Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Сәуір, 2020

2111

Елбасы мақаласына ҚХА мүшелерінің пікірлері

Коронавирус пандемиясы халық, мемлекет, тіпті шекара талғамайтынын көрсетті. Ел мен ел, халық пен халық аралас-құралас боп, тұтасып жатқан бүгінгідей жаһандану дәуірінде әлемнің кез келген бұрышында туындаған қатер санаулы уақыт ішінде отауымыздың табалдырығынан табылады деп ойладық па?!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде жаһандану үдерістерінен тыс қала алмайтындығын айтқан еді. Жаһандану Қазақстан үшін даму мүмкіндігі ғана емес, жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп беру екендігін ескерткен болатын.

Коронавирустың таралуы баршамызға ортақ үйіміз – жер планетасын мекендеген барлық халықтарға төнген қауіп екенін терең түсініп, ұғып отырмыз.
Әлем саясатының алғы шебін айқындап отырған, азуын айға білеген алпауыт елдердің өзінде індет жұқтырғандардың үлесі еселеп артып, қаза болғандар саны бірнеше мың адамды құрайды.

Індет туралы хабар шыққан алғашқы күндерден-ақ Қазақстан билігі біртіндеп күш алып жатқан эпидемияның таралу аймақтарын болжауға кірісті, індетті ауыздықтаудың жолдарын айқындап, мемлекеттік органдардың әрекет ету үдерістерін белгіледі.

Қауіпті вирус Қазақстанда тіркелген алғашқы күннен бастап еліміз күшейтілген тәртіпке көшті. Сын сағатта баршамыз тәртіпке бас иіп, елдігіміздің биік үлгісін көрсеттік.

Мемлекеттік органдармен бірлесе азаматтық ұйымдар, еріктілер қозғалыстары, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары тізе түйістіріп, адамгершілік пен сыйластыққа бастайтын іс-шаралар атқарылды.
Індетке байланысты әлемде қалыптасып отырған жағдай оңай емес екендігін Елбасы өзінің Үндеуінде атап өтті. Бізде қатерді еңсеру үшін қаржы-қаражат та, материалдық ресурс та, техника, азық-түлік те бар екендігін назарға алған Ұлт көшбасшысы алаңдауға, абыржуға негіз жоқ екендігін қадап айтты.

Бұл сыннан біз береке-бірлігімізбен, ерік-жігерімізбен өтеміз! Қиын күндер артта қалып, баянды болашағымызға бірге қадам басатынымызға сенейік, ағайын!

Мұратәлі Қалмұратов,

Шымкент қалалық ҚХА

төрағасының орынбасары

Елбасының «Бірлесе білген ел бəрін жеңеді» мақаласында елге түскен індет қауіп-қатер төндіріп отырған уақытта, еліміз өзінің бірлігімен, беріктігімен жеңетіндігін жеткізіп, халықты осындай ауыр нəубетке қарсы тұра алатынына сенім білдірді.

Бұл үшін Қазақстанның саяси, əлеуметтік, экономикалық мүмкіндіктерінің барын атап өтті. Сондықтан, құр айқайшылыққа жол бермей, ғайбат пен байбаламға салынбай, оның орнына біліммен шұғылданып, тəртіпке бас исек қана бəрін жеңетінімізді атап өтті.

Əрбір адам өзіне, отбасына жауапкершілікпен қарау керек. Себебі, ұлттың денсаулығы - мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан, біз-бірімізге көмектесе отырып, осы ауыр індеттен шығу үшін бойымыздағы ізгі қасиеттерді дамыта отырып, ұрпаққа дарыту керектігін алға тартты.

Біз рухы мықты, небір қиындықтарды жеңе білген үлкен тарихы бар елміз. Ынтымағымыз бен ырысымыз, бірлігіміз бен тірлігіміз нығая берсін!!!

Бақберген Қарабаев,

Атырау облысы ҚХА ҚКК мүшесі

Еліміздің басына қиын күн туған сәтте Елбасы елін сабырға, ақылға шақырып, өзінің жүрекжарды тілегін жолдады. Әлемді әбігерге салған бұл індеттің адам баласына ауыр тигені анық.

