Бақтияр Мәкен: Президент Жолдауда жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда ҚХА-ның рөлі жоғары

Елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі өкілдерінің және ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының, ҚХА этномәдени орталықтары мүшелерінің, ҮЕҰ мен жастар ұйымдарының қатысуымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.


Жиналысқа Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен төрағалық етті. Жолдауда басымдық берілген мәселелерді саралап өткен Бақтияр Макенұлы Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының да рөлі жоғары екенін атап өтті.

«Республикалық деңгейде Ұлттық сенім кеңесінің құрылуы - мемлекеттің діңгегі сенім мен татулық екенін дәлелдейді. Жолдауды осы тұрғыдан салмақтар болсақ, Ассамблеяға ел дамуы үшін өзектілігі жоғары мәселе артылып отырғанын байқаймыз», - деген Б. Мәкен, Нұр-Сұлтан қаласының мәдени-әлеуметтік қана емес, сондай-ақ, экономикалық дамуында үлесі қомақты Ассамблеяның қалалық бөлімшесінің жұмысын өзге де өңірлерге үлгі етіп көрсету керек деді.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов Президент Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауын Парламент сессиясының ашылуында жариялауы тарихи сәт және белгілі дәрежеде Парламенттің мемлекеттің дамуындағы рөлін айқындап берді деді.

«Президент міндеттеген тапсырмалардың ішіндегі Ассамблея үшін өзектісі – қоғамдық келісімді нығайту болып табылады. Мемлекет басшысы қазақ халқының мемлекетті құраушы ұлт екенін және қазақ тілінің алдағы уақытта ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын баса айтты. Бұған қол жеткізу үшін біз жоспарлы түрде жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек», - деді тіл мәселесін мемлекеттік деңгейде қолға алуды қолдаған С.Әбдірахманов.


Еуразия ұлттық университетінің ҚХА кафедрасының доценті Халил Маслов Жолдауда басымдық берілген тағы бір мәселе – мемлекеттік тілді дамытуға байланысты Ассамблея тарапынан жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады. «Бүгінде Достық үйінде қазақ тілін үйрету курстары ашылып, жұмыс  жасауда. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінен 50 адам дәріс тыңдап жүр. Сондай-ақ, Достық үйінің жанынан «Мәміле» қазақ тілі клубы құрылды. Мемлекеттік тілді игеремін деушілерге барлық мүмкіндіктер жасалуда»,- деген беларусь ұлтының өкілі Халил Борисович өз ойын таза қазақ тілінде жеткізді.


Ал Парламент Мәжілісінің тағы бір депутаты Юрий Тимощенко мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға жасалған шараларға тоқталды. Юрий Евгениевичтің айтуынша, бұл тұрғыда бизнес өкілдері де өздеріне жауапкершілік алулалары керек.

«Мемлекет қай уақытта да шағын және орта бизнестің аяғынан тұруы үшін қолдау, қорғау шараларын ұйымдастырып келеді. Олардың салықтан 3 жылға дейін босатылуы шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді және жаңа бизнес-жобаларды дүинеге әкеледі деп сенеміз. Сондай-ақ, бизнес өкілдері де мемлекет пен халық алдында жауапкершілігі бар екенін ұмытпай, қоршаған ортаны қорғауға, жергілікті әлеуметтің әлеуетін арттыруға байланысты сәйкесті шаралар қабылдаулары керек», - деді Юрий Евгениевич.


Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған миллиондаған қаржының мақсатты жұмсалуын бақылауға алу керек деді.

«Ауылды, ауылшаруашылығын көтеру арқылы біз ертеңгі болашығымыздың кепілдігін қамтамасыз етеміз. Ендігі мақсат – шикізаттық экспорттан шығып,  өнім өндіруді қолға алуымыз керек», - деген Ю.Тимощенко Елбасының этностардың тарихи отандарымен экономикалық ынтымақтастық орнатуға мұрындық болулары керек деген тапсырмасына орай Украина кәсіпкерлерімен Іскерлік кеңес құру жұмыстары басталғандығын айтты.

