You are here

Ташкенттегі қазақ ұлттық мәдени орталығының 25 жылдығы

24.05.2017, 12:45   316

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Мерекелік іс-шараға Оңтүстік Қазақстан облысынан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бастаған делегация арнайы барып, көрші елдегі қазақ ағайындардың қуанышына ортақтасты. 

Төлеби бабаның басына құран оқып, зиярат етуден басталған дүбірлі тойда қазақстандық делегацияның атынан сөз алған Мұратәлі Оразалыұлы Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының екі ел арсындағы достық қарым-қатынасты нығайту бағытындағы жұмысын жоғары бағалап, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбайдың, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың мерейтойға арнаған құттықтау хаттарын оқып берді.  Қазақстаннан әкелінген 750 дана кітап сол елде тұратын ағайындарға таратылатынын айтты.

Соған қоса, Ташкенттің төрінде қазақ ән-күйінің үні өшпесін деген ниетпен домбыра мен қобыз, оңтүстік жұртшылығы атынан қазақ мәдени орталығына барлық жасау-жабдығы бар ақ шаңқан киіз үйді тарту етілді. 

Мерекелік іс-шарадан соң Қазақстаннан барған делегация Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаевтың қабылдауында болды. Әрі қарай, сондағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ташкенттегі тарихи-мәдени орындарды аралады. 

Өзбекстан Республикасындағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсеновтың айтуынша бүгінде аталмыш елде 1,5 млн. қазақ тұрады. Қазақ тілінде оқытатын 396 мектеп бар. Қазақ мектептерін бітіргендер үшін 4 арнаулы оқу орнында білімін жалғастыруға мүмкіндік жасалған. Мәдени орталықтың жанынан құрылған әдебиет клубы өзбекстандық қазақ тілді ақын-жазушылардың кітабын шығаруға мұрындық болуда. Олардың шығармалары өзбек тіліне де аударылады.

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15