Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Ақпан, 2022

152

ҚХА мүшелері қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтайды

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Осы мерекеге орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ізгі тілектерін білдіреді.

Алғыс айту күні жыл өткен сайын ерекше жаңа мағына мен мазмұнға ие болып, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күніне, тарихымыздың символына айналды.

Біз әртүрлі күнтізбелік, діни, ұлттық және мемлекеттік көптеген мерекелерді жыл бойы атап өтеміз. Алғыс айту күні тағдыр тәлкегіне ұшырап, қазақ жеріне табан тіреген халықтардың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан адами сезім қойнауынан туған ерекше мереке.

Қазақстанды Бүкілодақтық каторгаға қалай айналдырғаны көптеген тарихшылардың еңбектерінде сипатталған. «Карлаг», «Степла», «АЛЖИР» және басқа да көптеген «ГУЛАГ» құрылымдары жүздеген, мыңдаған халықтың соңғы панасы болды. Сталиндік қуғын-сүргін жылдары қазақ ұлтының түсі де жойылды.

Қарағанды қаласының жанында Долинка кентінде «Карлаг» мұражай кешені орналасқан. Бұл мұражайдағы көріністер көзге жас, жүрекке қорқыныш ұялатады. Көңіліңіз босамай күйзеліссіз шығу мүмкін емес. Спасск кентінде құрбандарды еске алуға арналған мемориалдық кешен құрылып, жыл сайын мұнда репрессия құрбандары жайлы естелік қайта тіріледі. Бұл қайғылы естеліктерді қазақтар мен орыстар, кәрістер мен жапондар, немістер, поляктар, вайнахтар барлығы бірге бөліседі.

Тарихы ортақ халықтардың еш айырмашылығы жоқ. Тек тағдыр тауқыметін тартқан елдің ортақ қайғысы бар. Ата-баба рухына құрмет көрсетіп, әділеттілікті қайта орнату - құрбан болғандардың артында қалған ұрпағы үшін ең жақсы жұбаныш.

Қиын кезеңде қазақ халқы өзінің қонақжайлығын танытып, үйсіз-күйсіз қалған халыққа қамқорлық көрсетті. Соңғы нанымен бөлісіп, жат жұрттықтарды бауырына басты. Депортацияланған әр отбасының бір басына жетерлік тарихы бар.

Бұл сынақтар қазақтардың да, Қазақстанға күштеп көшірілген халықтардың да үлесіне тиді және осы сынақтар бүкіл әлемге жақсылық пен достықтың, мейірбандылық пен көрегендіктің үлгісіне айналды. Қанша жылдар өтсе де, қандай заман келсе де, бұл тарих халық санасынан өшпек емес.

Бұл күні біз бір-бірімізге деген сенімді нығайтатып, рух пен адамгершіліктің, қайырымдылық пен рухани құндылықтардың мысалдарына куә боламыз. Тәуелсіздігімізбен қайта жаңғырған салт-дәстүріміз, еркіндігіміз үшін алғыс айтамыз. Уақыт кез-келген сынақты бірлікте, бір-біріне деген сеніммен және ризашылық сезімімен жеңуге болатындығын көрсетті.

Лилия Ким,

Қарағанды облысы кәрістері этномәдени бірлестігінің төрайымы

***

ҚР Тұңғыш Президентінің жарлығымен 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні болып белгіленді. Бұл айтулы мереке қазіргі таңда елімізде кең көлемде тойланып келеді. Өткен ғасырдың 30 жылдарында қазақ жеріне батыс пен шығыстан жүздеген ұлт жер аударылды. Дәл бүгінгі күн репрессияның қиын жылдарында өзге этностарды жылы қабылдап, олармен баспанасын бөліскен қазақ халқына үлкен ризашылығымызды білдіретін күн.

Негізінде адамзат бір-біріне алғыс айтып ризашылығын білдіріп жүретін болса, соғыс атауы болмас еді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп » - деген сөзді дана Абай айтып кеткендей, жұмақтың кілті - мейірімділікте екендігін түсінеміз.

Сонымен қатар, бірлігімізді одан әрі сақтау үшін мемлекеттік тілдің айналасында шоғырлануымыз қажет. Мұны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің рөлін күшейту және оның ұлтаралық қатынас тіліне айналуы туралы айтқан сәтінде ойына алған болатын.

Көктемнің алғашқы күніндегі Алғыс айту рухани мерекесі еліміздің басты байлығы - халық бірлігін одан әрі сақтауға және көбейтуге ықпал етері анық. Осындай айтулы мейрамда елімізге тыныштық, отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін!

Мухабат Турдыева,

Ұйғыр этномәдени бірлестігі төрайымы

1 наурыз – еліміздегі жалпыхалықтық мереке Алғыс айту күні. Бұл мереке 2016 жылдан бері мерекеленіп келеді. Аталмыш мейрам - біздің ортақ тарихымыздың символы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні. Бұл - Ұлы Дала елінің ұлағатты өткеніне тағзым, мәңгілік елдің бүгініне және болашағы біртұтас елдің ертеңіне деген нық сенім. Сонымен бірге, Алғыс айту күні бейбітшілік пен келісім саясатының жарқын көрінісіне айнала білді. Өзара түсіністік пен бір-біріне қолдау көрсету біздің еліміздің, біздің қазақстандық үлкен отбасының рухани қағидаты болып қалыптасты.

Бүгін біз миллиондаған адамдардың өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап Отанына айналған киелі қазақ жеріне, қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына алғыс айтамыз!

Бұл күні біз, ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, ұстаздарымызға, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз. Ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жапа шеккен қазақ халқының ұлдары мен қыздарына пана болған елге шексіз ризашылығымызды білдіреміз!

Сондай-ақ, облыстық ассамблея іс-қимылдарына жұмыла атсалысып жүрген облыстық ҚХА мүшелері мен барлық этномәденибірлестік өкілдеріне, ассамблея жастарына, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлеріне де шексіз алғысымды білдіремін! Жақсы күндеріміз көп болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ел бірлігіне нұқсан келмесін!

Парида Мамедова,

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Кейін қарай