Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Қыркүйек, 2020

182

Ұлттың рухани алтын тұғыры

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай- рухани реформатор» мақаласына орай ҚХА-ның Бейнеу ауданы бойынша сарапшысы Шайқы Азанов өз ой-пікірін білдіреді.

Мемлекет басшысы «Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді» дей отырып, қазіргі таңдағы ең басты төрт мәселеге - ең алдымен білім игеру, екіншіден, тәрбие, үшіншіден, жаңа кәсіп игеру, төртіншіден ынтымақты нығайтуға баса мән берген екен. Бұлардың төртеуі де өзекті мәселелер екенін көріп жүрміз. Жасыратыны жоқ, ой қуып, ғылым-білімді терең игеруге шабандау болғанымызбен той тойлауға келгенде жарыса зулап, алдымызға жан салмайтынымыз рас. Осы әдеттен арылып, интеллектуалды ұлт қаыптастыруға атсалысқанымыз жөн. Ұрпақ тәрбиесінде де олқы тұстарымыз аз емес. Жастарды ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетіне сәйкес тәрбиелегенге не жетсін. Сонымен қатар Абайдың сөзімен айтқанда, «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек». Ал елдің ынтымағын нығайтуға байланысты Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі бүгінгі таңда өзекті болып отыр.

Мен бұл мақаламда елдің ынтымағын нығайту бойынша ойларымды ортаға салмақпын. Кең дүниені пандамея тарылтып, қаржылық дағдарыс белең алған қазіргі кезде адами болмысымыздың бедері айқындала түсті. Бірқатар адамдардың індетке қарсы карантин талаптарына бағынбай, іс-шаралар өткізіп, мемлекет тарапынан беріліп жатқан қаржылай көмектерге көңілі толмай, наразалық танытатындарын көріп жүрміз. Кейбір азаматтар өздерін халық қамын жейтін белсенді етіп көрсетуге барын салып, әлеуметтік желілерде билікке қарсы наразылық танытып, алаңға шығуды насихаттап жүр. Соның ішінде өзіміздің қазақтың аналары мен келіндері «біз ашпыз» деп көз жасын көлдетіп алаңға шығуға ұялмайтын болып алды. Мұндай жағдай елдің құт-берекесін қашырып, ынтымағын әлсіретеді.

Халқымыздың басынан не бір зұлмат күндер өткеніне тарих куә. Қандай қиын кезеңдерде де әйелдер алдымен азаматына арқа сүйеген. Бәрін айтта бірін айт демекші, кешегі 1993-1998 жылдарда ел тұрмысы шын мәнінде ауыр болғанын көрдік. Сол жылдарда «ойбай, қиын болды» деп айқайлап алаңды толтырып шулап жүрген әйелдерді көрген жоқпыз. Қазір, карантин шектеулері созылып кеткенімен, халық тоқ, заман тыныш, оның үстіне үкімет бұқараның қамын қамдап, түрлі көмек көрсетуде. Мұндай кезде аналар мен келіндер елдің амандығын Алладан тілеп,үйлерінде отырса екен, деймін. Тұрмыс аналардың айқайымен емес, адал қызметі, ақ тілегімен түзеледі. «Тойханалар неге ашылмайды?» деп сұрақ қойып жүрген кейбір азаматтар да ойлануы керек. Әлем елдерінің беталысы асып-төгіп, шашылып той тойлауға емес, ақыл-ой, парасат-пайым, білім-ғылыммен дамуына бұрылған кезде біз де сол бағытқа көшейік.

Әрбір азамат Қ.Тоқаевтың «Абай-рухани реформатор» атты мақаласын толық оқып, одан зерделі ой түйіп, «Абай-ұлттың рухани алтын тұғыры. Одан өнеге алайық» деген тоқтамға келсе, құба-құп. Мемлекет басшысы аталған мақаласында «Менің тапсырмам бойынша үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді (бірақ жұмыс күні болып қала береді). Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес, тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда» деген сөздеріне толық қосыламын. Ұлы Абай - ұлттың рухани алтын тұғыры екені анық.

Кейін қарай