Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Қыркүйек, 2019

2301

Отбасы мерейі артқан күн

Отбасы институты қоғам дамуының тірек күшіне айналды. әлеуметтің әлеуетін ғана емес, сондай-ақ, ұлттың сапасын арттыру бүгінгі күннің басымдық берілер мәселесі болып отыр. Қоғамның жаңа бір мүшесі от басында қалыптасады, оның өз отанын сүюі де ұяда көрген-білгенінен басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығының ақиқаты да осында.

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда отбасы құндылығына назар аударту, ата-ананың баласы алдындағы, баланың әке-шешесі алдындағы жауапкершілігінің маңыздылығын арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын мемлекеттік деңгейде өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Конкурс ел ішіндегі «ана көріп, тон пішкен, әке көріп оқ жонған» отбасыларды тауып, күллі Қазақ еліне үлгі ретінде ұсынды. Отбасының рөлін арттырған мұндай шара жаһанданған әлемнің өкшесін басуға ұмтыламын деп, кей кездері бабалар аманатын ұмыт қалдырып бара жатқандай көрінетін ұрпақтың ұлттық құндылыққа қайтып оралуы үшін де қажет қадам болатын.

Сонымен әлқиссса... өткен сенбіде орталық концерт залында дүркіреп өткен «Мерейлі отбасы» ұлтық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне елдің түкпір-түкпірінен он жеті шаңырақ иесі шақырылды. Аталмыш шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламентінің депутаттары қатысты.


Марапаттау рәсімін ашқан Бердібек Мәшбекұлы Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды. Онда мемлекеттік маңызы зор іс-шараның Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі екендігі айтылды. Бердібек Сапарбаев пен Гүлшара Әбдіқалықова финалист-отбасыларға дипломдар және Қазақстан Республикасының Бірініші Президенті-Елбасы қорының атынан арнайы сертификаттар табыс етті.


Конкурс жеңімпазын анықтауға күллі қазақстандықтар атсалысты десек те болады. Ол 30 тамыздан 6 қыркүйекке дейін өткізілген смс/интернет арқылы дауыс беру қорытындысы бойыша анықталған. Жабық конвертте жеткізілген, көпшіліктің таңдауы түскен «Мерейлі отбасын» Бердібек Мәшбекұлы жария етті.


Бірнеше айдан бері өкізіліп келе жатқан аудандық, өңірлік деңгейдегі додаларда үлгілілігімен үздік деп танылған он жеті отбасының елорданың төріне қолұстасып келуінің басты себебі - демдерін іштеріне тартып күткен сын сағаты осы кез болатын. Сонымен, 2019 жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағына мұнайлы Атыраудан келген Тілекқабыловтар отбасы лайықты деп танылды.


Әулеттің қазынасы сексеннің сеңгіріне шыққан Аймекен Қабдешқызы 8 баладан 28 немере 16 шөбере сүйіп отырған алтын құрсақты ана. Әулет атынан келген оның қарашаңырақтағы балаларына Бердібек Мәшбекұлы шағын автобустың кілтін тапсырды. 

Жүлдені табыстау сәтінде көңілінің толқығанын жасыра алмаған Асхат Тілекқабылов: «Бұл қуанышты біздің әкеміз бен анамыз көріп, осы сахнада солар тұруы керек еді. Өкінішке орай әкем өмірден өтіп кетті, ал анам болса денсаулығына байланысты келе алмады. Алайда, әкеміз бен анамыздан алған тәлім-тәрбиені өміріміздің басты ұстанымымыз мен бағытымызға айналдырған біз, оны өз балаларымыздың да бойына сіңіруге тырыстық. Ең бастысы, елге қызмет етсек дедік. Себебі, әкем өмірін ұстаздыққа арнаған жан болатын. Алдағы уақытта балаларымыз осы жолды жалғастырады деп сенеміз», - деді.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс алғаш рет өткізілген 2014 жылы оған 1298 отбасы қатысқан болса, бүгінгі күні бұл сан екі есеге дейін артқан.