Депутаттың сөзіне қолдау білдірген қала әкімінің орынбасары бүгінде өкінішке орай қоғамда әлі де бюрократия қалдықтарының көрініс беретінін және соның салдарынан кейде жоба ұсынушы инвесторлардың тауы шағылып жататынын да жасырмады. Ол іскерлік кеңестің инвесторларға қатысты мәселелерді бірге талқылайтын ортақ диалог алаңына айналатындығына сенім білдірді.

Кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдаудың табыстылығын дәлелдеген Қазақстан мектепке дейінгі білім беру мекемелері қауымдастығының құрылтайшы-директоры, кәсіпкер Айшат Вагапова тоқсаныншы жылдары қолға алған шағын кәсіптерінің бүгінде үлкен отбасылық бизнеске айналғанын мақтанышпен жеткізді.


«Мемлекет басшысының отбасылық бизнесті дамытуға жасаған шексіз қамқорлығы мен оған деген сеніміміздің арқасында бүгінде бизнес іліміне балаларымызды да баулып, оның аясын кеңейтіп жатырмыз», - дейді Айшат Гиланқызы.

Сондай-ақ, Еуропалық құқық және адам құқықтары жөніндегі сараптамалық институт директоры Марат Башимов құқық саласын жаңарту мен жаһандандыруға қатысты өз ойын ортаға салды.


«Сот саласында бірнеше рефорома жасалды. Алайда, мұнда әлі де жариялылық жетіспейді. Мемлекет басшысының Жолдауында осы мәселеге басымдық берілгені қуантады. Сондай-ақ, полицияға қызметкерлерді қатаң іріктеуден өткізу арқылы алу керек деп ойлаймын. Бұл олардың өз қызметтеріне жауапкершілігін күшейтетін шара болар еді», -  деді Марат Башимов.

Отырыста сөз алған Нұр-Сұлтан қаласының Азаматтық бастамалар орталығының жетекшісі, «Камеда» қоғамдық қорының атқарушы директоры Махаббат Еспенова Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Азаматтық қоғам құру және дамыту үшін бірінші кезекте үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік қызметкерлердің бірлесіп жұмыс жасауын дұрыс жолға қою керек деді.

«Үкіметік емес ұйымдар мен мемлекеттік қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас мәжбүрлеу арқылы жүргізілмей, шынайылыққа құрылуы керек. Біздің тарапымыздан ұйымдастырылатын шараларға, көтерілетін мәселелерге қатысты мемлекеттік мекемелер де мүдделілік білдірулері тиіс», - деген Махаббат Мақсұтқанқызы жұмысын тоқтатқан үкіметтік емес ұйымдарды ресми жабудың әлегі көп екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, бір салада жұмыс жасайтын қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың жұмыс тиімділігі мен көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік көпжылдық жобаларды тәжірибеге енгізу керек деді.

«Мұндай тәжірибені Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі бірінші болып енгізіп, ҮЕҰ-мен үш жылға әлеуметтік әріптестік туралы келісімге қол қойды. Бұл мақсатқа жетудегі нәтиже табыстылығын арттырады деп сенеміз. Сондай-ақ, қазір әйелдерге, балаларға қатысты қылмыстың алдын алу, азайту туралы мәселе өзекті. Бізде гендерлік саясат, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы заңдар бар. Өкінішке орай, олардың іс жүзінде жүзеге асырылуы жеткіліксіз екенін байқап отырмыз. Сондықтан ҮЕҰ өкілдерін қатыстыра отырып, кемсітуге жол бермеу туралы нормативті құқықтық акт әзірленуі керек деп ойлаймын», - деген Махаббат Еспенова әйелдер бизнесін несиелендіру үшін белгілі деңгейде жеңілдіктер қарастырылуы керек деген де ұсыныс білдірді.

«Мәселен, өңірлердегі, әсіресе шалғайдағы ауылдарда тұратын әйелдер мемлекеттік бағдарламалар туралы жеткілікті деңгейде ақпарат ала алмайды. Оның үстіне, әйелдердің ер адамдарға қарағанда табысы да төмен және олар кепіл ретінде салатын ауылдағы жалғыз үйлері көп жағдайда банк талаптарына сай келе бермейді», - деді ол.

Қоғам белсендісі сондай-ақ, әлеуметтік тапсырыстарға бөлінген мемлекет қаражатының жұмсалуы қоғамдық бақылауға алынуы керек деген пікір білдірді. 

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Back to the list