Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Шілде, 2020

432

«Менің өмірдегі белестерім Елбасымен тікелей байланысты»

Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Түркістан облысының құрметті азаматы Дулат Әбіш Елбасымен өткен кездесуін былайша еске алады:

– Мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен алғаш 1992 жылы кездестім. Ол кезде Шымкент облыстық «Спутник молодежи» жастар газетінде тілші болатынмын.

Жерлесіміз Сергей Александрович Терещенко Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі болып тағайындалып, Халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің төрағасы қызметінен босатылды. Халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің төрағасы сайланатын болып, оған 1991 жылы желтоқсанның 1-де тұңғыш рет Қахақстан Республикасы Президентіне жалпыхалықтық сайлауда сайланған Н.Ә. Назарбаевтың қатысатындығы белгілі болды.

Бұл оқиға тілшілікке талпынып жүрген біздер үшін үлкен қуаныш, бақыт еді. Сессия жұмысына қатысып, үзіліс кезінде жалғыз сұрақ қоюдың сәті маған түсті.

- Мен, Дулат Назарбекұлы Әбіш... деп өзімді таныстыра бастап едім, Нұрсұлтан Әбішұлы: -«.. қалай, қалай, қайталашы», - деді.

- Мен, Дулат Назарбекұлы Әбіш «Спутник молодежи» жастар газетінің тілшісі, - деп өзімді таныстырдым. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің жайдары, әдемі күлкісімен жымиып:

- Ал, енді сұрағыңды қоя бер, - деді.

Мен Тұңғыш Президентке Тәуелсіздік тізгінін енді ғана алған Қазақстан мен Кемерово облысының экономикалық қарым-қатынастары туралы сұрақ қойып, тұщымды жауабымды алдым. Міне, Елбасыны алғаш көруім және әңгімелесуім де осы кезең болады. Тарихи сәттердің біріне айналған бұл кездесу – менің ғұмыр бойы журналистика саласында айрықша шабытпен, құлшыныспен еңбек етуімнің негізі болғандығын әрдайым айтып жүремін, мақтан тұтамын. Еліміздің бірінші басшысының қарапайым ауылдағы тілші сауалын зейін қойып тыңдауы – осы күнге дейін санамда жаңғырып тұр..

Сол жылы тұңғышым дүниеге келді. Есімін Нұрсұлтан қойдым. Жастайынан Оңтүстік өңірінде зеректігімен көптің көзіне түскен Нұрсұлтан журналистік зерттеу арқылы Елбасы білім алған оқу ордасы Украинаның Дне́продзержи́нск қаласындағы техникалық училищеде болып, Ұлт Көшбасшысына алғашқы тәлім берген ұстаздарымен кездесті. Днепродзержинскідегі ұстаздармен болған кездесу – сол кезеңнің өзінде-ақ естелікке айналарын кім білген?! Теміртаудың Тұңғыш Президенттің өмірінде алар орны ерек. Еңбек жолын бастаған өлкенің де өзіндік тарихы бар. Ұлым Нұрсұлтанның Теміртауда болып, домна пешінде жұмыс істеу арқылы қалыптасқан ірі тұлғаның өмірбаянына қызығушылығының артқандығы әке ретінде мені де марқайтқандығын жасыра алмаймын. Елбасы туған топырақта, нағашы жұртында, кәсіби білім алған Дне́продзержи́нскіде ізінше мен де болдым.

Тұңғыш Президентпен болған сұхбат 1996 жылы «Айғақ» атты газетті, ал 2007 жылы телеарнаны ашуыма негіз болды. Журналистік өмір осылайша жалғасып жатты. Тәуелсіздіктің арқасында 2000 жылы Астанада өткен Қазақстан журналистерінің I Конгресінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтан кейін баяндама жасадым. Ал, 2013 жылы Иордания мемлекетінің астанасы Амманда ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев атындағы көшемен жүріп, мақтаныш сезімі кернеген көрнекті хабарды көрермендерге ұсындық.

Тұңғыш Президенттен үш рет Алғыс хат алдым. Елбасының өкімен «Айғақ» телеарнасының ұжымына Алғыс та жарияланды. Сондай-ақ, Ұлт Көшбасшысының Жарлығымен «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері атандым.

Елбасы құрған «Нұр Отан» партиясының мүшесімін.Түркістан облыстық мәслихатының депутатымын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi — Елбасы құрған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін.Н.Ә.Назарбаев төрағалық жасайтын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша жетекшісімін.

Осы жетістіктерім үшін Елбасыма алғысым шексіз.


Кейін қарай