Отан отбасынан басталатынын ескерсек, Қазақстанның болашағы отбасы құндылықтарының сақталуы мен насихатталуына, ең бастысы, жас ұрпаққа от басында берілетін тәрбие мен білімге байланысты екені анық. Әрбір адамның қалыптасуы мен дамуындағы имандылық, ізеттілік пен мейірімділік, ізденімпаздық пен білімділік ата-анасы берген тәрбиемен сабақтас. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының әсіресе, ауыл-аймақта кеңінен дәріптелуі көңіл қуантады. Ұйымдастырушылар осы жылы конкурсқа қатысуға өтініш бергендердің ішінде ауылдық жерлер басым болғанын айтады. Конкурс жарияланған алты жыл ішінде оған 15197 отбасы қатысқан. Олардың жалпы санының 62 пайызы ауылдардан. Қатысушылардың арасында көпбалалы отбасылардың үлесі 38 пайыз. Сонымен қатар, жылдан жылға ұлттық конкурсқа жастар да қызығушылық білдіріп келеді екен.


«Қоғамдағы басты мақсат - Қазақстан халқына еңбек, егемендігін сақтауға қызмет ететін, еліміздің құндылықтарын бойларына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы осы мақсат үдесінен шығып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді. Шындығында, алғашқы жылдармен салыстырғанда, қатысушылардың саны екі есеге дейін көбейді. Алдағы уақытта оның аясын кеңейте отырып, конкурс арқылы еліміздің үлгілі отбасыларын жұртшылыққа дәріптеуіміз керек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында көпбалалы отбасыларды әлеуметтік, экономикалық қолдау, өз отбасылық кәсіптерін ашуына көмек көрсету туралы тапсырды. Биыл қатысушылардың 80 пайызы ауылда тұратын отбасылар болды. Ауылды қолдауға берілген бағдарламалар қазірдің өзінде өз жемісін беруі керек. Байқағанымыздай, ауылда тұратын отбасылардың балаларының білім, спорт саласында жетістіктері өте көп. Олар түрлі деңгейдегі конкурстардың жеңімпаздары. Біз оларға әлі де қолдау көрсетуіміз керек. Жас отбасылар оларды танып, үлгі алулары керек», - дейді ұлттық конкурс туралы өз ойын білдірген ҚР Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен.


Расында, қоғамдағы әрбір отбасы – мерейлі. Отбасының өзінің жазылмаған заңы, ұстанымы, ішкі тәртібі болады. Бүгінгі қоғам баланы жастайынан еңбекке, білімге, өнерге, бәсекелестікке баулуды талап етеді.

Ұлттық конкурсқа Павлодар облысының атынан қатысқан Төлебаевтар отбасын қолдауға барлық балалары мен келіндері, немерелері еріп келіпті. Отбасының отағасы Серік Айтқұлұлы Екібастұз қаласында «Богатырь» кенішінде қызмет атқарады. Ал отанасы Нұрсұлу мәдениет саласының қызметкері екен.


