Юсуп Келигов: «ҚХА ширек ғасырдан бері бейбітшілік пен келісім саясатының жолбасшысы болып келеді»

Бейбітшілік пен келісім сарайында қалалық әкімдіктің ұйытқы болуымен «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында республикалық форум өтті. Келелі мәселе төңірегінде кеңес құрған конференция жұмысына мемлекет, қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, діни және ғылыми қауымдастықтардың өкілдері мен жастар ұйымдары қатысты.

Қатысушылар этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелерін сарапқа салды. Форум жұмысын қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ашты. «Зорлық, діни экстремизм, терроризм секілді қазіргі заманның сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерін еңсеру үшін Елбасы астанада әлем тәжірибесінде болмаған заманауи маңызды гуманитарлық жоба - әлемдік және дәстүрлі діндер Съездін өткізуге бастамашылық етті. Қазақстан астанасы осылайша сенім мен өзара түсіністікке негізделген діни көшбасшылардың диалог алаңына айналды. Біз 18 түрлі конфессия мен 130-ға жуық этностың бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруіне жағдай жасадық. Қазақстанда 3541 мешіт, шіркеу және храм бар, 3720 діни бірлестік өзара түсіністікте жұмыс жасауда. Мұның барлығы азаматтарды дініне, нәсіліне қарап шеттетпеудің, олардың Қазақстан азаматы ретінде тең құқыққа ие болуының және біздің басты қасиетті құндылығымыз – халықтар достығы мен бірлігінің көрінісі», - деп атап өтті Бақтияр Мәкен.


«Қазақстан бейбіт келіссөздерді қолдайды және әлемде өз мүдделестерімен бірге Сирия дағдарысын жоюға күш біріктіреді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында «қазақстандық модельді» бүкіл әлем мойындады. Және ол бүгінде көптеген елдерде бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтаудың бірден-бір жолы ретінде пайдаланылуда», - деген Бақтияр Мәкен елдегі ұлттар татулығының саяси тұрақтылыққа жол ашқанын атап айтты.

Жиналыста мәселенің өзектілігіне тоқталған Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өз кезегінде елде жүргізіліп отырған идеология саясатының қатысты қоғамдағы қате пікірлерді де атап көрсетті.

«Қазіргі заманғы сын-қатерлермен күресуде елдің бейбіт тірлігін мақсат еткен діни бірлестіктердің рөлі жоғары», - деген Дәурен Абаев дін өкілдерінің әр аймақта жергілікті халықпен күнделікті жұмыс жүргізіп отырғанын тілге тиек етті.


«Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің тәуелсіздігіміздің ең басты жеңісі - бұл бейбітшілік пен келісім» екенін жиі айтады. Біздің бірлігіміз болмысымыздан деушілерге қарсы пікір ретінде, «Бірлік - бұл халықтың көп жылдардан бергі жасампаз еңбегінің нәтижесі» деп айтқым келеді. Және біз бұл байлығымыз бен игілігімізді сұғанақтықтан қорғап, сақтауымыз керек», - деді министр. Дәурен Әскербекұлы, сондай-ақ, Қазақстанның өзара рухани келісімсіз дамуы мүмкін еместігін айтты. «Онсыз біз кез-келген жаһандық сын-қатердің алдында дәрменсіз болар едік. Және мұны мойындау керек. Елдің ауызбіршілігінің беріктігі сынақтан өтуде. Ақпараттық технологиялар ғасырында өзге этнос, өзге дін, өзге ұлт секілді өзгешеліктерді қабылдамауға негізделген сыңаржақ күштердің ықпалынан санамыздың аз қорғалғанын мойындаймыз. Олардың әлеміндегі бір ғана жақсы сенім немесе бір ғана жақсы ұлт туралы қарапайым көріністің кез-келгенді еліктіретіні ақиқат. Олар үшін өзге ұлттар өз әлемдерімен қиыспайтын бөлек дүние. Түрлі жабық кездесулерде, митингілерде, уағыздарда немесе YouTube арналардағы тікелей эфирлерде құлағына құйылған тәтті сөзден демагогия тани алмайтын жастардың бұл тұзаққа жиі түсетіндігі де сондықтан. Нәтижесінде, қоғам этникалық қақтығыстармен, Сирияның майдан даласынан қашып шыққан жүздеген отбасылардың тағдырымен, кінәсіз адамдардың өмірін жалмаған терактілермен бетпе-бет кездесіп отыр. Бұл туралы айтылуы керек және оны талқылай отырып, шешу жолдарын бірге іздеуіміз керек деп ойлаймын», - деп мәселенің маңыздылығына мән артқан министр Дәурен Абаев, форум қатысушыларына «Қазақстан зорлық идеологиясына қарсы қалай жауап бере алады?» деген сұрақты кесе көлдеңен қойды. «Оған тек өзара құрмет пен ынтымақтастық, бірлік иедологиясы ғана тойтарыс бере алады», - дейді бұл сұрақтың жауабы ретінде министр. Дәурен Әскербекұлы «идеология» сөзінің өзі қазақстандық қоғам үшін жауыр тақырыпқа айналғанын да жасырмады. Себебі, әлеуметтік желіде белсенді халықтың әрқайсысы өзін сарапшы сезінеді. Д.Абаевтың пайымдауынша қазір қоғамда еліміздегі идеологияны 3 түрлі ұстанымда талқылау қалыптасқан. Бірінші ұстаным – «қазіргі әлем идеологияны қажетсінбейді және бұл индустриалды дәуірден қалған жұрнақ» тұрғысындағы қоғамның сыңаржақ пікірімен Дәурен Әскербекұлы келіспейтінін айтты. «Қоғам өзгерді, онымен бірге оның сұраныстары да жаңа қалыпқа түсті. Мемлекет те бір орында тұрып қалмады. Тұрғындар мен шенеуніктер арасындағы қатынастың жаңа арналары пайда болды. Балабақшадан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін қамтылған орталықтандырылған өмір сүру кестесі қазір жоқ», - деді министр. Ол сондай-ақ, жалпыұлттық идеясы жоқ елдің – белгілі бір аумаққа,ал халықтың тұрғындарға ғана айналатынын айтты.


