыл мұғалімі-2019» байқауының жеңімпазы атандым, Еуропа университетінде тағылымдамадан өттім. Мен одан әрі өз ісіммен кәсіби айналысатын боламын. Бүгінгі күні мен жаныма жақын, қарапайым ғана туған қаламның, Ұлы Дала Елінің перезентінің атымен аталатын Абайда, өзім бітірген сол мектепте жұмыс істеймін. Менің өмірімде қазақ халқының екі ұлы ұлының - Абай мен Нұрсұлтанның алатын орыны ерекше, әрі олардың есімдері әрқашан жаныма етене жақын. Аталған тұлғалар біздің халқымыздың тағдырының бағдары, әрі қуат берер күші, қамқоршысы сияқты.

Вида Грейчуте,

Қарағанды облысы Абай қаласы 14 мектеп - лицей мұғалімі,

ҚХА "Жаңғыру жолы" РЖҚ мүшесі, "Литуаника" литва этномәдени бірлестігінің өкілі


Бұл – ел үшін маңызды дата

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1991 жылы 15 одақтас республика өзінің даму жолына түсті. Көптеген елдерден айырмашылығы, Қазақстан әрқашан өз бағытынан тайған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын дағдарыс кезеңі деп атауға болады. Түрлі экономикалық қиындықтар болды, адамдар айлап жалақы алмады, көптеген кәсіпорындар өз жұмысын тоқтатты. Осы кезеңде Қазақстанға елдің ахуалын түзетіп, дұрыс экономикалық жол таба алатын тұлға қажет болды. Ол – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев еді. Сол тұста Мемлекет басшысы «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» қағидасы бойынша әрекет ете бастады. Қазақстанның инвесторларды тарту арқылы экономикалық батпақтан шыға бастаған жылдары жақсы есімде. Бірақ экономикалық мәселеден де басқа бірқатар түйткілдер күн тәртібінен түскен жоқ. Саяси жүйені де жетілдіру қажет болды. 90-шы жылдардың басында қазақстандықтардың шет мемлекеттерге көшіп кету деректері көбейгенін көзімізбен көрдік. Осыған байланысты Мемлекет басшысы этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасында өзара тиімді іс-қимыл жасап, халықтың бірлігін нығайту мақсатында жұмыс істейтін институт құру қажеттілігі туралы шешім қабылдады. Осылайша, 1995 жылы наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа қоғамдық ұйым – Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Жуырда өзге де дамыған мемлекеттер біздің елдің осындай ұйымдарды құру тәжірибесін енгізе бастады. 25 жыл ішінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясы ел үшін үлкен рөл атқарды. Расында, біздің жағдайымыз шат-шадыман, көрші елдермен қақтығыстарға бармаймыз. Тұрақсыздықтың көптеген мысалдары бар. Көрші Қырғызстанда, Украинада, Беларусьта, Арменияда және Әзірбайжанда болған оқиғаларға көз жүгіртуге болады. Біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз, бұл ретте біздің Тұңғыш Президентіміздің атқарған істері орасан. Ол тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сонымен қатар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартты. Халықаралық аренада Қазақстан өзге мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттеу процестерінде маңызды рөл атқарады. Бізде көптеген ұлтаралық және конфессияаралық форумдар өткізіліп тұрады. Бұл біздің елдің толеранттылық деңгейін көрсетеді. Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыруда. Ол бейбітшілік пен экономикалық тұрақтылықты сақтау бағытында нәтижелі еңбек етуде.
Мен барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтағым келеді. Бұл – ел үшін маңызды дата. Нұрсұлтан Әбішұлы тілге тиек еткендей, елімізде бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрып, басымызда көк аспан орнасын!

Абдурахман Зайнутдинов,
Тараз қалалық «Өзбек орталығы» ҚБ төрағасы


Қауіпсіздік саясатының философиялық тұғыры

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент­і, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси қызметінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі орасан зор. Елбасының саяси философиясы заманау­и мемлекет құрылысының негізі болып табылады және уақыт тәжірибесінде қисын­дылығын танытып, Қазақстан халқының Батыс пен Шығыс құндылықтарын біріктірген мен­талитетіне сәйкес келеді. Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы таңдау жолында күрделі шешімдер қабылдау Тұңғыш Прези­дент­ке жүктелді. Егер, ақиқаттың негізгі өлшемі деп тәжірибені санасақ, бүгінгі тәжірибе және шынайы нақтылық заманауи үдерістерге сай дамуды­ң «қазақстандық жолының» дұрыс­тығын көрсетеді. Бұл еліміздің тәуелсіздік алған­ жылдарынан бастап ұлттық қауіпсіздікті бекітуд­егі негізгі басымдықтар беруімен байланысты.

Қазіргі ғылымда «саяси көшбасшы» термині кеңінен қолданылғанымен, оның нақты мағыналық түсіндірмесі толықтай қалыптаспады. Көп жағдайда басқарушы көсем, басшы, жетек­ші ұғымдарымен ұқсас негізде пайдаланылады. Әлбетте, әрбір басқарушы көшбасшы емес екені анық. Тек бұқараны басқара алатын, оларды жаңа бастамаларға жұмылдыратын, әрбір қимыл үдерісін үнемі бағыттап және түзеп отыраты­н тұлғаны ғана саяси көшбасшы деге­німіз дұрыс.

Посткеңестік мемлекеттер көш­басшылары саяси басқарудың жеке стилін иеленгенде қарулы қақты­ғыстарды теледидар алдында қарап отырар ма еді? Бұл мәселеге жауаптар тұрғындар арасында өзара мәндес болуы мүмкін. Бірақ Елбасымыздың Қырғызстанды азамат соғы­сы­нан сақтап қалуы аймақтағы көшбасшының қимылы емес пе? Сондықтан саяси көшбасшының негізгі қызметі қоғамның түрлі топтары арасындағы жалпы идеялар, құндылықтар мен идеалдарды мәмі­леге келтіру және бірлестіру болып табылады. Басқаша айтсақ, көшбасшы қызметінде саясаткердің байланыстырушы қызметі басым болатындығын айтқан жөн. Егер белгілі бір қоғамда әлеуметтік шиеленістер дәрежесі жоғары болса, бұл мемлекеттердің саяси көшбасшылары байлан­ыстырушы қызметін әлсіз жүр­гізеді.

Тәжірибе көрсеткендей, мемлекет басында тұрған саяси көшбасшы қоғамдағы келісімді қалыптастыра алса ғана заңды саналады. Тек осы тұлға қоғамдағы түрлі мақсаттар мен бір-біріне қарама-қайшы мүдделерді біріктіре алады.

Жаңару болған алған қоғамда саяси­ көшбасшының рөлі ерекше. Өйткені, осы шарттарда көшбасшы тұрақ­тылық факторы болады және жаңа өзгері­стердің бастамашысы саналады. Көшбасшы осы шарттарда қоғам дамуының стратегиясын қалыптастырады және оны орындау құрал­дарын айқындайды.

Қайнар Қалдыбай,

PhD, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті­нің

қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы,

Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ мүшесі


Кейін қарай