«Бұған дейін бұл конкурсқа қатысатын басқа отбасылардың дайындығына көмек көрсететінмін. Алайда, осы жылы әкімідік біздің отбасына қолқа салып, ұсыныс білдірді. Отағасы Серік те бірден келісе кетті. Облыстық конкурсқа барлығы он екі отбасы қатыстық. Соның ішінен республикаға жолдама бізге бұйырды. Шүкір, балаларымыздың барлығы өмірден өз орындарын тауып үлгерді, ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырдық. Бүгінде олардан немере сүйіп отырмыз. Үлкен ұлым әке жолын қуып, кенші болды. Ал кенже ұлымыз болса, мәдениет саласына мойын бұрды. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің орталық әскери оркестрінің солисті. Келіндерім де шығармашылыққа жақын жандар. Қай ата-ана болмасын, баласына түзу тәрбие беруге тырысады ғой. Біз де солай, балаларымызға үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді, адал болуды, адам болуды үйреттік. Әке-шеше ісімен де үлгі болуы керек. Отбасы сенім мен сезімге, сыйластыққа құрылады. Келіндеріміз біздің отағасы екеуміздің арамыздағы қарым-қатынасқа таң қалып, қызығып жатады. Біздің шаңырақ көтергенімізге 34 жыл болса да, бір-бірімізге үнемі қамқорлық танытып, балаларымызға үлгі болуға тырысамыз. Балаларыма үнемі айтып отырамын, «мені отбасының киесіне айналдырған әкелерің» деп. Отбасында әкенің рөлін көтеру арқылы, баланы дұрыс жолда тәрбиелей аласың. Біздің отбасымыз үшін бұл тарихи күн болды. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!», - дейді марапаттау рәсімінен кейін немерелерімен, балаларымен суретке түсіп, мәре-сәре болып жатқан жерінен біз сөзге тартқан «мерейлі отбасы» Төлебаевтардың отанасы Нұрсұлу Еркебайқызы.


 «Конкурсқа атам үшін қатыстық!»

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазы Тілекқабыловтар әулеті Атырау облысының Индер ауданының Есбол ауылынан. Әулеттің қарашаңырақтағы келіні Нарни Абдоллақызы бұл конкурсқа қайынатасына деген құрмет пен ізет үшін қатысуға бел буғандарын айтады.

- Білесіз бе, конкурс алғаш рет өткізілген 2013 жылы оны теледидардан тамашаладық. Ол кезде қайынатам тірі болатын. Сол уақытта атам мен енем осы конкурсқа қатысса деген арман болды. Оны бірақ ешкімге айтпадым. Біздің әулеттің діңгегінің берік болуы қайынатамның тәрбиесі мен тәлімінің арқасы деп білемін. Оның өмірден өткеніне бес жылға жуық уақыт өтті, ал біз оның даналығын әлі күнге дейін аңыз етіп жүреміз. Жас немерелеріне атасының әрбір сөзін өсиет етіп жеткізуге тырысамыз. Жолдасымның сахнада марапат алып тұрып, көз жасына ерік бергені де сондықтан. Дәл осы күні күллі қазақстандықтарға оның берген тәрбиесін, оның құрған шаңырағын үлгі еткенін көргенінде ғой, шіркін... Бізді әкеміз тәрбиеледі. Тіпті бүгіндегі абысын арасындағы татулық та сол кісінің тәлімінің арқасы деп білемін.


- Нарни ханым, қазіргі жастар арасында шаңырақтың берік болуы үшін, отауыңды оңаша тігу керек деген түсінік қалыптасып келеді. Осыған байланысты қарашаңырақтағы келін ретінде өз айтарыңыз бар ма?

- Мен жиырма жастан сәл асқан шағымда осы әулетке келін болып түстім. Ешуақытта ата-енемнен бөлек енші алып кетуді ойламаппын. Керісінше, біздің отбасы болып кетуімізге олардың көп көмегі болды. Атам менің оқуымды жалғастырғанымды қалады. Сондықтан, оқуымды оқып, дипломымды алдым. Біз жас болған соң, жолдасым екеуміз жұмыстан кейін қыдырғымыз келеді, мұндай сәттерде енем балаларды өзім қараймын, сендер екеуің жұптарыңды жазбай әдемі болып қыдырып келіңдер деп жіберетін. Олар ешқашан балаларды немесе үйдің шаруасын сылтау қылып, біздің бетімізді қаққан емес. Балаларымның тамағын беріп, киімін жуып, сабағын оқытып қоятын. Ата-енемді бірден «папа-мама» деп кеттім. Атам басқа балаларына «сендердің барлықтарыңды бірдей жақсы көреміз. Бірақ шаңырақта отырған ұл-келінге салмақ көбірек түседі. Сәйкесінше, біз де оларға көбірек көңіл бөлеміз. Шаңырақта өскен немерелерге де қамқорлық басқаша болады, оған ренжімеңдер» деп айтып отыратын. Атам мен енемнің арқасында балаларымыз мектепте үздік оқыды, барлық білім, спорт жарыстарына қатысатын. Және бір қызығы, ешқайсысы үйге марапатсыз құрқол қайтпайтын. Бұл олардың тәрбиесіне, сабақ үлгеріміне ерекше ыждағатпен, болашақтарына деген жанашыр махаббатпен қараған ата-енемнің еңбегі.


