Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Сәуір, 2021

81

Қазақ халқының жанашырлығы мен бауырмалдығына алғыс айтудан ешқашан шаршамаймын

Биылғы Бірлік күнінің мəн-маңызы ерекше. Себебі биыл Қазақстан халқы үшін ең басты байлық пен құндылығымызға айналған Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр.


Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлт өкілдерінің ортақ Отанына айналды. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан еш жалықпаған. Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрам - Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.

1995 жылдың наурызынан бастап дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея бірнеше ұлттардың бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз - Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді.

Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық-құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білді.

Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын халықтардың бірлігі бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдырып, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз етіп, ынтымағы жарасқан ел болып қалыптастырды және ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе әлемдік тәжірибеге енуде.

Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Қиын-қыстау кезеңдерде бір шаңырақ астында паналатып, қолындағы соңғысымен бөліскен еді. Пана іздеп келгенімізде "жат жұрт" деп кеудеден итермеді, керісінше бәрімізді бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекет болып қалыптасты. Қазақ халқының көрсеткен жанашырлығы мен бауырмалдығына алғыс айтудан ешқашан шаршамаймын. Осы жерде туып—өсіп, жетілдім. Армандарым орындалып, жетістіктерге жетудемін. Туған елге өз үлесімді қосып келемін.

“Діні басқа, тілі басқа, тілегі бір” бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы - ырысы, байлығы - берекесі болып, татулығы жарасқан біздің елде өмір сүріп жатқаны жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады. Қазақ тілін өз ана тіліндей меңгеріп, қазақ жерін оттан ыстық Отаны санайтын жастардың өсіп келе жатқаны жүрегімді елжіретеді. Мемлекеттік тілді жасым біршамаға келсе де оқып жүрмін. Себебі, қазақ тілі – ұлтаралық тіл ретінде болу керек екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтады және оны білу әр азаматтың парызы деп білемі. Өзім жетекшілік ететін Берегиня ансамблінің репертуарында қазақтың ерекше әдемі әндері бар. Жалпы, қазақтың әні өте әуезді әрі әдемі иірімдерге толы.

Бүгінде Қазақстан бүкіл əлемге тараған коронавирус пандемиясымен күресуде. Бірлік күні биыл əдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Бүкіл əлемді жайлаған індет біздің елімізді де əбігерге салды. Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, күш-қуатымызды одан əрі арттыра түсеміз деген сенімдемін. Осы жолда достық, бірлік, келісім жəне өзара қолдау қағидаттарын берік ұстанғанымыз абзал. Баршаңызға мықты денсаулық пен бақ-береке, елімізге татулық пен толағай табыс тілеймін!

Светлана Гежа,

Қарағанды облысы

«Берегиня» орыс этномәдени орталығы ҚБ төрайымы


Кейін қарай