Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Наурыз, 2022

340

Елордада «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде ҚХА төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.А.Әзілхановтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шара жұмысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, уәкілетті органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, ҚХА мүшелері, ҚХА қалалық және облыстық Аналар кеңестерінің төрайымдары, «Қоғамдық келісім» КММ және ҚХА қоғамдық құрылымдарының басшылары қатысты.

Отырысты аша отырып, М.Әзілханов қазіргі уақытта Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» Жолдауының міндеттері және осы мәселедегі Ассамблея аналар кеңесінің қызметі қоғамның жіті назарында екенін атап өтті.


«Президенттің Қазақстанды жан-жақты жаңару мен жаңғыруға бағытталған жаңа Жолдауын біз Қазақстанның әрбір отбасына, әрбір анасына арналған деп әділ және негізді қабылдаймыз. Отбасы, ана мен баланы қорғау мүдделері әрқашан Мемлекет басшысының назарында екенін атап өту керек», – деді ол.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы халық талап еткен реформаларды жүргізуді өзінің басым міндеттерінің бірі деп есептейді.

«Президенттің жаңа саяси бастамалары елдің одан әрі дамуы, мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету және билік пен қоғамның тұрақты диалогы арқылы қоғамдық келісімді нығайту мүддесінде саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жүргізуге бағытталған. Бұл бағыт пандемиядан бастап қазіргі жаһандық дағдарысқа дейінгі түрлі сын – қатерлер мен қауіптерге қарамастан жүйелі және тұрақты түрде жүргізіледі», – деп атап өтті М.Әзілханов.

ҚХА Аналар кеңесінің жұмысы туралы айта келе, спикер халықтың түрлі топтарын мақсатты қамту үшін аналардың әлеуетін тартудың маңыздылығына назар аударды.

«Бүгін біз «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асыруды ресми түрде бастап отырмыз. Жоба аясында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының кең спектрінің өзара іс-қимылының тиімді синергиясы қамтамасыз етілетін болады. Бұл жобада біз отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баса назар аударамыз», – деп мәлімдеді Ассамблея Төрағасының орынбасары.


Өз кезегінде, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасын таныстыра отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи әр бағытқа тоқталып, орталық деңгейде де, жергілікті жерлерде де қарастырылған іс-шаралар туралы айтып берді.

Отырыс барысында ҚХА-ның бірқатар өңірлік Аналар кеңесінің төрайымдары этномәдени бірлестіктердің қолдауымен өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сөз сөйледі, сондай-ақ жобаны іске асырудан жалпы нәтиже алу үшін қоғамдық институттарды тарту бойынша сарапшылардың ұсыныстары қаралды.


Қатысушылардың сөздерін қорытындылай келе, ҚХА төрағасының орынбасары – ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.А.Әзілханов мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға ҚХА Аналар кеңесіне пәрменді қолдау көрсетуді және Жобаның Жол картасын іске асыру бойынша тиімді өзара әрекет жасауды қамтамасыз етуді ұсынды.

Жұмыс соңында қатысушылар барлық айтылған іс-шаралар мен ұсыныстар толық көлемде іске асырылатынына, ал «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы ортақ күш-жігердің арқасында өзінің түпкі мақсаты мен нәтижесіне жететініне терең сенім білдірді.

Кейін қарай