- Сіз конкурсқа атам үшін қатыстық дедіңіз. Себебі неде?

- Атам Атырау өңіріне белгілі педагог болған адам. Саналы ғұмырын бала оқыту ісіне арнаған. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Мұғалімнен бастап мектеп директоры, білім бөлімінің басшысы қызмет сатыларынан өткен. Ол тіпті зейнет демалысына шыққаннан кейін де бала оқыту ісінен қол үзбеді. Балаларын ғана емес, келіндерін де кітап оқуға машықтандырған сол кісінің өзі болатын. Шәй үстінде жәй ғана әңгімелесіп отырып, біз оқыған кітаптардың мазмұнын сұрайтын. Сосын сол кітап туралы, оның авторы туралы бізбен кәдімгідей әңгіме-дүкен құратын. Мұның өзі біз үшін үлкен мектеп болды. Мен орыс мектебінде сауат ашқан адаммын. Алғаш рет қазақ тілінде «Абай жолын» атамның айтуы бойынша оқыдым. Атам сұрағанда, кітаптағы қазақтың кең даласын, табиғатын суреттеген жерлерін айтып бастайтынмын. Атам менің шорқақтау түсінігімді ерінбей-жалықпай тыңдайтын. Ол шын мәнінде ұстаз болды. Оқушылары үшін ғана емес, әулеті үшін, біз үшін де. Сондықтан мен ол кісінің тәрбиесін ел білсе екен дейтінмін. Үнемі атаммен, енеммен мақтанып жүремін.


- Ата мен келін арасындағы сыйластық қарым-қатынас туралы Зейнеп апамыздан кейін сіз айтып отырсыз-ау деймін...

- Атам келін тәрбиесіне ерекше мән берді. Ол ошақтың ұйытқысы әйел екенін жақсы білді. Сондықтан абысын арасындағы татулық, ағайынды бір-бірінен алыстатпайтынына, ажыратпайтынына көзі жеткен жан деп ойлаймын. Оны атамның қай келіні болмасын, растайды. Зейнеп апам туралы айттыңыз ғой, менің атам келін болып түскенімде «Абай жолынан» кейін Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабын оқуға берді. Күн сайын «Ал балам, бүгін неше бетін оқыдың, не дейді кітабыңда?» деп сұрайтын. Бір күні «Зейнеп апаны Бауыржан ата не себепті «Турчанка» деп атаған?» деп сұрадым. Атам: «Ал енді қарағым, оны өзің ойланып оқып көр» деген болатын. Кітапты оқығаннан кейін мен де өз атам туралы осындай кітап жазсам ғой, шіркін деген ой келді. Бүгін енді ойланып отырсам, осы марапат атамыздың сол бізге сіңірген еңбегіне айтқан алғысымыз секілді.


- Енеңіз туралы көп айтпадыңыз?..

- Енем асыл адам. Егер ол кісі қолдау білдірмесе, біз осындай дәрежеге жетер ме едік?! Атамыз марқұм, анамыздың жақсы жақтарын көбірек дәріптейтін бізге. Шәй үстінде қосағының беделін арттырып, мақтап отыратын. Балаларымыздың тәрбиесімен көбінесе енем айналысты. Бүгінде ол кісінің жасы 82-де, Аллаға шүкір немерелерінің ортасында. Ер адамды сыйлауды сол кісіден үйрену керек деп ойлаймын. Ол кісі күйеуін пір тұтқан адам. Өмір бойы қызметтен қол үзбесе де, үйіңде күйеуі мен балаларының ауқатын пісіріп, киімі мен үй ішін таза ұстайтын. Өмірге 8 бала әкелген. Одан Аллаға шүкір, бүгінде 28 немере, 16 шөбере көріп отыр. Алтын алқалы ана, еңбек ардагері. Балалардың барлығы сол үлкен кісілердің бауырында атасы мен әжесінің балалары болып өсті. Әлі күнге дейін, ол кісінің көзінше балаларымызды «өзімсіне» алмаймыз.


