Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Шілде, 2020

1186

ҚХА елорда күнімен құттықтайды

Құрметті отандастар! Сіздерді Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік мереке – Елорда күнімен шын жүректен құттықтайды! Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы – ірі халықаралық іс-шаралар өтетін орталық, қазақстандықтардың бірлігі мен болашаққа сенімінің мызғымас тұғыры, ұлттық мақтанышымыз.

Жаңа астана қастерлі Тәуелсіздіктің және Қазақстан халқының жасампаз энергиясының символына айналды. Серпінді дамудың сапалық көрсеткіштері ауқымды құрылыс көлемімен, халықтың өсу қарқынымен, ірі әлеуметтік-экономикалық және мәдени-білім беру кластеріне айналуымен расталады.

Нұр-Сұлтан қаласының дара дамуы қазақстандықтардың ой-өрісі мен өмірінің жаңа белесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жас қалада жастардың өзін-өзі жетілдіруі, көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу, азаматтардың рухани жаңғыруы үшін барлық жағдай жасалған.

Елорданың атауы айшықты бастамалардың авторы және шабыттандырушысы – Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен аталатыны тарихи тұрғыдан орынды.

Елбасы құрылыстың барысын өзі жіті қадағалады, Елорданың көрікті жерлерінің бастамашысы болып, ерекше сәулет стилін енгізді, жас қаланың әрбір көшесінің абаттандырылуына баса назар аударды.

Елбасының қажырлы еңбегінің нәтижесінде Қазақстанда бүкіл елдің дамуына қуатты серпін берген сәулетті шаһар салынды.

Нұрсұлтан Назарбаев ХХ және ХХІ ғасырлардағы ең көрнекті саясаткерлерінің бірі болып саналады. Біздің бәріміз үшін Елбасы көшбасшы табылады және мәртебесі әрқашан биік.

6 шілдеде біз Елорда күнін атап өтеміз және елі сүйген Елбасын мерейтойымен құттықтаймыз! Ақиқатында, бұл даталарды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес.

Осы маңызды күні барша қазақстандықтарға мықты денсаулық, татулық пен келісім, Елордамыздың өркендеуін, Елбасыға денсаулық, амандық пен бақ-береке тілейміз.

Айтулы мереке жүрегімізге қуаныш ұялатып, Қазақстанның келешегін кемелдету жолында алға қойған мақсаттарға жетуге сеніміміз нығайып, күш-қуатымыз шыңдала берсін!


Кейін қарай