Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Қараша, 2020

1151

«Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» тақырыбында ҚХА Кеңесінің отырысы өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті.

«Қиын жағдайға байланысты кеңес отырысын бейнебайланыс түрінде өткізіп отырмыз. Бұл жиынымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына арналады. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмысты қорытындылауға себеп болып отыр. Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленісті, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында құрылды. Бірақ, біз дәл сол кезде өзіміз үшін бір нәрсені қабылдадық. Ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек», - деді кеңес отырысын ашқан Елбасы.

Елбасы отырыс барысында кейбір күштердің этникалық мәселелерді жеке мақсаттарына пайдаланғысы келетінін, ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керектігіне тоқталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жетістіктерінің бірі «Туған жер» жобасы аясында 12 мың меценат өздерінің кіші отандарына 270 млрд теңгенің инвестициясын салды. Еліміздің барлық өңірлерінде 4,7 мың әлеуметтік-мәдени нысан жаңартылды. Біз елдің әлеуметтік және мәдени ортасын өзгертудеміз» – деді елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Онымен қоса, ҚР Тұңғыш Президенті ел азаматтары қиын сәттерде де ұйымшылдық танытып, бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатқандығына да ерекше тоқталып өтті.

«Мәселен, Арыстағы, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы оқиғалар кезінде елді мекендер қирап, көптеген адам баспанасыз қалды. Сол кезде әдеттегідей бүкіл Қазақстан жұмылды және жаңа елді мекен мен жаңа қала салды. Бұған дейін де Алматы облысындағы су тасқынынан, Шығыс Қазақстандағы жер сілкінісінен соң осылай болған еді. Коронавирус инфекциясы індеті жағдайында Ассамблея аз қамтылған отбасыларға, дәрігерлерге, мектеп оқушылары мен олардың отбасыларына көмек көрсетті. Осылайша, барлық қазақстандық өз проблемасымен жалғыз қалып қоймайтындығын біледі. Егер проблема туындасы біздің барлығымыз көмекке келеміз. Біздің әр азаматымыз үшін мықты, жауапкершілігі зор мемлекет бар және Ассамблеяда бұл мәселеде соңғы орында емес. Жоғарыда айтылғандардың бәрі топтаса келе біздің бірегейлігіміздің негізгін құрайды. Бірегейлігіміз - ұлттық кодымыз», – деді Елбасы.

Кеңес жұмысына ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев, орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшылары, Қазақстан РеспубликасыПарламентінің депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері – ҚХА төрағалары, этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының өкілдері, білім және ғылым ұйымдарының, институттардың жетекшілері, БАҚ, ҮЕҰ және қоғам қайраткерлері қатысуда. Іс-шарада сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев және этномәдени бірлестіктер, азаматтық қоғам мен жастар өкілдері сөз сөйледі.

Отырыс барысында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары болып тағайындалған «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы» Алматы филиалының төрағасы Закиржан Пірмұхамедұлы Кузиев пен ҚХА мүшесі, «Kazakh TV» телеарнасының директоры Майя Төлегенқызы Бекбаеваны таныстырды.

Сондай-ақ, Ассамблея Кеңесі барлық ҚХА мүшелері мен Қазақстан азаматтарын бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы Елбасының стратегиялық сабақтастық бағытын қолдауға шақырған Үндеу қабылдады.

Үндеуде азаматтық бейбітшілік, қоғамдық келісім мен халық бірлігі еліміздің іргетасы, қарқынды дамуының кепілі екені атап көрсетілген.

ҚХА Кеңесі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асырудың сәтті жүзеге асатынына және алдағы реформалардың жалпыұлттық қолдау табатынына сенім білдірді.


Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің

ҮНДЕУІ

Құрметті отандастар!

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған бейбітшілік пен келісімнің және бірлік саясатының жемісті жетістіктері мен толайым табыстарының жарқын көрінісі.

Қазақстан халқы тәуелсіздік жылдарында Елбасының стратегиялық басшылығымен ғасырға бергісіз жолдан өтті.

Әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан қарқынды нарықтық экономикасы бар, демократиялық қоғамдық құрылымы қалыптасқан және халықаралық зор беделге ие егемен мемлекет ретінде орнықты.

Қазақ халқы өзінің байырғы жерінің шынайы иесі ретінде айналасына 100-ден астам этносты шоғырландырып, азаматтық татулық пен этносаралық келісімнің тірегіне, дінаралық диалогтың халықаралық мінберіне айналды. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі – Нұрсұлтан Назарбаевтың үлгісі ретінде әлемдік деңгейде танылды. Қазақстанды жаңғыртудың күрделі және серпінді үрдісі, геосаяси шиеленістер мен жаһандық экономикалық мәселелер тарих сынақтары алдындағы жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында жаңа талаптар қоюда.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қысқа уақыт ішінде этносаралық даму мәселелері бойынша мемлекеттік басқарудың тұтас саласы қалыптасты. Мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту, барша этностарды қазақ халқының айналасына топтастыру бағытындағы жұмыстар тың серпінмен жалғасуда.

Барша халықты біріктірген «Біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясы уақыт сынына жауап берудің жарқын мысалы болды. Әрқашан осы қалпымыздан айнымауымыз керек! Біз Ассамблеяның барлық мүшелерін, тұтас Қазақстан халқын бейбітшілік пен келісімді нығайту бағытында Елбасы салған сара жолдан айнымауға шақырамыз.

Біз Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауының жемісті іске асатынына және алдағы реформаларға жалпыұлттық қолдау болатынына нық сенімдіміз! Біз тұрақты татулық, қоғамдық келісім мен халық бірлігі – еліміздің берік іргетасы және оның қарқынды дамуының кепілі болды және бола береді деп тұжырымдаймыз.

Азаматтардың әл-ауқаты артып, біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы өркендеп, дами берсін!

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі,

Нұр-Сұлтан қ., 2020 жыл, 11 қараша.


Кейін қарай