- Өз отбасыңыз туралы да бір ауыз әңгіме айтып кетсеңіз...

- Асхатпен университет қабырғасында жүріп таныстым. Ол тарих факультетінде оқыды, ал мен ағылшын тілі фаультетінде оқып жүргенмін. Біздің ортақ қызығушылығымыз спорт болатын. Екеуміз де үлкен теннис ойнадық. Асхат оқу бітірген жылы бас қосамыз деп шештік. Мен ол кезде әлі үшінші курс студентімін, сондықтан әкем оқуымды бітіргенімді қалады. Бірақ, мен анама Асхаттан қалғым келмейтінін айттым. Мен Оралдың, ол Атыраудың тумасы. Алайда, атам мен келін болып түскеннен кейін бірінші кезекте оқуымды жалғастырып, дипломымды алуыма қолдау білдірді. Шыны керек, мен туып-өскен ауылда орыстар көп болды. Қазақтар жоқтың қасы еді. Сондықтан тіліміз орысша шықты, қазақшаға шорқақтау болдым. Алғаш келін болып түскен жылдары, кейбір қазақша сөздерді дұрыс түсінбеймін, қысылғанымнан «ия» деп басымды изей беретінмін. Мұнымды байқаған атам бір күні: «Қызым, сен ертең оқуыңды бітіріп мектепте жұмыс жасайсың, бала тәрбиелейсің. Сен өте жақсы маман боласың, бірақ қазақ тілін үйренгенің дұрыс. Оның ең оңай жолы, қазақ тілінде кітаптар оқы» деп кеңес берді. Осылайша, мен үйге де, ауылға да сол атамның ақылының арқасында тез сіңісіп кеттім. Отбасында 3 қызымыз, 2 ұлымыз бар. Үлкен ұлым Абылай 7 класта оқып жүргенде спортқа барам деді. Біздің тұрып жатқан ауылымыз шағын. Онда спорт үйірмесі жоқ. Сондықтан, әкесінің рұқсатын алған Абылай бірнеше шақырым қашықтықтағы аудан орталығына жолшыбай көлік ұстап барып келетін. Сол еңбекқорлығының арқасында ол бүгінде әлем чемпионы болды. Үлкен қызымыз Айбибі де мемлекеттік қызмет саласында. Одан кейінгі қызымыз Алтынай мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, қазір дизайнер мамандығы бойынша білім алып жатыр. Суретке бейімділік оған нағашы атасынан берілген шығар деп ойлаймын. Менің әкем де қара қарындашпен көз алдындағы кез-келген бейнені әдемі кескіндейтін. Ұлымыз Айбын биыл он бірінші класс оқып жатыр, ол да «Алтын белгіге» үміткер. Әжесі Айбынның құлағына кішкентайынан «сен қара шаңырақтың иесі боласың» деген өсиетті құйып өсіріп келеді. Тәрбие осылай берілуі керек шығар деп ойлаймын, сонда бала өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігін түсініп өседі. Кенжеміз Айымгүл деген қызымыз биыл 8 класта оқып жүр. Аллаға шүкір, Абылайымыз үйленіп, үйімізде Самал есімді келініміз бар. Бұрын атам «сенің мейірімің кез-келгенді баурап алады» деп айтып отырушы еді. Балаларыма берген мерйімді келініме де беріп келемін. Есті келін келгеніне тәуба дейміз, ұрпақтың сабақтастығы шаңырақ босағасын аттаған келінге байланысты екенін қазір көбірек түсінетін жасқа жеттік.


