Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Ақпан, 2020

455

Повесть пен көркем фильмге татитын қазақ пен шешен халықтарының ажырамас достығы туралы үзік сыр

Бұл өмірде болған нақты оқиға желісі повестке немесе көркем фильмге арқау болуы бек мүмкін. Өмірдің өзі бізге «болу керек пе, жоқ па?» деген мәңгілік сұраққа жауап беруді талап етіп, күрделі шығармалар жазуға негіз қалайды. Бұл әңгімеде адам болып қалыптасуға үлес қосқан мүлде бөтен жандардың жан жылуы туралы баяндалады. Жоғалған ұлды табу үшін қайтадан әке болу талап етілді.

Ұршық зыр қағып, тағдырдың жіптері иіріледі, содан дестеленген дайын мата пайда болады. Ақ матаға қарамен өрнек салғандай.

Аңғал-саңғал вагондарда тиелген қоныс аударушылар азаппен өткізілген бір айдан соң Қызылорда ауданының Жосалы стансасына келді. Жаңа орын суық және келушілер аш болды. Кең далаға тарыдай шашылған басқа да шешен отбасыларымен бірге Дауд пен Рабиат Махмудовтар жертөле қазып паналап, қайткенде де аман қалуға тырысты. Қандай қайғы болса да, балаларды, 9 жасар Саидаминді және кішкене ғана Тамараны аман сақтап қалу керек еді.

Қазақстанның қақаған аязы мен ызғарлы қысының суықтығына төтеп бере алмай, Махмудовтардың әкесі мен анасы қайтыс болды. Саидамин мен Тамара жетім қалды.

Олар да соғыстан кейінгі көптеген балалар сияқты қаңғыбастыққа салынып, қорғансыз күйге түсіп, арнайы қабылдағыштардың бірінен бірақ шығар ма еді, кім білсін... бірақ олардың тағдыры басқаша өрбіді.

Бір күні таңертеңгілік балдырғандар тұрып жатқан балалар үйінің табалдырығынан самайын ақ шалған тәпелдеу бойлы қазақ аттады. Саидаминді көргенде ол кенеттен: «Жүр, менімен бірге тұр. Менің жалғыз ұлым соғыста хабар-ошарсыз жоғалып кетті, мүмкін сен оның орнын басарсың. Қарсы болмасаң, мен сені сол ұлымның атымен Абылай деп атайын. Менің атым - Арутдин, тегім-Кулимов…», - деді.


Сөйтіп, Саидамин Махмудов жаңа отбасына келді. Олар жұпыны өмір сүрді, шағын ғана баспана, бірақ әкесі мен анасы, әпкесімен тату-тәтті ғұмыр кешті... Өмір өз әуенімен, байыппен ғана жылжып өте берді. Ұжымшардың төрағасы қызметін атқарған әкесіне барлығы – үйдегілер де және ауылдықтар да бір ауыз сөзін екі етпей бағынып отырды. Ал ол, өз кезегінде, барлығының да өзінің асырап алған ұлына құрметпен қарауларын талап етті.

Ол әйелі Зияшкүлге: «Сен ұлыңды құдықтан су алып келуге жұмсама. Шешендерде бұл әйелдердің атқаратын жұмысы саналады. Ағаш жарсын, жылқыларды күтсін ... Ол біздің әдет-ғұрыптарымызды барлық жағынан құрметтейді, біз де оның туған жерінің әдет-ғұрпын құрметтеуіміз керек», - деп айтып, үйретіп отыратын.

Жеті жыл жеті күн сияқты зыр етіп өте шықты. Бір күні таңертеңгілік соғыстан оралған қызыл армия офицері ауылдарды, теміржол бекеттерін аралап, аман қалған туыстарын іздеп жүр деген сөз тарады. Ол өткен бес-алты жыл уақыт аралығында, кішкентай – Сайдаминнен басқа туысқандарының барлығын тапқанын айтқан.

Егер ағайындылар бір-бірін таппаса, бұл оқиға орын алмас еді. Бірақ бір-бірімен тілдесу қиынға соқты, Сайдамин-Абылайхан өзінің ана тілінде сөйлей де, өз ойын жеткізе де алмайды. Шешен қызыл әскері оған: «Сәлеметсің бе, бауырым» - десе, Саидамин оған: «Немене?» - дейді. Ол тағы да: «Мен Касыммын, мен сенің немере ағаңмын!» - дейді. Саидамин оған қатқыл үнмен: «Мен сенi бiлмеймiн…» - деп жауап береді.