Елбасының әр сөзі көңілге медеу, жанға жылу. Қауіпті індетке қарсы сақтық шаралары күн сайын күшейтілуде. Осы орайда ортақ заң мен тәртіпке бағынып, өз денсаулығымызды қорғауымыз керек. Бүгінгі Елбасымыздың мақаласында да қауіпсіздік пен ынтымақтастық сөз болып отыр. Жасалып жатқан қолдау мен қорғау шаралары еліміздің кемел келешегі үшін екенін ұмытпайық. Еліміздің мызғымас бірлігі мен қайсарлығының арқасында бұл індетті де жеңеріміз сөзсіз.

Біз келешек жас ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезініп, халқымызға жол сілтеуіміз керек. Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтай отырып, «Мәңгілік ел» болуымыз керек.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Мемлекетіміз ғұмырлы болсын! Біз біргеміз, берік іргеміз!

Светлана Жанғали,

Атырау облысы ҚХА

Индер аудандық Аналар

кеңесінің төрайымы

Халқын сабырға шақырып, елінің амандығын тілеген Елбасы өзінің білікті, өткірлі саяси көзқарасы бар, өз туған жерінің нағыз патриоты екендігін көрсете білді.

Ойшыл даналар мен өткір тілді ақын-жазушылардың сөздерін өз мақаласында келтіре білген Тұңғыш Президент халықты бірігуге, тарихта бұрын-соңды болмаған коронавирус індетімен бірлесе күресуге шақырды.

Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі. Пандемия мұнайдың бағасын құлдырап, кәсіпорындардың жабылуына, кәсіпкерліктің дағдарысқа ұшырауына әкеп соқтырды.

Жаппай жұмыссыздық көбейді. Елде бұрын-соңды болмаған дағдарыс орын алды. Дей тұрғанмен, біз бірліктің арқасында бұл қиындықтан аман-есен шығатынымызға кәміл сенемін. Әлеуметтік желілердегі алып-қашпа әңгімелерге сене бермей, ресми ақпараттарға құлақ асайық. Айналамызды қорқынышты ақпаратпен үркітпей, керісінше бір-бірімізге қамқорлық танытып, замандастарымызды бірлікке шақырайық.

Райса Биткова,

Атырау облыстық славян

ЭМБ төрайымы

Елбасы үндеуі – Тұңғыш Президентіміз үнемі халықпен бірге және оларға қиын-қыстау кезеңінде әрдайым қол ұшын беруге әзір екендігінің айғағы.

Елбасы өзінің Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде оандастарын әлемде болып жатқан қилы өзгерістер барысында сабырға келіп, өзінің орнын табу керектігіне назар аударып, өмірде болып жатқан ақиқаттарға бойсынуға болмайтынын және денсаулыққа асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Расымен де, коронавирус пандемиясы төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп қана қоймай, адам өзінің өзімшілдігін қойып, бір-біріне жақынырақ болу керектігін түсінгендей. Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында адам бәрін өзінен бастау керектігін аңғартып, сонымен қатар өзінің құндылықтарын ой елегінен өткізгендері жөн екенін алға тартты.

Қазіргі уақытта коронавирус дертінен құтылу – әлем бойынша өзекті мәселе. Біз бұл мәселеге салқынқандылық танытып, қайсарлығымызды көрсеткеніміз абзал. Бұл ретте, ұлт бірлігі – ел амандығының кепілі.

Зере Қиықова,

Ақмола облыстық ҚХА

Аналар кеңесінің төрайымы

Елбасы халқы үшін алаңдап отыр. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен сәтте баршаны сабырға, байсал­ды­лыққа шақырып, өзінің ақ тілеуін арнады.

Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.

Дәл осы тұста бәрімізге халқы­мыз­дың әрдайым үлкенге құрмет көрсе­тіп, кішіге қамқор болатын абзал қа­сиет­тері септігін тигізеді деп сенемін. Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге - сенім ұялатады.

Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуы­мыз керек. Халқымыздың бойын­дағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді, деп қадап айтты Елбасы

Сондықтан Тұңғыш Президенттің халыққа деген қамқорлығын, жанашырлығын дұрыс түсініп, туған-туыс, отбасы, әріптестер арасында қолдарын жиі-жиі жуып, бетперде тағып жүрулерін айта жүрген абзал. «Сақтанғанды құдай сақтайды». Амандықта болайық, ағайын!