- Балаларға тәрбие беруде өз тәсілдеріңіз бар ма?

- Балаға ұрыспаймыз, таяқтамаймыз. Керісінше, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін сөзбен ұғындыруға тырысамыз. Тәрбиеге қатысты әңгіме қозғалғанда, күйеуім Асхат туралы айтқым келеді. Асхат әкесінен алған тәрбиені бойына жақсы сіңіре білген азамат. Қыз баланы қонақ деп қадірлейді, оларға қабақ шытпайды, керісінше, төрге отырғызады. Мұны көрген үйдегі ұлдар да әпкелері мен қарындастарына қамқор болуға тырысады. Асхаттың айтқаны балалар үшін заң, үлкенінің әкесіне қырсығып, кішісінің қиқарланғанын көрмедім. Барлығы да әкелерін бір ауыз жауап қатпай тыңдап, айтқанын орындауға тырысады. Асхат қайынжұртта да беделді. Ол тарихшы болғандықтан, өзінің тегін бүге-шігесіне дейін білетін адам. Тіпті менің де ата тегімнің шежіресін өзіме түсіндіріп отырады. Білгенін балаларына үйретеді. Қайынжұрты оған қолға су құйдырған емес, керісінше төрге отырғызып, сый көрсетеді.


- Қайынжұрт демекші, сіз өзіңіздің әке-шешеңіз туралы айтыңызшы. Қанша дегенмен, баланың жақсысы нағашыдан деп жатады ғой.

- Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері болған адам. Анам үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысты. Айтпақшы, менің есіміме таңырқап отырған боларсыз, оның тарихын да осы жерде айта кеткенім дұрыс болар. Әкем Сталинград түбіндегі шайқас кезінде тұтқынға түседі. Кейін тұтқыннан Италия арқылы қашудың жолын табады. Осылайша оларға Италияның Нарни деген қаласында бір орман қорықшысы көмектеседі. Кейін елге оралып, отбасын құрғаннан кейін, оған екінші өмір сыйлаған Нарни қаласының аты балаларының да есіңде сақталсын деген ниетпен маған есім етіп беріпті. Әкем орыс тілінде өте сауатты болатын. Ол өмір бойы бухгалтер болды. Анам да 8 құрсақ көтерген жан. Ол ерекше мейірімді адам еді. Әлі күнге дейін таңғы алтыда тұрып от басында әкемнің таңғы асын дайындап күйбеңдеп жүретін анамның бейнесі көз алдымда. Әкемді жұмысына шығарып салғаннан кейін біз ұйқыдан тұрғанша, пеш түбінде жүннен шұлық тоқып отыратын. Анам тыным таппайтын, еңбекқор болатын. Анам мен тұрмысқа шыққанда, «Ауылдан Асхатпен қолұстасып кеттің, енді тек Асхатпен бірге келесің, жалғыз өзің ауылға шапқылай беруші болма» деп ескерттті. Мен мұны өмір бойы жадыма тоқып алдым. Туған ауылыма жыл сайын Асхат екеуміз бірге барып, бірге қайтып келеміз.


Біз қосылғаннан кейін Индер қаласында тұрдық. Алайда, атам зейнетке шыққан соң, ауыл адамдарының арасына барып тұрғысы келетінін айтты. Енем болса, бізді алып кеткісі келді. Біз ойланбастан, ата-енемізбен бірге жұмысмызды, достарымызды тастап, ауылға көшіп кеттік. Қазір келіндердің ауылдан, қарт әке-шешелерін бағудан бас тартатындары қынжылтады. Білген адамға, бақыт пен берекенің барлығы сол кісілердің алғысы мен батасында. Батаменен ел көгеретінін ұмытпау керек. Біздің күллі қазақстандықтардың алдында мұндай марапатқа кенелуіміздің өзі сол атамыз берген тәрбиенің, анамыз төккен мейірімнің арқасы деп білемін.


Сұқбаттасқан Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.