Әбден бауыр басып қалған отбасынан әйтеуір кететіндігін түсінген Саидамин үзілді-кесілді «Ешқайда да бармаймын!» - деп тұрып алды. Әкесі күтпеген қонақты ұлымен оңаша қалдыруды сұрады. Ол Саидаминнің бөгде адаммен кетуге қорқып тұрғанын түсінді. Ал, мұнда барлығы туыстар, жақын адамдар, далаға да бауыр басып қалған, ендігі баратын жағы оған беймәлім. Арутдин оған баппен ғана жайлап ақылын айтты: «Балам, сенің өз Отаның бар, ол сені, ерте ме, кеш пе, шақырады, сен оны әйтеуір бір табасың ... Сен қиын кездерде маған қолдау болдың. Енді мен сені ұстап қалуға қақым жоқ ... Егер сен қайтып келуге ниет білдірсең, менің үйімнің есігі саған әркезде де айқара ашық екенін жақсы білесің. Бара бер, Алла жарылқасын!»


Бұл әңгіме мұнымен ғана бітпек емес. Арутдин Кулимовтың басқаларға жасаған жақсылықтарының бәрі оған жүз еселеп қайтты. Көп ұзамай ауылға сүйіншілеген жақсы жаңалық жетті: өзінің ұлы Абылайхан тірі екен, ол жолға шығыпты және жақын арада әкесінің үйінде болады!

Үлкен тойға барлық ауыл болып жиналды. Дастарханның төрінде, ең құрметті жерде Сайдамин, Қасым және Абылайхан отырды. Олар әкенің айтқан ақ тілегіне құлақ салып, мұқият тыңдап отыр: «Халқымызда: не ексең, соны орасың, - деген даналық сөз бар. Балаңның жүрегіне нендей ақыл-нұр құясың, ол соны әрмен қарай дамытып, келешек ұрпағына жеткізеді. Менің балаларым - менің мақтанышым. Саидамин өз Отанына кетуді ұйғарған екен, ол-дұрыс, әрі солай болуы керек те. Ол қанына тартып тұр, одан ешкім ешқайда кете алмайды. Бірақ мұнда тұрған адам, әйтеуір бір қайтып оралады, өйткені біздің жеріміз мейірманды адамдарға бай ... »

Әкенің қоштасарда айтқан сөздері пайғамбарлық болды. Көп жылдар өткеннен кейін тағдырдың жазуымен Қарағандыға Саидаминнің балалары - он ағасы мен апа-сіңлілері, немерелері мен шөберелері көшіп келді. Бүгінде Махмудовтар тұқымы шамамен жетпіс адамға жуықтайды. Біреулері Шешен елінде, енді біреулері Қазақстанда тұрады, олардың әрқайсысы туралы ұзақ уақыт айтуға болады. Барлығы да лайықты адамдар болып өсіп-өніп, өмірде өз жолдарын тапты. Олардың ішінде құрылысшылар, инженерлер, дәрігерлер, спортшылар, кеншілер бар. Үлкен ағасы Садық 1990 жылы лайықты марапатқа ие болып - 3-ші дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісін алды. Үйдің ең кішісі Ахмет, Грозный қаласындағы Ислам университетін бітіріп молда болды.

Саидамин Махмудов Кавказда тұрса да, өзінің екінші Отаны туралы ешқашан ұмытқан емес, әрдайым есінде. Ол бірнеше рет Қазақстанның қасиетті жерлеріне келіп қайтады. Қазір, жасының 76-ға толғанына қарамастан Қарағандыдағы балаларына келіп тұрады. Ол әрдайым балаларына кезінде әкесі Арутдин Кулимов айтқан сөздерін қайталап айтып отырады, бұл ізгі ниет, ақ тілек Махмудовтер әулетінің ұрпақтарының-ұрпағына беріліп келеді:

- Біз еліміз бастан өткерген қиын-қыстау уақытта өмір сүріп, көптеген ауыртпашылықты көріп өстік. Біз қандай ұлт пен ұлысқа жататындығымызға қарамастан бір-бірімізге қолдау білдіріп келдік. Ендігі кездегі біздің борышымыз – елдің ақ батасына ие болған кең байтақ киелі жерде, бір шаңырақтың астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүру. Қазір, бізде бәрі бар кезде, тек қана кейбір кездері адамдардың бір-біріне деген қарапайым ғана жан жылуының жетіспей жататыны жанға батады.

Сондықтан да, біз бұрынғы кездегі бастан өткергендерімізді ешқашан ұмытпауымыз керек және біз бір-бірімізге өкпе-реніш білдіріп, кінә артып, сынап-мінемей, алдыменен түсіністік таныта білуге талпынуымыз қажет.

Евгения Шульц,

Қарағанды

P.S: Автор материалдарды дайындау барысында

көмек көрсеткен Қарағанды облысы

"Вайнах" этномәдени бірлестігінің төрағасы

Увайс Джанаевқа алғыс білдіреді

Кейін қарай