Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Қыркүйек, 2020

107

Ж.Түймебаев: Қазақтың тарихы мен дәстүрі барша қазақстандықтың жалпыұлттық құндылығына айналуға тиіс

14-15 қыркүйек күндері Ақмола облысы Зеренді ауданында офлайн режимде Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің өкілдеріне қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау бойынша «Қазақтану» республикалық лекторийі өтті.

«Қазақтану» жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында жасалған бастамаға сәйкес, Қазақстан этностары арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде елімізде шоғырланған жалпыұлттық тарихи сананы нығайту, ұлтты біріктіруші құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.

Қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту аталған жобаның басты мақсаты болып саналады.

Іс-шараға ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымының докторы Айгүл Сәдуақасова, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, сондай-ақ қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, қоғамдық пікір көшбасшылары Өркен Кенжебек, Эмин Аскеров, Владислав Ким, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының басшылары қатысты.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев өзінің бейнежолдауымен аталған іс-шараны қорытындылады.

- Құрметті әріптестер мен қатысушылар, cіздерді лекторий алаңында қош көрдік! Аталмыш жоба, өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдан қарқынды жүзеге асырылып келе жатыр. Іс-шара шеңберінде үшінші жылы еліміздің талай беделді азаматтары, қоғамдық саланың білікті мамандары өз білімдерімен бөлісіп келеді.

Кеше ғана алаңда Өркен Кенжебек, Әлібек Әбділдин тәрізді сарапшылармен кезедесіп, олардың ұлттық құндылықтарды жаңғырту жолындағы тәжірибелерімен таныстыңыздар. Айтылған ой-пікірлер сіздерге таңсық емес, күнделікті көріп-біліп жүрген дүниелер де болуы мүмкін. Сондықтан, бір айта кететін жайт, бұл жоба саясат саласындағы мамандарды ұлттық тәрбиенің қадір-қасиетін одан әрі өркендетуге ынталандыру деп тану керек.

«Қазақтану» жобасы біртұтас ұлт үшін аса маңызды сұрақтарға жауап іздейді. Біз кімбіз? Қайда барамыз? Қайтсек керегесі кең, шаңырағы биік жұмылған ел боламыз?»

Болашаққа бағдарымыз анық, мақсатымыз айқын және мұратымыз асқақ болуы үшін мемлекет құраушы халықтың тарихын, мәдени мұрасы мен салтын біліп-тану маңызды. Қазақтанудың түпкі философиясы қазақ үшін – «қазақ болмысын өзіне сіңіру» болса, өзге ұлт өкілдеріне – «қазақ болмысын тану». Бұл ретте этнос өкілдерінің өз табиғатын ұмытып, қазаққа сіңісіп, толық қазақилану емес. Басты мақсат – қазақ ата-бабасы қалдырған өзі мекендейтін жерін сыйлау, қазақ тілін үйренуге қорсынбау және ортақ бірлікке ұмтылу. Қазақтың тамыры тереңге жайылған тарихы мен дәстүрі бір ұлттың айналасына ғана топтаспай, барша қазақстандықтардың жалпыұлттық құндылығына айналуға тиіс.

Олай болса, екі күн ішінде ұлттық құрылыс, қазақтандыру бағыттарындағы көкейіңізде жүрген сұрақтарға жауабын іздеген боларсыздар. Әрқайсыларыңыз осы жерде алған жаңа білім мен тәжірибені өз қызметіңізде қолданып, басқалармен бөліссеңіз – ел еңсесін көтеруге қосқан үлкен үлес деп білемін.

Өткізіліп отырған іс-шара күз мезгілінің жайма-шуақ күндерімен ұласқалы тұр. Сондықтан жұмыстарыңызға тек сәттілік пен жемісті жетістіктер тілеймін! – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Кейін қарай