Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Шілде, 2020

313

«Елбасының ақ батасын алғанмын»

Елбасынының Қазақстанның үздік қыз-келіншектеріне арналған салтанатты қабылдауында болу мәртебесі бұйырды.

Мерекелік жүздесуде мен қазақтың ақын қыздарының атынан тіл қатып, өлең оқыдым. Жүрекжарды жырымды ықыласпен тыңдаған Елбасы жылы лебізін арнап, шынайы көңілмен батасын берді. "Қазақтың ақын қыздарының жолымен жүріп келесің, өнерің өрге жүзсін, шабытың таси берсін!" деген риясыз тілегі санамда жаңғырып тұр.

Салтанатты қабылдау, ресми жүздесу болса да ​сол жерде отырған баршамызға әкелік ақыл-кеңесін айтып, байыпты бағыт-бағдарын ұсына тіл қатты. ​Отбасының берік болуы тұтас ұлтымыздың іргетасы екенін тілге тиек ете отырып, "Сіздер әрқайсыңыз өз салаңызда үздік деп танылған, ел дамуына үлес қосып жүрген талантты,білімді жансыздар. Алайда, ер азаматты төрге оздырып, еңсесін әркез тік ететін мына өздеріңіз. Қанша мықты болсаңыздар да, отағасының алдында иіле салыңыз, кішіпейіл, мейірімді болыңыз.Азаматтарыңызға жылы сөз, риясыз мақтан айтып жүрсеңіздер, ер адам да кейде бала секілді, жылы сөз, жылы қабақтарыңыздан қуат алады, алғы күнге сеніммен ұмтылады. Осыны қашанда жадыңызда ұстаңыздар!" деп аталық қамқор кеңесін білдірді. Мемлекет басшысымен еліміздің Ақордасында болған бұл жүздесу, жадымызда жаңғырып тұратыны, есте мәңгі сақталатыны анық. Келбетінде​ салиқалы салмақтылық, кескінінде бір қарағанда қаталдық тұнған кемеңгер​ тұлғаның жанарынан жылылық пен қамқорлықты және көріп,толқыдық. Тарихтың төл парақтарында есімі мәңгі айшықталар ұлт көшбасшысының сындарлы саясаты елімізді береке-бірлікке үндеп, отаншылдыққа шақыратыны айқын.

Толқын Қабылша,

Сыр елінің ақыны,

халықаралық жазушылар одағының,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


Кейін қарай