Атырау мен Таразда Домбыра күніне орай мерекелік шаралар ұйымдастырылды

Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы fссамблеясы Домбыра күніне орай «Қасиетті домбыра» акциясын ұйымдастырып өткізді. 

домбыра 3.jpg

Оның аясында облыстық перинаталдық орталықта мерекелік шара ұйымдастырылып, оған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы және мекеме өкілдері, Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Алтын Шаңырақ» облыстық және қалалық Аналар кеңестерініңң төрайымдары, сондай-ақ, «Светоч» этномәдени бірлестігінің төрайымы қатысты.

Домбыра күні облыста дүние есігін ашқан 6 сәбидің анасына сый-құрмет көрсетіліп, мерекелік сыйлықтар тарту етілді.

«Домбыра әрдайым Қазақстанның музыкалық мәдениетінің символы болды, ол бала кезден жанымызға жақын, оның шегі әрбір адамның жүрегіне жетеді. Домбыра үні қанымызда бар, санамызда сақталған, ұлттық кодымызда таңбаланған. Сондықтан осындай айтулы мереке қарсаңында аналарымызға және олардың балаларына, отбасына зор денсаулық, қуаныш пен бақыт тілейміз. Олар біздің ұлттық дәстүрлерімізді, тіліміз бен рухани құндылықтарымызды қадірлейтін еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеп, өсіріп шығады деген зор сенімдемін», – деп тілегін жолдады мекеме басшысы Жанат Доскалиева.

домбыра 6.jpg

Облыстық, қалалық Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестігінің төрайымдары аналарға салтанатты түрде гүл шоқтарын табыстаса, мерекенің басты белгісі – қазақтың қасиетті қара домбырасын алғаш сәбиі дүниеге келген Жақсимовтар отбасына тарту етті.

Сондай-ақ, осындай айтулы шаралар ауқымды түрде облыстың Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарында да ерекше аталып өтті.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы перзентханалар мен перинаталдық орталықтарда мереке күні бірінші болып дүние есігін ашқан нәрестеге домбыра сыйлау рәсімі өтті.

DSC_0274.JPG

Мұнда мереке күні Талас ауданы Ойық ауылының тұрғыны - Мадина Бапенова Зейнұр есімді ұл баланы дүниеге әкелген. Нәрестеге Жамбыл облыс Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері ҚХА логотипі бар ұлттық аспап – домбыраны салтанатты түрде тарту етті. Әрі сыйлықпен бірге сәбиге жазылған ақ тілек қағаздары қоса берілді. Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова домбыра күнін атап өтудің маңыздылығына тоқталып, ақ жаулық жапты. Онымен қатар нәрестеге облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің қызметкері, әрі жас ақын Берекет Қосбергенов сәбиге арнап арнау өлеңін айтты.

DSC_0313.JPG

Ассамблеялықтар Жамбыл облыстық перинаталдық орталығынан кейін № 1-қалалық көпсалалы аурухананың перзентхана бөлімшесіне келді. Мұнда аталған мереке күні Гүлжайна Алсиева есімді Тараз қаласының тұрғыны Фариза есімді қызбаланы дүниеге әкелген. Перзентін бауырына басып, қол-аяғын енді жинап жатқан ана қызына қазақ халқының белігілі ақын қызы, поэзия падишасы Фариза Оғарсынованың құрметіне қойылғанын айтып ағынан жарылды. Нәресте Фаризаға да ҚХА логотипі бар домбыра табыс етілді. Ассамблеялықтар Фаризаның анасына ақ орамал тарту етті.

Дәл осы күні Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының Қалалық перинаталдық орталығында Жамбыл ауданы Шайқорық ауылының тұрғыны Алуа Сейіткәрімова Айзере есімді қыз баланы дүниеге әкелген. Айзереге ассамблеяның арнайы домбырасы, анасына ақ орамал табысталды.

DSC_0360.JPG

Сондай-ақ, дәл осы күні дүниеге келген барлық бүлдіршіндерге арнап Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері ыстық лебіздерін білдіріп, «болашақтары жарқын болсын, елім, жерім деген азаматтардан болсын!» деп ақсақалдар ақ баталарын берді.

Сәбилерге арнап «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Антонина Беляева «Анасы бар адамдар» әнін қазақ тілінде шырқап берді.

Сонымен қатар, ұлттық домбыра күні тек облыс орталығында ғана емес, аудан көлемінде де кеңінен тойланды. Мереке күні бірінші туылған нәрестеге ҚХА домбырасы Жамбыл облысының он ауданының бәрінде жүзеге асырылды.

Back to the list