Елордадағы Көктал тұрғын үй алабында Қоғамдық келісім Кеңесі құрылды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында №68 орта мектеп-лицейі ғимаратында елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы талқыланды.


Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауына байланысты әлеуметтік мәселелердің талқылануына басымдық берген кеңес мүшелері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына байланысты өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, тұрғындар мен атқарушы билік арасындағы алтын көпірге айналған қоғамдық ұйымдардың тиімділігін арттыру мақсатында Көктал тұрғын үй алабында Қоғамдық келісім кеңесін құруды ұсынды. Мұны қуана құптаған ауыл тұрғындары кеңес мүшелігіне өздері де кіруге мүдделі екендіктерін жеткізді.


«2016 жылы Көкталда естеріңізде болса, толарсақтан саз кешіп жүргенбіз. Бүгін елдің жағдайының жақсарғандығының дәлелі сол, көшелердің барлығы асфальтталып, әкімшілік ғимараттар салынды. Қазір Көктал-1 ауылында 18000, Көктал-2 ауылында 20000 тұрғын тұрады. Бұл ауылдың өсіп келе жатқандығының айғағы. Елдің болашағы жастардың қолында, сондықтан бұл қоғамдық кеңестің жұмысына ауыл ақсақалдарымен қатар, белсенді жастарды да тарту керек», - деп өз ойын білдірді қалалық мәслихаттың депутаты З. Гаипов.

Кеңес отырысына қатысушылардың мақұлдауымен Қоғамдық келісім кеңесінің бастауыш ұйымын құру туралы хаттама толтырылып, оның төрайымы болып №68 орта мектептің директоры Күнімбала Баяхметбаева сайланды. 

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Back to the list