Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Мамыр, 2023

268

Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» республикалық ата-аналар форумы өтті

2023 жылдың 15 мамырында Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» республикалық ата-аналар форумы өтті.

Форумның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары А.Балаева, ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, оқу-ағарту министрі Г.Бейсембаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова, денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник, ҚХА республикалық аналар кеңесінің төрағасы Н.Шанаи, республикалық әкелер одағының төрағасы М.Айтмағанбет, Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Озғанбай, орталық мемлекеттік органдардың, өңірлік білім беру басқармаларының, жалпы білім беру мекемелерінің, қоғамдық қорлардың, құқық қорғау органдарының, ата-аналар кеңестерінің өкілдері, ғалымдар және т.б.қатысты.


Форум барысында ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтары, ата-аналар мен балаларды қолдауға арналған әлеуметтік жобалар, педагогикалық әдеп, күрделі мәселелердің оңтайлы шешімдері, ата-ана институтының маңызы, ұрпақ тәрбиесіне қоғам назарын аудару, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы, балалардың цифрлық мәдениеті және т.б. мәселелер талқыланды.

Пленарлық отырыста А.Балаева Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың форумға қатысушыларға арнаған жолдауы мен құттықтауын жеткізді. Әрі қарай өз сөзін ол «Ата-аналар қауымдастығы еліміздегі ең үлкен күшке ие, ең белсенді азаматтар. Ертеден келе жатқан отбасы құндылығы қазіргі уақытта да өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Мемлекетіміз мықты болу үшін қоғамда қуатты отбасы көп болу керек» деп жалғастырды.

«Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, 89,6% қазақстандық отбасы тәрбиесінің негізі ата-аналардың балаға деген берер үлгісі болып табылады екен. Сол зерттеулердің нәтижелері бойынша қазақстандық отбасының негізгі құндылықтары — еңбексүйгіштік, өзара сыйластық, адалдық, үлкендерді сыйлау. Сондықтан да, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі орасан зор», -деп зерттеу деректерін келтірді.


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі өз сөзінде отбасы әрбір азамат үшін қастерлі ошағы екеніне көңіл бөле отырып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Ол, сондай-ақ, ұрпақ тарбиесіне байланысты министрлік тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың күшейтілгені және түрлі жобалардың, оның ішінде дәстүрлі «Мерейлі отбасы», көптің қолдауына ие болғаны туралы ерекше атап өтті.


Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова форумға қатысушыларды ТМД елдер арасында алғашқы болып енгізілген әр қазақстандық отбасының цифрлық картасымен және әлеуметтік қолдау түрлерімен таныстырды.

Одан соң сөз кезегін алған денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник қазіргі уақытта жасөспірім балаларда кездесетін аурулар және бала ағзасына, денсаулығына зиянды тамақтармен таныстырды.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Озғанбай «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деп қарт адамдардың ұрпақ тәрбиесіне көзқарасы жөнінде айтып өтті.

Форум аясында ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Н.Шанай күрделі мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын ашып айтты. Ол өз сөзінде «Мемлекетті қоғамға не керегін зерттеп жағдай жасаушы ретінде қабылдау керектігін және оны қолдану не қоланбауы - ол әркімнің өз таңдауы» деп атап өтті. Ол сонымен қатар өзге спикерлер тарапынан айтылған гаджеттердің зиянына байланысты өз пікірін «бала ұялы телефонды, гаджеттерді білім іздейтін құрал ретіне пайдалануды қалыптастыруға ата-ана, мұғалім болып ықпал етуіміз керек» деп түйіндеді. Сонымен қатар, ата-ана мен бала, әсіресе әке мен баланың арасындағы коммуникативтік байланысты, оның ішінде ата-анасына хат жазу арқылы нығайтуымыз керек деді. Мектеп қабырғаларында аналар кеңесін оң потенциалын балалардың ата-анасына айта алмайтын сырларын ашу үшін пайдалану керек» деген пікір білдірді. Сондай-ақ, «Әжемнің ертегісі» жобаларын, заманауи әлди әндерін шығаруға ықпал етуді де дамыту қажеттілігін айтты. Н.Шанаи форум қатысушыларын әлеуметтік желілер арқылы теріс ақпараттар таратпауға шақырды. Ондайға жол бермей, қайта позитивті контентке мән беруді өтінді.

Келесі сөз кезегін алған Республикалық әкелер одағының төрағасы М.Айтмағанбет те өз сөзінде жастар арасында жүргізілген «Мен үшін Отан деген не?» деген сұрақпен анонимдік сауалнама нәтижелері туралы баяндады. Бір қызығы, 43% «ата-ана мен бауырларым», 27% «тұратын мемлекетім» деп жауап берген. Яғни, бұл «мемлекет — отбасынан басталады» деген ұстанымның дәлелі деді.

Форумда 6 секция шеңберінде ата-аналардың мектеппен, қоғаммен байланыстары, ата-аналар мен баланың саулығы, қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғалуы және цифрлық мәдениеті жөнінде мәселелер талқыланды. Ата-аналар мен балалардың цифрлық мәдениетіне қатысты секция жұмысы барысында ҚХА республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Б.Ахатай жақсылықты дәріптей отырып, балаларды әлеуметтік желілер арқылы қалай тәрбиелеу мүмкіндігіне мән берді.

Пленарлық отырыс соңында оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев форум барысында секцияларда қарастырылған мәселелердің түйіні ретінде қорытынды резолюция қабылдауды ұсынды. Ол ұсыныс қолдау тауып, резолюция жобасы қабылданды.

Кейін қарай