Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Қазан, 2020

389

Сыр елінде «Ақ орамал» акциясы қорытындыланды

Қызылорда қаласының Достық үйінде «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Ақ орамал – ізеттіліктің, инабаттылықтың белгісі» акциясы болып өтті. Акцияға «Бастаңғы» әжелер ансамблі, этномәдени бірлестіктің мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.

Тағылымы мол акция Достық үйінің фойесінде Тасбөгет кентінің Сабира Майқанова атындағы мәдениет үйінің «Бастаңғы» әжелер ансамблінің ән-шашуымен бастау алды. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі Константин Луца «Ана» туралы жырын ақ жаулықты аналарға арнады.


Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі 2014 жылы құрылған. Құрылған күннен бастап кеңес мүшелері отбасы мәртебесін көтеруге, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесіне байланысты көптеген іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Облыс бойынша 118 аналар кеңесі жұмыс жасайды. Осы орайда, акциясының алғы сөзі Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мусаеваға берілді.


Қатысушылар Аналар кеңесінің атқарған жұмыстарымен танысып, суреттер көрмесін тамашалады.

«Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының төрайымы, Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова қатысушыларға алғысын білдіре отырып, ананың қоғамдағы рөлі, «Ақ орамал» жобасының маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға ақ тілегін жаудырған, алтын алқа иегері, батыр ана Қуаныш Ахметқызының иығына ақ орамал жапты.


Акция аясында «Бауырсақ party» ұйымдастырылып, қатысушылар ыстық бауырсақтан дәм татты. Содан соң барлық қатысушылар облыстық балалар ауруханасының ауласына барып, 300-ге жуық сыр талы және жеміс ағаштарын екті.

Тал егудің соңы спорттық сайыстарға ұласты.

Кейін қарай