Қоғамда үстемдік құрған екінші ұстаным ретінде министр «Идеология қажет, алайда ол Қазақстанда дұрыс жүргізілмейді» деген пікірдің бар екенін айтты. Және оған жауап ретінде идеология терең қоғамдық мүдделерді ескере отырып қана жұмыс істейді деді. «Мемлекеттік стратегия халықты біріктіріп, басқаруға осы қоғамдық мүдделерді негіз етуі керек. Және бұл тұрғыдағы міндетті Елбасының ұлттық ұстанымдар жүйесін құра отырып, жүзеге асырғанын айтуымыз керек», - деген Дәурен Абаев оған мысал ретінде қоғамдағы әлеуметтік үндестікті келтірді. «Келісім елде тұратын ұлтар мен ұлыстардың бірдей пікірде болуын емес, халық үшін маңызды мәселелерді талқылау мен ортақ мәмілеге келу арқылы шешудің жолы», -деген Дәурен Әскербекұлы ұлт бірлігіне халықты бір мақсат пен мүддеге жұмылдыру арқылы қол жеткіземіз деді.


Министрдің айтуынша, үшінші ұстаным – «Қазақстанда идеология бар, бірақ, ол әлеуметтік бейықамдық, менмендік, берекесіздік дертіне ұшыраған». «Біз мінсіз емес екенімізді түсінеміз. Сондықтан да елде қоғамдық сананы жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде», - деген министр «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын мысалға келтірді. Оның айтуынша, бағдарламада дәстүрлі мәдениеттің жандануына ғана басымдық берілмеген, бұл құжаттың маңыздылығы халықты еңбекқорлыққа, өз күшіне сенуге, өзін-өзі жетілдіруге баулып, заманауи кезеңнің басты құндылықтарын қалыптастыру. Сөзін қорытындылай келе, Дәурен Абаев мұның барлығын ұлт келбетіне айналдыру үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізу керектігін айтты.

Дәурен Абаевтың сөзімен қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен де келісетіндігін білдірді. Ол Қазақстан қоғамы барлық бағыттар бойынша заман мен уақыт талабына сай жұмыс жүргізуі керек деді. Сондай-ақ, бүгінде өзара түсіністікті дамытуда түрлі діни ұйымдардың үлкен рөлге ие екендігін ескерте отырып, олардың Қазақстан халқының бірлігіне, тұрақтылығы мен дамуына күнделікті өз жұмыстары арқылы үлес қосып отырғанын да айтып өтті.


«Салыстырмалы түрде аз ғана уақыт ішінде этносаралық, конфессияаралық келісімнің экономикада және әлеуметтік салада түрен салып, ауқымды өзгерістердің ұйытқысы болғаны рас. Біз осы арқылы дамыған елдердің қатарына кіру туралы стратегиялық мақсатқа қол жеткізе аламыз», - деген сенімділік білдірді Қазақстан халқы Асамблеясы төрағасының орынбасары Юсуп Келигов.

Юсуп Келигов бұл істің оң шешімін табуында ширек ғасырдан бері бейбітшілік пен келісім саясатының жолбасшысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қазақ халқының маңына топтасқан этномәдени бірлестіктерінің маңыздылығы жоғары екендігіне де тоқталды. «1995 жылы халықтық дипломатия институты – Ассамблеяны құру арқылы біз ұлттық саясатты бәсекеге қабілеттіліктегі басымдығымыз еттік. Қазақстанның этноконфессиялық көптүрлілігі – үлкен байлық, ортақ игілік. Этностардың өз мәдени және ұлттық құндылықтарының үздіктерімен бөлісуі және танысуы үшін барлық жағдай жасалған. Қоғамдық келісім мен этносаралық бірліктің қазақстандық үлгісі көптеген шетелдік сарапшылар мен саясаткерлердің қызығуышылығын тудырып отырғаны да қуантады. Мемлекеттік теңдестірілген саясаттың арқасында этникалық және діни қақтығыстардың алды алынып, оған берік кедергі қойылды. Қазақстан азаматтарының пікірінің біртұтастығы, руханилық пен адамгершілік құндылықтары, заңды құрметтеуі – қоғам жаңаруының негізі болып табылады», - деді Юсуп Келигов.

 

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Back to the list