Рымкеш Сламбекова,

Павлодар облыстық

«Нұр-Ана әлемі» ҚБ төрайымы


Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуі халқымыздың ынтымағын одан әрі нығайтуға тың серпін беретін дүние екенін көрсетті. Елбасы осынау қиын шақта ел экономикасының локомотиві мұнай мен газ өндірісіне ерекше мән берді.

Мақаладан туындайтын ой, ол біртұтас ел болып, бейбіт күн кешуіміз - сауатты да сабырмен жүргізілген саясаттың жемісі екендігі. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік барлық қауіп қатерге қарсы тұрар халықтық мінезіміз, ұлтжандылығымыз болмақ.

Бірлігі кеткен,тарыдай шашылған елдерді де көріп жүрміз. Қазақ халқы ыкылымнан бері парасатты, ұлы халық. Жарасқан бірлігімізді сырттан алакөздеп отырғандарға ермей, жастарымызды да тәртіпке бағынуға, заңды сыйлап құрметтеуге шақыруымыз қажет.

Дәл қазір әлем бойынша жарияланған пандемия кезінде тек тәртіп пен сабыр ғана береке бірліктің кілті болмақ. Ал ұлттық экономика мұнай мен газдың мол қоры арқылы дамуын жалғастыратыны сөзсіз.

Лесқали Бердіғожин,

ҚХА жанындағы ғылыми сараптамалық

топ мүшесі, Атырау

Мейірімді рақымды Алланың атымен !

Елбасы Н.А.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ретінде Қазақстан халқына арнаған мақаласы әрбір Қазақстандықтың көңілінен шығып, жүрегіне қонады. Себебі бұл мақала осындай қиын уақытта да Елбасы халқының басында тұрып, бірге екендігін көрсетеді.

Бүгінде бүкіл әлем халқына коронавирус қауіпті үрей сеуіп, дерттің өзінен гөрі күннен-күнге өршелене түскен дақпырты мен дабылы дүниежүзін дүрліктіруде.

Алайда, «Сақтансан-сақтаймын» демекші, төрткүл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық танытып, немкетті қарау өзіміз үшін емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізуі әбден мүмкін. Осы орайда Елбасымыз Н.А.Назарбаевтың Қазақ еліне үндеуі уақытылы және орынды жасалды.

Қазақстан көп ұлтты мемлекет қана емес, сонымен бірге түрлі дін өкілдері өзара түсіністікте өмір сүріп жатқан іргелі ел. Сондықтан біздің елімізде діни татулықты сақтау, дінаралық келісімді нығайту – үнемі Елбасымыздың басты назарында.

Қазақ халқы әлемге өзін бейбітсүйгіш, халықтар достастығын дәріптейтін ел ретінде танытты. Елбасымыздың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласында ғасырлар бойы ата бабамыздың ұстаған жолын көрсетіп, осы қиындықтан да бірліктің арқасында шығатынымызды айқындап отыр.

Елбасымыз айтқандай, жақсы салт-дәстүр ешқашан жойылмайды. Қандайда бір жағдайда барлық халықтар, бауырларымыз өздері өмір сүріп жатқан елдің заңдары мен талаптарын құрметтеуге тиіс. Мемлекет тарапынан қабылданған заң бәрімізге ортақ.

Мен имам ретінде барша мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге және Елбасмыздың үндеуін қолдауға шақырамын.

Елбасымыз айтқандай ешбір адам қараусыз қалмайды. Әрбір адамға қолдан келгенше жәрдемін көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп, сабырлыққа шақырып, демеу жасау біздің Құдай алдындағы һәм мемлекет алдындағы парызымыз.

Қазақстан гүлденіп, көркейе берсін, әлемдегі дамыған елдердің алдыңғы регінде жүрсін деген тілек-дұғамызды қайталап отырайық. Алла халқымыздың тілегін қабыл еткей! Әмин!

Жақияқажы Исмаилов,

«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы,

ҚХА мүшесі

Кейін қарай