Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Ақпан, 2020

1395

Қарағандыда Еркіктілер жылы салтанатты түрде бастау алды

Қарағандының Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Еріктілер жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.


Еркін форматта өткен кездесуге облыстың қалалары мен аудандарының волонтерлері, этномәдени бірлестіктердің, білім, спорт және дене шынықтыру басқармаларының, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, студенттер, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл елімізде Еріктілер жылы болып жарияланды. Өңірлердің барлық Достық үйлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясы еріктілер қозғалысының орталықтары ашылды. Бүгінгі таңда Қарағанды ҚХА волонтерлік қозғалысының орталығында 200-ге жуық еріктілер бар.


Іс-шара барысында жастар арасындағы еріктілер қозғалысын жоспарлау және жұмыс келешегі туралы облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев баяндады.

«Жақсы бастамалардың жаршысы болған Жастар жылы Еріктілер жылына жалғасуда. Біреуге қол ұшын беріп, қолдау көрсету, көмек қолын созу – жүрек қалауы. Қайырымдылық жасау арқылы басқаға үлгі көрсете отырып, еріктілер қоғамға үлкен септігін тигізуде. Облысымыздың барлық ерікті жастары ауқымды жұмыс атқаруда», - деді Н. Арғынұлы.


«Қарағанды ҚХА Еріктілер қозғалысы бірнеше бағытта жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай «25 ізгі қадам» акциясын бастадық. Бұған қоса, қала тұрғындарының өтінішін қабылдау мақсатында жедел байланыс желісін іске қостық», - дейді Достық үйінде ашылған Қарағанды облысы ҚХА Еріктілер қозғалысының жетекшісі Дамир Меңдібеков.

Қорыта айтсақ, шараға жиналғандар еріктілік қызмет – бұл ортақ міндет екеніне баса назар аударды. Қиналғанға, асыраушысынан айрылған балаларға қолдау көрсету, қарияларға жәрдемдесу – ортақ іс.

Атап өтейік, Қарағанды облысы ҚХА еріктісі болу үшін volonter_ank@mail.ru электронды поштасына өтініш жіберу керек. Жалпы алғанда аймақта 89 еріктілер қозғалысы жұмыс істейді.


Кейін қарай